Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Келер маусымды қиындықсыз өткізу": "Қазақмыс" аймақтардағы энергетикалық нысандардың жөндеу жұмыстарына кірісті

Бүгінде Қарағанды, Ұлытау облыстарында Жезқазған, Балқаш ЖЭО, Топар ГРЭС станциялары белсенді жұмыс істеп, халықты жылу энергиясымен қамтамасыз етіп отыр. Жылыту маусымы әлі де толықтай аяқталмады. Дегенмен келесі жылға қазірден дайындалу станцияның ақаусыз жұмысы үшін өте маңызды. Осыған орай "Қазақмыс" компаниясы аймақтардағы энергетикалық нысандарға толық ауқымды жөндеу жұмыстарын жасауға кіріспек. 

Сурет "Қазақмыс" корпорациясы" ЖШС баспасөз қызметінен

"Қазақмыс" компаниясы қазірдің өзінде бұл мәселе бойынша жұмыс істеуде. Атап айтқанда соңғы бірнеше жылда компания кәсіпорындарды жаңғыртуға 10 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсаған.

Маусымдық міндетін толықтай атқарған Балқаш ЖЭО

Қарағанды облысындағы Балқаш ЖЭО қаланы жылумен де, электр энергиясымен де толық қамтамасыз етеді. Нысан тұрғын үйлерден бөлек, Балқаш учаскесінің барлық өнеркәсіптік кәсіпорындарына да қызмет етуде. Дегенмен ол Қазақстандағы ең көне жылу электр станцияларының бірі болып саналады. Себебі станциядағы жабдықтардың тозу көрсеткіші 69%-ды құрайды. Соған қарамастан мамандардың айтуынша, мекеме қыс ызғарында маусымдық міндетін толықтай атқарған. Осы тұста "Қазақмыс" ЖШС бас инженерінің орынбасары Николай Ижик Балқаш ЖЭО келесі жылға жаңғыртып, жөндеу жұмыстарын жасау жоспарланғанын алға тартты. 

“Бізде жоспар бойынша 2 қазандық қондырғысы мен 3 турбинаға әдеттегі жөндеу, 1 турбина мен қазандыққа күрделі жөндеу жүргізу міндеттелді. Бұл жұмыстарды инвестициялық жоба ретінде жасақтаймыз", – деді Николай Ижик.

Бұл мақсаттарға бөлінген қаражаттың жалпы сомасы 4 миллиард теңгеден асады екен. Негізгі жабдықты – флэш-буландырғышты сатып алу және ғимараттар мен құрылыстарды жөндеу жоспарланған. 

Еш ақаусыз жұмыс істеген "Топар" станциясы

Қарағанды облысындағы тағы бір маңызды электр станциясы "Топар" Абай қаласы мен Топар ауылын жылумен қамтамасыз етіп отыр. Биыл станция еш ақаусыз, апатсыз қалыпты жұмыс істеген. Себебі өткен жылы жүргізілген жөндеу жұмыстары оның үздіксіз қызмет етуіне мүмкіндік берді. Зауытта 16 қазандық болғанымен, күрделі жөндеу жұмыстарын әлі де қажет етеді. ГРЭС-тің пайдалану жөніндегі директоры Александр Бузо станцияға қаржыландыру жұмыстары қажет екенін алға тартты. 

“Құрылыс жұмыстары жүріп жатыр, тапсырма жойылған жоқ. Дегенмен, мәселе болып тұрған тариф бағасының өнімсіздігі мен қаржы. Мәселен, тұрғындар қазір электр қуатына бір киловатт үшін 8,78 теңге төлейтін болса, оның нақты құны бір киловатт үшін он теңге шамасында. Дүние жүзінде ресурс бағасы өсіп жатыр, ал бізде тариф құны қатып қалған. Одан бөлек жөндеуге қажетті метал, арматура бағасы екі-үш есеге қымбаттаған. Бұл станцияның дамуын айтпағанда ағымдағы күрделі жөндеуді жүзеге асыруға мүмкіндігіміздің жоқтығын көрсетеді", – деді Александр Бузо.

Ескірген Жезқазған ЖЭО жөндеу науқаны жүргізіледі

Ал Ұлытау облысындағы Жезқазған ЖЭО-да биыл ауытқулар болмады деп айта алмаймыз. Себебі ол Топар ГРЭС-іне қарағанда 10 жылға ескі. Станция мамандары болған ақауды дер кезінде тізгіндеп ең ұзақ дегенде бір күнде түзеткендерін айтады. Сондықтан биыл жылу беру маусымы аяқтала салысымен жөндеу науқаны жүргізіледі. Қазір мұнда қазандықтардың бірінде жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Ал қалған құрылғылар биылғы жылдың ішінде жөнделіп, жаңартылмақ.

"Қазақмыс" ЖШС бас инженерінің ЖЭО өндірісі жөніндегі орынбасары Ермек Жұмахановтың айтуынша, Жөндеу жұмыстары келер жылы еш кедергісіз жылытуға мүмкіндік беретінін айтады.

Жезқазған ЖЭО-да тозған жабдықтар 67%-ды құрайды. Бұған дейін премьер-министр Әлихан Смайыловтың өзі станцияға тексеріспен келіп, келер жылдың маусымдық дайындығы барысымен танысқан еді. Ол қосымша қазандықты іске қосып, жалпы энергия көзін қайта жаңғырту мәселесімен айналысуды тапсырды.

"Келесі жылыту маусымында биылғы Екібастұздағыдай төтенше жағдайлар болмауы үшін жаңа маусымда ЖЭО-ның тұрақты жұмыс істеуіне қаржы салуымыз керек", – деді Смайылов.