KEGOC 2024-2025 жылғы қысқы-күзгі маусымды сәтті аяқтап, кезекті маусымға дайындықты бастады
Жалпы Қазақстанда жылдан жылға электр энергиясына деген сұраныс артып келеді. 2024 жылы электр энергиясын тұтынудың ең жоғары көрсеткіші 8 желтоқсан күні тіркеліп, 17 203 МВт-ты құрады. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 577 МВт-қа артық. Рекордтық тұтыну жағдайында "KEGOC" АҚ желілері қалыпты режимде жұмыс істеді.
Фото: "KEGOC" АҚ
KEGOC компаниясының қарамағында мыңдаған шақырымды құрайтын жоғары кернеулі электр желілері бар. Дәлірек айтқанда, Ұлттық электр торабын құрайтын ұзындығы шамамен 27 мың шақырымнан астам 220-1150 кВ кернеулі электр желілері мен 83 қосалқы электр станциясы үздіксіз жұмыс істейді. Бұл электр желісінің сенімді жұмыс істеуі үшін компания жыл сайын жөндеу-пайдалану жұмыстарын жүргізеді.
Наурыз мейрамы қарсаңында "KEGOC" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Бақытхан Жазықбаевтың төрағалығымен өткен еңбек қауіпсіздігі және қауіпсіздік техникасы бойынша жиналыста өткен кезеңдегі жұмыстар қорытындыланып, кезекті маусымға дайындық барысы пысықталды.
“KEGOC” АҚ ұжымының үлесімді жұмысының нәтижесінде 2024-2025 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңді ойдағыдай сәтті өткердік. Өздеріңізге белгілі, Қазақстан қатаң континенттік климатымен ерекшеленеді, қысы – суық, жазы – ыстық. Яғни күзгі-қысқы кезең энергетиктердің нағыз біліктілігі мен дайындықтары сыналатын уақыт. Жылдар бойы жинақталған тәжірибе бен білімнің арқасында бұл жолы да сынақты кезеңді сәтті аяқтадық. Бір атап өтерлігі, биыл алдыңғы кезеңмен салыстырғанда технологиялық бұзушылықтар саны 54%-ға азайды. Бұл 39 жағдай 18 жағдайға дейін қысқарды деген сөз. Ал, электр энергиясын толымсыз босату көлемі 2,5%-ға азайды”, – деп атап өтті Бақытхан Жазықбаев.
Биыл да күн жылына салысымен, сәуір айынан бастап KEGOC энергетиктері кезекті жөндеу науқанына кірісті. Әсіресе, Қазақстанның оңтүстік аймақтарында жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.
Фото: "KEGOC" АҚ
"KEGOC" АҚ электр желілерін 2025-2026 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге дайындау үшін биыл 99 электр желісі мен 43 қосалқы станциясы жабдығына жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Жөндеу жұмыстары бекітілген жабдықтар мен әуе желілерін ажырату кестелеріне сәйкес жүргізіледі.
“Біз, ең алдымен, өндірістік қауіпсіздікті арттыруға баса назар аударамыз. KEGOC компаниясында еңбекті қорғаудың тиімді жүйесі құрылған. Оған басшылардың Health & Safety саласындағы жеке жауапкершілігі де кіреді. Бұл жүйе қызметкерлерге қауіпті жағдайлар анықталған жағдайда жұмысты тоқтату құқығын береді. Соның нәтижесінде жарақаттану және өлім-жітім көрсеткіштері айтарлықтай төмендеді. Ал соңғы 15 жылда бірде-бір өрт оқиғасы тіркелген жоқ. Бұл сөзімізге дәлел, соңғы жылдары KEGOC өндірістік қауіпсіздік саласында "Самұрық-Қазына" АҚ портфельдік компаниялары арасында көшбасшылардың қатарында келеді”, – деді Бақытхан Жазықбаев.
KEGOC биылғы жөндеу жұмыстарын қазан айына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Жөндеу жұмыстарының қорытындысы мен кезекті жылыту маусымына дайындығын растайтын паспорт берілетін болады. Ресми құжатты Қазақстан Республикасының уәкілетті органы – Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті табыстайды. Бұл – компанияның қысқы маусымға дайындығын көрсетеді.