Кедейлік пен бақытсыздықты, ауыр дертті жеңген жан: Құралай ханым кім?
Қарапайым мұғалім Құралай Ошақбаева өз ізденісінің арқасында психология саласын зерттеп, өмірін жүз пайызға өзгерткен жан.
Отбасы құндылықтарын дәріптеу арқылы, баққытты болудың кілті әйелде деген келіншек, өз тәжірибесімен бөлісіп, көптеген отбасының бақытты болуына көмектесіп жүр екен.
Stan.kz сайтына сұхбат берген Құралай ханым жетістікке жету жолындағы ізденісі туралы айтты. Қазақ келіншектері жиі тап болатын мәселелердің шешу жолын психологиядан тапқан 6 баланың анасын бүгінде көпшілік жақсы таниды.
Құралай ханымның кеңесінен кейін тұрмысын түзеп, бақытын еселеген жандар да көп екен.
Соңғы кезде Құралай ханым есімі желіде «Жұлдызға» айналды. Әйелдердің көпшілігі сізден кеңес алып отыратын көрінеді. Өмірлерін жақсарту үшін психологиялық көмек көрсетеді екенсіз. Құралай ханым кім өзі?
-Құралай ханым қарапайым қазақтың көп балалаы анасы. Мен осыған дейін келін болып ауылда тұрдым. 6 балам бар. Денсаулығым, әлеуметтік жағдайымызда көптеген проблемалар болды. Соның барлығын осы психологияның арқасында жеңдім деп айта аламын.
Маған елдің барлығы бақытты, өзім ғана елден қалып кеткендей көрінетін. Қазір еңбегім мен ізденісімнің арқасында көптеген жетістіктерге жеттім. Осылайша бақытты болудың жолын өзге әйелдерге ұсынып жүрмін. Менің бойымнан түрлі аурулар тауып дәрігерлер “балалы бола алмайсыз” деген. Күйеуіммен ажырасуға дейін бардық.
Сол кезде өзіме-өзімнің күшім қалай жеткенін білмеймін. Мұғаліммін Алматы облысына қарасты Қарасай ауданында. 20 мың теңге айлығым болды. Содан айына 1000 теңгелік психологиялық кітаптың төртеуін сатып алып, оқып бітіретінмін. Қалай шыдамымды, ақшамды жеткізгенімді өзім де білмеймін.
Психологиялық кітаптар сізді байлыққа кенелтеді деп біреу айтты ма? Әлде өзіңіз еш жоспарсыз немесе психологтың кеңесінен кейін осындай шешім қабылдадыңыз ба?
-Мен бала күнімде баршылықта өмір сүрдім. Ешқашан ақшадан қысылып, аш қалған емеспін. 1990- шы жылдарда бағып-қаққан әкем өмірден қайтты. Тұрмысқа шыққан күйеуім қарапайым жігіт болды. Содан әлеуметтік жағдайымызға көңілім толмады.
Бірінші болып баю туралы кітаптар оқыдым. Кейіннен денсаулығымды жақсарту бойынша психологиялық кітаптарды көптеп іздестіре бастадым. Түрлі кітаптардың арқасында алдымен ойымды өзгерттім, сол ойыма сай өмірім өзгерді. Рухани тазардым. Осыдан кейін маған көптеген жаңа есіктер ашыла бастады.
Сізге бір мысал айтайын, жол ережесін білмеген адамды бір қателіктен кейін не полиция ұстайды немесе қатты соғылып өзі тоқтайды. Өмір де солай. Өмір сүрудің ережесін біліп алсаңыз сіз көптеген есіктерді көре бастайсыз. Адаспай, ұрынбай-соғыспай жүрсеңіз сіз әрі қарай кетебереді екенсіз. Қалауыңыз бойынша көтерілебересіз.
Сізді түрлі аймақтардың қыз-келіншектері лекцияға, тренингке шақырады екен. Ондай жиындарды арнайы ұйымдастыратын адамдарыңыз бар ма? Олар қалай осыншама ең кемі 100, көбі 400 әйел бірігіп бір уақытта бас қоса алады?
-Менің жарнамам да ештеңем жоқ. Мен қарапайым өзім көмектескен әйелдер бойынша мысалдарды желідегі парақшама жазамын. Сол жерден көптеген елдер маған хабарласып, ұсыныстарын айтып жатады.
Тренинг өткізу туралы халық ұсынысынан кейін ойланып, қолға алдым. Бір жылдың ішінде көптеген қалаларда болдым. Соның ішінде Батыс Қазақстан халқына қайран қалдым. Өңірлердің бәрі де жақсы. Себебі менің көмегіме қарапайым келіншектер зәру. Ақтауда қазақылықты жақсы ұстаған екен халық.
Ене мен келін сыйластығы, отбасындағы қазақы тәрбие мен ұстаным деген сынды дүниелер мықты сақталыпты. Менің жұмысым да сол, әр отбасында түсіністік орнату. Адамдарды бірін-бірі түсінісуге, сыйластыққа ене мен келіннің арасын жақсартуға. Қарызға батып, мұң мен қиындықтан шыға алмай тұрған әйелді орнынан тұрғызып жіберу.
Баласы немесе күйеуі ішімдікке салынған отбасын сақтауға көмектесу. Мені осындай қиындықтағы әйелдердің өздері тауып алады. Оларға өз тәжірибемді айта отырып, әрекет етудің жолдарын ұсынамын. Тіпті жарты, бір жылдап күнде ватсаппен сөйлесіп, отбасындағы ауа-райын түзеген жандарға айтарлықтай көмектестім.
-Сіз күйеуі мен әйелдің ара-қатынасын реттеймін дейсіз, өз отбасыңыздағы проблеманы қалай шештіңіз? Әр адам отбасы бақытын қалайды, тренингке бармай осында оқып отырған адамдарға кішкентай болсын кеңесіңізді айтыңызшы.
-Мен тұрмысқа шыққанымда күйеуім екеуіміздің жеке ештеңеміз болмады. Қазір құдайға шүкір, басымызда үйіміз бен кәсібіміз бар. Балабақша аштық, бірнеше дүкенді жалға беріп қойдық. Балаларым жақсы мектептерде білім алып жатыр. Қаласам отбасыммен шетелде демала аламын. Мен үшін осы бақыт. Сондықтан арманы орындалған, бақытты жан деп білемін өзімді. Енді біреулерге бұл көзге ілмейтін құндылық болуы да мүмкін. Күйеуім мектепте төбелесіп жүретін, тәртібі нашар болыпты.
Тіпті мектеп директорының өзі оның өзгергенін көргенде қайран қалды. Сыныптастары меннен сұрайтын «Сені ұратын шығар, ішімдік ішетін шығар» деп. Мен жоқ десем күліп қарайды. Қазір мен күйеуімді Хан көрем. Сыйлаймын, құрметтеймін бәрін жасаймын. Ол мені Ханым көреді. Құрметтеп, ер адам көрсетуі керек сыйластық пен жылуды, махаббаты, қарапайым құрметтеудің өзіне үлкен жауапкершілікпен қарайды.
Балалар бақытты болуы үшін ата-ана бақытты болуы керек. Олар балалар үшін емес өздері үшін бәрін жасап тек көрсетсе, соны көріп өскен бала бақытты болады.Балаларды да еркелету арқылыайтқанды істетіп, қалауыңызға көндіруге болады.
Сұхбатыңызға рахмет.