Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Басқа проблемадан қашу үшін босана береді": Қазақстандық психологтар әлеуметтік жағдайы төмен әйелдердің не себепті көп бала туатынын түсіндірді

Қазақстандық психолог желіде әлеуметтік жағдайы нашар отбасындағы әйелдердің көп бала туатын тенденциясы байқалатынын айтады. Сөзінше, жатырдағы хаос пен өмірдегі қиындықтан қашу үшін әйел бала босануға бел буады. Stan.kz редакциясы не себепті жағдайы нашар, тұрақсыз отбасындағы аналар көпбалалы болуға ұмтылатынын түсіну үшін психологтардың пікірін тыңдап көрді. 

elmira.kabdol Tiktok-парақшасынан скриншот

Дамымаған, кедей елдерде экономикасы мықты елдерге қарағанда туу көрсеткіші өте жоғары. Мысалы Африка елдерінде, соның ішінде Нигерияда 1000 адамға шаққанда 46,3 баладан, Сомалиде 42 баладан келеді. Ал дамыған елдерде, соның ішінде Италияда 1000 адамға 7,6 баладан, Оңтүстік Кореяда 7,5 баладан келеді. Қазақстанда да осы тенденция байқалған. Кедейлік деңгейі ең жоғары Түркістан облысы бала туу көрсеткіші, көпбалалы отбасылар саны бойынша көш бастап тұр.

Proceedings of the Royal Society ғылыми журналына жариялаған ғалым Хейди Коллеран мақаласында кедей елдерде бала туу көрсеткішінің жоғары болуын білім деңгейімен, контрацепциялық қорғану заттарының қолжетімді болмауымен байланыстырады. Алайда оның психологиялық түсіндірмесі де бар. 

Психолог Эльмира Қабдол отбасында тұрақсыздық, проблема бар әйелдер бала туа беретінін айтады. Алайда ол үшін әйелдерді сынамау керек екенін және оның бейсаналы түрде себептері барып түсіндірді. Психолог өзі де 4 баланың анасы екен, бірақ ажырасып кетіпті.

“Жатыр – әйелде эмоциялық тұрақсыздық жасайтын ағза”

“Күйеуі лудоман, нашақор, жұмыссыз болса да, туа беретіндер бар. Отбасындағы мәселеге шағымданса, неге онда туа бересің?” деп оларға ұрысады. Ана оған жауап бере алмайды. Себебі саналы түрде мұндай жағдайда бала босану тәуекелге бару екенін түсінеді. Бірақ бейсаналы түрде соны қалайды”, – деді маман.

Айтуынша, барша әйелде эмоциялық тұрақсыздық жасайтын, үнемі көңіл-күйін құбылтып тұратын ағзасы бар, ол – жатыр. Жатыр гормон секірісі арқылы әйелдің миында хаос тудырады, содан көңіл-күйі құбылып отырады. Ал оның үстіне отбасылық проблемалар қосылса, одан сайын санасын мазасыздық билейді.

“Шетелдік психолог-философ Арестовичтің айтуынша, жатыр арқылы басқа әлемнен жаңа адам дүниеге келеді. Демек жатырдың ғарыштық деңгейде бір құдіреті бар. Ол бізді құбылтып тұрады. Ер адамдар бір күн әйел денесінде өмір сүріп көрсе, гормон секірісіне шыдай алмас еді. Біз өте көңілшекпіз. Осы эмоцияға берілмей, өзімізді барынша ұстауға тырысамыз. Осы гормон кесірінен іште хаос болып жатқанда, отбасылық немесе басқа да сыртқы хаос жиналса, әйел одан сайын жүйкесі тозады”, – деді маман.

“Бала туса, басқа проблемаларын елемейді”

Сөзінше, бала – ананың осы хаосты реттеу жолы. Әйел сыртқы хаостан шаршаса, ішкі хаосты баламен бітейді.

“Ішкі, сыртқы хаосты реттей алмай, іштегі қуысты жабу үшін бейсаналы түрде жатырға бала бітіреді. Сол кезде жатыр тынышталады. Сыртқы хаосы, мәселесі реттелмесе де, ішкі хаос жабылып, сабырлы болады. Осы күй жадында тыныштық ретінде сақталып қалғандықтан, ми сол күйге оралғысы келеді, осы баланста қалуға тырысады”, – деді Эльмира Қабдол.

Маман сәбидің қылықтары мен еркелігіне тамсанған анада эндорфин (бақыт гормоны) бөлінеді дейді. Ал эндорфин бөлінген кезде басқа проблемалары еленбей қалады.

“Бала өседі, қылықтары бұрынғыдай тәтті болмайды, сол үшін бақыт гормонын олай сезінбейді. Сәйкесінше проблема көбейе береді, оған мән беріп, ашуланады. Ал ми енді босанған сәтіндегі бақытты күйді сақтап қалған, "бала туған кездегі күй жақсы еді" деп аңсап, “тағы туу керек” деген сигнал береді”, – деді психолог.

“Ана” атану арқылы өз маңызын көтергісі келеді”

Сондай-ақ баланы өзін-өзі жоғары бағалап, құндылығын көтеру мақсатында туатындар да болады дейді. Әсіресе үйде отырған, белгілі бір салада жетістікке жетпеген немесе өзінің орнын таппадым деп санайтындар “ана” болу арқылы өзін толыққанды сезіне алады. Немесе өмірдегі жетістігін бала туудан іздейді, сол арқылы сәтсіздігін, өзін ақтап алады.

“Өзін қоғамға пайдалы, біреуге қажет сезіну үшін көп бала туады. Сонда “бала бағып жатырмын” деп өзінің құндылығын көтереді, “қажет” сезінеді. Себебі нәресте анаға өте тәуелді болады. Ал 3-4 жастан кейін бала балабақшаға барып, қоғаммен араласады, анадан ажырайды. Анаға қатты мұқтаж емес бола бастайды. Ал ана өзінің маңызын арттыру үшін тағы туады”, – деді ол.

Психологтың сөзінше, бақуатты отбасылардағы әйелдер балалы болуға аса ұмтылмайды. Себебі олар эндорфинді басқа дүниелерден іздей алады.

“Жағдайы тұрақты, табысты, білімі жоғары жанұяларда хаос жоқ, әйелге жатырды бітеу керек емес. Ол, керісінше, бала туғаннан кейін тыныштық күйі бұзылып, көп энергиясын балаға арнау керегін түсінеді. Ондай шешімге саналы түрде келеді”, – деді Қабдол.

Ол көпбалалы аналарды кінәламауға, сынамауға шақырды, керісінше түсіну керек дейді.

“Маған “3 балам бар, күйеуім абьюзер, ал бәрі неге тудың деп ұрысады” деген шағыммен келетін келіншектер бар. Олар саналы түрде мұндай жағдайда босану қажет емес екенін біледі. Ол шешіміңіз үшін өзіңізді кінәлі сезінбеңіз, сіз ақымақтықтан, жануар инстинкті үшін емес, ішкі күйіңізді реттеп, хаосты басу үшін босандыңыз”, – деді маман. 

“Бала – антидепрессант”

Психоаналитик Мейіргүл Бимағанова да Эльмира Қабдолдың идеясымен келіседі. Сөзінше, әлеуметтік жағдайы төмен әйелдердің бала тууға деген ұмтылысын депрессиямен байланыстырады. Отбасылық проблемалар, бала күнгі ішкі жарақат, қаржылық қиындықтар депрессияға себеп болуы мүмкін. 

“Жағдайы мәз болғанына қарамай, көп бала тууға шешім қабылдайтын әйелдер өмірінде кем-кетік барын біледі. Сол кемшілікті бейсаналы түрде баламен толықтырғысы келеді. Осылайша ми проблеманы шешкендей сигнал береді”, – деді психоаналитик.

Сөзінше, депрессиядағы әйел үшін баланың қылықтары, түрлі әрекеті, былдыры – антидепрессант.

“Сәбиге қарап, басқа проблеманы бұғаттайды. Оның үстіне нәресте анаға толық тәуелді, соған қарап, ана толық үстемдігін сезінеді. Бұл да рахат сезімін оятуы мүмкін. Сол үшін бейсаналы түрде дене жүктілікті тартады”, – деді Мейіргүл Бимағанова.

Талқылау