Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Kcell жаңа антенналары арқылы проблемалық аймақтардағы интернет сапасын жақсартпақ

Kcell жаңа антенналары арқылы проблемалық аймақтардағы интернет сапасын жақсартпақ.

Алматы мен Астанада ұялы байланыс операторы интернетті жақсарту үшін жаңа жабдықтарды орнатуда. StreetMacroCell - қуаты аз шағын антенналар. Олар 4G байланысы арқылы интернет сигналында қиындықтары бар аймақтарға орнатылатын болады. Болашақта құрылғылар 5G байланысымен қамтылмақ.

Олардың артықшылығы – тез орнатылады. Салмағы аз, өлшемі кішкентай, сондай-ақ қолданыстағы дайын құрылымдарға да қосылады. Тіпті қарапайым тіректерге немесе жарықтандыру тіректеріне де енгізуге болады. 

Мұндай антенналар қыркүйек айында Алматыдағы Әл-Фараби даңғылының бойында, сондай-ақ Астана қаласындағы Capital Park тұрғын үй кешенінде пайда болған.

“Алматыдағы Әл-Фараби даңғылындағы кептелістің кесірін көбіміз білеміз ғой. Есіл уақыт жолға қараумен өтіп кетеді. Қырсыққанда мұндайда байланыс та нашарлап кетеді. Себебі желіге жүктеме артады. Бұл аймақты қамтитын базалық станциялардың мүмкіндігі час пикте әсіресе әлсіреп кетеді. Осы мәселені ескеріп, біз қозғалысы көп даңғылдардың біріне жаңа үлгідегі антенна – StreetMacroСell құрылғыларын орната бастадық. Енді алдағы уақытта бұл құрылғылардың 5G байланысындағы үлгісін қоятын боламыз”, – деді "Kcell" АҚ Басқарма төрағасы Асхат Өзбеков.

Бұл орындар кездейсоқ таңдалмаған. Жол кептелісі кезінде, қарбалас уақытында мұндай аймақтарда сигнал тарату бойынша қиындықтар туындайды. Сондықтан, StreetMacroCell антенналарын орнату өте маңызды.

Құрылғы тіпті ең жоғары жүктеме сағаттарында да аймақты жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ете алады.

Алматы, Астана және Шымкент қалаларында шведтік Ericsson өнімінің тағы 15 көше құрылғысын орнату жоспарда бар.

Талқылау