Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қоғам үшін тиімді келісім": Kcell 5G ауқымын кеңейтуде әлемдік ірі компаниямен ынтымақтастығын нығайтуға ниетті

Еліміздегі ірі ұялы байланыс операторы Kcell абоненттеріне 5G желісін барынша қолжетімді ету үшін тынбай еңбек етуде. Осы тұста әлемдік ірі серіктесі Ericsson компаниясымен жұмысын  нығайтуға ниетті. 7 жылдық ынтымақтастықты көздейтін келісімді бекіте отырып, қос компания (5G RAN) радиоқолжетімділік арқылы бесінші буын технологиясын еліміздің өзге де қалаларында орнатып, ауқымын кеңейтуді көздеп отыр. 

Kcell мен Ericsson-ның табысты ынтымақтастығына 25 жыл толды. Осыған орай екі компания да әріптестік келісімді қайта нығайтуға ниеттестіктерін білдірді. 
Атап айтқанда, 2023 жылдан 2030 жылға дейін жүзеге асырылатын серіктестік аясында екі ұйым да инновациялық жобаларды ынталандырып, экономикалық өсу қарқынын арттыру және елдің технологиялық инфрақұрылымын нығайту үшін бірлесіп жұмыс істеуді көздейді. Сәйкесінше,  5G орнатуда қажет болатын сапалы радиожиілікті Kcell-ге Ericsson компаниясы жеткізуді жоспарлап отыр. 

"Kcell" АҚ Басқарма төрағасы Асхат Өзбековтың айтуынша, енді маңызды облыстардан бөлек, ауыл мен қалалық жердегі кең жолақты ұялы байланыс сапасы да жақсара түспек.

Басқарма басшысы Ericsson-ның осы салада құрылғы өнімдерімен қамтамасыз ететін әлемдік ірі компаниялардың үштігіне кіретінін алға тартты.

"5G-ге көшу технологиялық платформаларды құруға мүмкіндік береді. Бүгінде Астана, Алматы, Шымкент қалаларында 5G жұмыс істеуде. Ал жыл соңына дейін барлық облыс орталықтарын бесінші буын технологиясымен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Оператор цифрлық қызметтерді енді анағұрлым жылдам әрі алуан түрлі етпек. Ericsson-мен ынтымақтастық бізге осы мүмкіндіктердің барлығын тиімді және үйлесімді түрде жүзеге асыруға мүмкіндік береді”, -деді Асхат Өзбеков.

Оңтүстік-Шығыс Жерорта теңізі және Еуразия аймағындағы Ericsson басшысы Андреа Миссори бұл серіктестіктің Қазақстанның жаһандық телекоммуникациялық инновацияда алдыңғы шепке шығып, дамуында үлкен рөл атқаратынын алға тартты. 

“Қазақстан бүгінде қарқынды дамып келе жатқан ел. Осы тұста 5G желісін орнату мәселесінен бұрын сымсыз желінің тиімділігін атап өткім келеді. Мәселен, әуежай, көлік қозғалысы, теміржол жұмысы сияқты өзге де салалар мен күнделікті қозғалыста сапалы желінің маңыздылығы артып келеді. Осыған орай екі компания да экономикалық өсім, технологиялық ілгерілеу мен қоғамның дамуына ықпал ете отырып, 5G технологиясы мен қызметтерін енгізуді жеделдету үшін нәтижелі жұмыс істейді”, – деді Андреа Миссори.

Осы тұста "Kcell" АҚ басшысы Асхат Өзбеков 5G желісінің бизнесті қоса алғанда, цифрлық трансформацияның негізгі құрылымы болатынын жеткізді. Сол себепті тек ұялы байланыс операторларының желісінде ғана емес, кабель тартуға мүмкіндігі жоқ сәулет жағынан ыңғайсыз аймақтарда мәселенің шешімі ретінде қарастыруға болады.

Ericsson-ның Орталық Азия, Моңғолия, Әзірбайжан аймақтарындағы және “Эриссон Қазақстан” ЖШС бас директоры Айдын Әбжанбеков те Kcell-дің бесінші буын технологиясы тез қызмет пен жайлылықты қамтамасыз ететінін қоса кетті. Айтуынша, бұл адамдарға уақытты үнемдеп, табысын ұлғайтуына үлкен мүмкіндік береді.

“Біздің компания "Kcell"-ге 5G RAN мен транспорттық жүйе құралдарын жеткізбек. Бұл қоғам үшін тиімді келісім болатынына сенімдімін. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын жұртшылық такси қызметін пайдалану үшін қоңырау шалып, ұзақ уақыт мекен-жайды түсіндіріп, кейін оны табуға көп уақыт жұмсайтын. Бүгінде мұның бәрі тез әрі ыңғайлы бағдарламалар арқылы іске асады. Енді ойлап қарасақ, қоғамда осы такси қызметін, онлайн тапсырыстарды және тағы басқа қызметтерді орындауда сапалы сымсыз желінің маңызы зор. Ол өмірді жеңілдетіп, адамдардың тіршілік сапасын жоғарылатады. Осылайша бұл көпшілік үшін уақытын үнемдеп, табысын ұлғайтуға үлкен мүмкіндік береді”, – деді Айдын Әбжанбеков.

Kcell компаниясының техникалық бас директоры Кирилл Страшенко 5G орнатудың негізі SingleRAN (бірыңғай радио қолжетімділік желісі) тәсілін енгізу екенін қоса кетті. Айтуынша, SingleRAN арқылы барлық базалық станция біркелкі жұмыс істейді. Бұл тәсіл қолданыстағы 2G, 3G және 4G инфрақұрылымын 5G технологиясымен біртіндеп біріктіруді көздейді, соның арқасында желілік ресурсты тиімді пайдаланып, жаңа технологияға көшу жеңілдейді.

Ericsson – байланыс провайдерлері мен кәсіпорындарға қосылымды толық пайдалануға мүмкіндік беретін әлемдік компания. Оның акциялары Стокгольмдегі Nasdaq және Нью-Йорктегі NASDAQ биржаларында тізімделген.

Екі компания басшылары Алматы қаласында ресми түрде ынтымақтастықты нығайтуға негізделген ниетттестік келесіміне қол қойды. Бұл өз кезегінде желілерді дамытуға қажетті құрылғыларды үздіксіз жеткізіп, орнату ісінде өзіндік кепіл болмақ. 

Талқылау