Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Kcell 5G-дің көмегімен марафонның форматын өзгертті

5G стандартының мүмкіндіктерін елдің ірі ұялы байланыс операторы Kcell жаңаша тәсілмен көрсетті. Астана мен Түркістанның жүздеген тұрғындары мен қонақтары арнайы ұйымдастырылған "5G KcellRun" ауқымды марафонында 5G-дің жылдамдығы және сапасын тағы да бағалауға мүмкіндік алды. Дәл осы технология екі қаладағы марафоншыларды телекөпір арқылы байланыстыруға мүмкіндік берді. Аймақаралық марафон еш кідіріссіз тікелей эфир режимінде өтті. Осылайша Kcell өзінің ерекше бастамасымен компанияның 25 жылдық мерейтойына арналған іс-шараларды бастады.

Kcell компаниясының 25 жылдық мерейтойына арналған алғашқы осындай технологиялық марафонына екі қалада бір уақытта мыңнан астам спорт әуесқойлары мен салауатты өмір салтын ұстанушылар қатысты. Қыркүйектің соңғы күні сенбіде таңертең әртүрлі жас санаттары бойынша бөлінген спортшылар елордадағы Ботаникалық бақ пен Түркістандағы "Жібек Жолы" саябағының аумағы бойынша 5 немесе 10 шақырым қашықтық бойынша азара бақ сынады. Сонымен қатар марафонға қатысушылар өз күштері мен мүмкіндіктерін сынап қана қоймай, уақыттарын қызықты әрі көңілді өткізе отырып, қомақты жүлдені жылдам жеңіп алу мүмкіндігіне ие болды. Айта кету керек жалпы жүлде қоры 10 миллион теңге. 

"Kcell қашанда біздің әлеуетті клиенттеріміз үшін елдегі үздік технологиялық және инновациялық компаниялардың бірі ретінде қабылданып келеді. Сол себепті де марафонды ерекше форматта өткізуді ойладық. Бас қаламыз Астана мен Рухани Астанамыз Түркістанды 5G көмегімен телекөпір арқылы қосып, бір мезетте жарысты бастап кетуді ұйғардық.  Өздеріңіз білетіндей, Tele2/Altel-мен бірлесіп республикада бесінші буын желілерін жан-жақты дамытып жатырмыз, қазірдің өзінде 350-ден астам базалық станцияларды орнаттық. Қазіргі уақытта 5G-ге астаналықтар, алматылықтар және шымкенттіктерден басқа, Түркістан, Қостанай, Қарағанды және Семей, Орал тұрғындары қол жеткізді", –  деп атап өтті "Кселл” АҚ Басқарма төрағасы Асхат Өзбеков марафонды бастау кезінде.

Асхат Өзбеков

Оның айтуынша, Kcell бүгінде екі негізгі бағыт бойынша дамуда. Бұл – желілік инфрақұрылымды жаңарту және жаңа буын желісін дамыту, екінші бағыт жай ғана мобильді оператор болып қалмай, Fintech, IoT сияқты жаңа салаларға шығып, экожүйені кеңейту. Ширек ғасыр тарихы бар Kcell тек дауыстық хабарлама мен SMS жіберу қызметін ұсынатын компаниядан бүгінде мультиөнімдік телеком-оператор деңгейіне шықты. 25 жылдық мерейтойын шуға толы мерекені өткізуден гөрі, абоненттер мен халыққа пайда әкелетін әлеуметтік және ESG жобаларына басымдық бермек. 

Бір-бірінен бір жарым мың шақырым қашықтықта орналасқан Астана мен Түркістан арасындағы телекөпір режимінде берілген бейнежазбалардың сапасы да көпшілікті таңғалдырғаны анық,  әртүрлі қалаларда емес, көрші көшелерде болып жатқан көрініс сияқты әсер қалдырды. Жоғары сападағы бейнежазба әсері елордада да, Түркістанда да марафоншылардың шабыттануына және марафонға ынты-шынтысын салып қатысуына жігер бірді. 

"Марафон сәтті өтті және бұл керемет тәжірибе болды. Жарыс кезінде таза ауадан ләззат алып, өзімді сергек сезіндім. Бұл марафон 5G технологиясын қолдана отырып өткізілді. Бесінші буын жоғары жылдамдықпен байланысты екені белгілі. Бүгін біз бұл жоғары жымдамдықтағы желіні өз қызығушылығымызда қолдандық, бұл марафонды қызық әрі тиімді ете түсті, – деді астаналық марафонға қатысушы Дамир Сейсембеков.

Дамир Сейсембеков

Нәтижесінде 10 шақырымдық жарыстың мәре сызығын бірінші болып Балтабек Әлімжан, әйелдер арасында Елемесова Гүлнұр кесіп өтті. 5 шақырым қашықтықта Ева Пинчук, ал ерлер арасында Дмитрий Адамович чемпион атанды.

Еске сала кетейік, өткен жылдың желтоқсан айында Kcell радиожиіліктерді тарату аукционының жеңімпазы атанды және конкурс шарты бойынша  2027 жылға дейін бүкіл ел бойынша 7 мыңнан астам 5G базалық станциясын орналастыруы тиіс. Мобильді оператор сарапшыларының бағалауы бойынша, 2027 жылға қарай Қазақстан халқының шамамен 80%-ы жаңа буын байланысына қол жеткізе алады. Ал 5G индустриясы экожүйесінің кезең-кезеңімен дамуы республикадағы ұялы байланыс ландшафтын өзгертіп қана қоймай, бірегей цифрлық мүмкіндіктердің пайда болуына, инновациялар мен технологиялардың дамуы есебінен ел экономикасы мен халықтың өмір сүру сапасына және барлық саладағы трансформациялық процестерді жеделдетуге  айтарлықтай әсер етеді.

Талқылау