Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ҚБТУ-дағы Алматы энергетикалық форумы: ЖЭК жобаларына инвестицияларды қалай тартуға болады?

6-8 қараша аралығында ҚБТУ алаңында Орталық Азия елдері министрліктерінің өкілдері, энергетика саласының сарапшылары, халықаралық ұйымдар, БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясы және тағы да басқа өкілдердің қатысуымен энергетикалық саланы жеделдету мәселесі бойынша жиын өтті. Мұнда көміртекті бейтарап және тұрақты энергетикалық жүйелерді құру тақырыптары көтерілді.

Жиында БҰҰ Азия және Тынық мұхиты үшін экономикалық және әлеуметтік комиссиясы (ЭСКАТО) және Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасы (БҰҰДБ) болды.

Диалогқа қатысушылар өңірлік ынтымақтастықты ілгерілетуге, техникалық әлеуетті қолдауды қамтамасыз етуге және Орталық Азия елдеріне инновацияларды енгізуге, өздерінің өңірлік инфрақұрылымын жаңғыртуға көмектесуге ниет білдірді. Олар қауіпсіз, қолжетімді және нөлдік көрсеткіштерді қамтамасыз ететін тұрақты энергетикалық жүйелерді құруға шақырды.

Көміртекті бейтарап және тұрақты энергетикалық жүйелерді құру БҰҰ ЕЭК бүкіл өңірінде ортақ мақсат. Бүгінде жалпы аймақтық декарбонизацияны жүзеге асыру бойынша шаралар қабылдануда. Алайда қазіргі Климаттық модельдер ұлттық анықталған жарналар (NDC) жаһандық жылынуды Цельсий бойынша 1,5-2 градусқа дейін шектеу жөніндегі Ұжымдық жаһандық мақсатқа сәйкес келмейтінін көрсетеді.

"Жақында біз шығарындылардың нөлдік пайызына жетудің технологиялық және саяси нұсқаларын анықтайтын көміртекті бейтараптық құралдарын қайта іске қостық. Бұл құралдар жинағы 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму күн тәртібін және Париж келісімін жүзеге асыру бойынша негізделген шешімдер қабылдауға көмектесу үшін арнайы директивалық органдарға арналған. Осы платформа арқылы біз елдерге тұрақты және көміртекті бейтарап энергетикалық жүйелерді дамытуға көмектесеміз", – деді БҰҰ ЕЭК Тұрақты энергетика бөлімінің директоры Дарио Лигути.

Дарио Лигути соныменм қатар, 28 қазанда Костенко атындағы шахтада болған қайғылы оқиғаға көңіл айтты. Ол БҰҰ ЕЭК-те шахталық метан және ЕО-ның біртіндеп ауысуы бойынша сарапшылардың арнайы тобы бар екенін алға тартты. Сонымен қатар, бірқатар есептер әзірлеп, метанды тиімді бөлу және оны көмірде пайдалану бойынша ең жақсы тәжірибе бойынша нұсқаулық жасалғанын сөз етті.

Форумда ҚР Энергетика министрлігінен вице-министр Жандос Нұрмағанбетов сөз сөйледі.

 "Бізде 2060 жылға дейінгі көміртекті бейтараптық саясаты қабылдағандықтан, барлық үкімет осы бағытта табысқа жету үшін түрлі тәсілдерді мұқият енгізуде. Біз бес жылдық жоспар жарияладық. ЖЭК (Жаңартылған энергия көздері) жобаларына тендерлер өткіземіз. Энергия көздерінің өсуі 0-ден жүздеген мегаваттқа дейін болады деп күтілуде. Бұл бағытта бізге Азия Даму Банкі және ЕҚДБ сияқты қаржы институттары көмектеседі. Инвестициялардың үлкен саны энергиямен жабдықтауды жаңғыртуға, жоғары кернеулі дәліздерді құруға бағытталатын болады. Нарықты теңестіретін заңнамалық бастамалар іске қосылды",- деді Жандос Нұрмағанбетов.

АЭФ ашылуында БҰҰДБ және Орталық Азия Еуропалық бюросының табиғат, климат және энергетика жөніндегі өңірлік тобының жетекшісі Лаура Альтингер тұрақты энергетикалық жүйені құрудың күрделі міндет екенін тілге тиек етті.

“Әр ел өзінің табиғи ресурстар қоры мен реттеу құрылымын ескеруі керек. Барлық төмен және нөлдік көміртекті технологиялар өз рөлін атқаруы керек және әрбір ел Тұрақты энергетикалық жүйені жобалап, енгізу және климаттық мақсаттарға қол жеткізу үшін өзінің технологиялық жолын таңдай алады", - деді ол.

Қазақстан-Британ техникалық университетінің ректоры Маратбек Габдуллин ЖОО мен жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулер үшін бұл жиынның маңыздылығын атап өтті. Айтуынша, ҚБТУ материалтану және жасыл технологиялар мектебі академиялық және практикалық зерттеулер үшін күн панельдерін шығарады. 

"Кембридж университетінің" Кавендиш " зертханасы мен әлемнің жетекші ғалымдарының бастамасымен жаңа асқын өткізгіш материалдармен жұмыс жүргізу маңызды. Сондай-ақ, біз БҰҰДБ-мен жаңартылатын энергия көздерін дамыту және ілгерілету бойынша жұмысты жалғастырамыз. Сондықтан форумның қорытындылары бірқатар ұсынымдар әзірлеуге, Орталық Азия өңірінің тұрақты энергия жүйелерін құру үшін өңірлік ынтымақтастық пен кооперацияны күшейтуге бағытталған іс-қимылдың одан әрі жоспарын қалыптастыруға мүмкіндік береді", – деді Маратбек Габдуллин.

Келесі күні семинарлар өткізіліп, қорытындылар шығарылды. Панельдік сессияларға қатысушылар COVID-19-дан кейінгі дағдарыстарды, жаһандық өсудің баяулауын, шикізат бағасының жоғарылауын және қаржы секторындағы сілкіністерді ескере отырып, ТДМ-7 жол карталарын әзірлеу туралы мәселені көтерді. Сондай-ақ көміртегі бейтараптығын енгізу бойынша өткен жылдардан алынған сабақтардың тәжірибесімен бөлісті. 

Биыл іс-шараға Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан энергетика саласы министрліктерінің, халықаралық ұйымдардың, қаржы секторының, ғылым мен академиялық топтардың өкілдері және әртүрлі елдерден 200-ден астам қатысушы жиналды.

Талқылау