Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ҚазҰУ-дағы жер дауы: Жекеменшікке өтіп кеткен учаскеге бизнес орталық салынып жатыр

Әл-Фараби атындағы университеттің жекеге өтіп кетті деген жер теліміне 9 қабатты бизнес орталығы салынып жатыр. Құрылысты жүргізуге осыдан 4 жыл бұрын рұқсат берген. Қаланың Урбанистика басқармасы басшысы осылай деп мәлімдеді. Ал қалалық жер қатынастар басқармасы 2017 жылы әкім Бауыржан Байбектің тұсында бұл аумақты жеке компанияға уақытша ғана пайдалануға қаулы шыққан айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

"Аумағы шамамен 800 шаршы метрді құрайтын бұл аумаққа 2017 жылы Алматы қаласы әкімдігінің қаулысымен "Omirex" деген жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне уақытша пайдалануға рұқсат берілген. Одан кейін оның атауы "Аркада Impex", енді "Atlas Devopment" болып өзгерген.

Ең қызығы, уақытша пайдалануға берілген жер тілеміне қазір 9 қабатты ғимараттың салынып жатыр. Нысанның паспортына сәйкес, былтыр басталған құрылыс келесі жылы пайдалануға беріледі. Бір шеті әл-Фараби даңғылына, екінші жағы "Есентай моллға" жанасып тұрған бұл жерде бизнес орталығы бой көтеретіні анық, дейді әкімдіктегілер. Ал құрылыс жүргізуге 4 жыл бұрын қалалық кеңесте рұқсат беріліпті.

"Ол жерде жеке тұрғын үй болмайды. Әкімшілік ғимарат екенін білеміз. Мүмкін дүниежүзінде жүрген бір фирмаларды орналастыратын шығар сонда", - деді қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов.



Алмасхан Ахмеджанов паркингте 500 автокөлік тұрағы болатын, 9 қабатты ғимараттың сауда үйіне айналып кетуі де мүмкін деп отыр.

Ал 2017 жылы Алматы қаласының әкімі болған Бауыржан Байбек, блогер Тәңірберген Бердоңғаровқа берген сұхбатында әл-Фараби жақтағы жерлер ешқашан мемлекеттің меншігінде болмағанын мәлімдеді.

Сонымен қатар ол дәл осы аумаққа жақын орналасқан жерді "Есентай сити" тұрғын үй кешенін салуға рұқсат берді деген ақпарат та жалған деп отыр.

"Ол жерлер "Казкомерцбанктің" иелігінде. Сондықтан жекеден жеке компания алып әрі қарай құрылыс жүргізуде", - деді Алматы қаласының экс-әкімі.

Неліктен жергілікті әкімдік жекенің жеріне қатысты қаулы шығарған деген сұраққа, "Алматыбасжоспар" ғылыми-зерттеу институтының басшысы Жанат Айтілеу, тек жер телімінің пайдалану құқығы өзгерген жағдайда ғана бұл құжаттың қажет екенін айтты.

Бас прокурордың тікелей қарауындағы бұл іске әлі нүкте қойылған жоқ.

Еске сала кетсек, ҚазҰУ-нің жері сатылып жатыр деген мәселені қоғам белсенділер көтерген болатын. Кейін жер учаскесінің азаю фактісі расталды.

Талқылау