Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"ҚазМұнайГазға" құны 1,6 миллиард тұратын чартерлік рейстер не үшін қажет – Ұлттық компания жауап берді

"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы чартерлік рейстерді ұйымдастыру қызметтерін не үшін сатып алатынын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: newswest.paxeditions.com

Ұлттық компанияның хабарлауынша, чартерлік рейстерді ұйымдастыру қызметі бес жылдық кезеңге есептелген, яғни 2024 жылдан 2028 жылға дейін.

"ҚазМұнайГаз" компаниясы коммерциялық және өндірістік мәселелерді жедел шешу үшін, соның ішінде төтенше жағдайлар кезінде тұрақты жолаушылар рейсі болмаған сәтте чартерлік рейстерді пайдаланады. Іссапарлар күтілетін және алдын ала жоспарланған жағдайларда компания Air Astana, SCAT, Qazaq Air және басқа да бірқатар әуе тасымалдаушыларының тұрақты рейстерінің қызметтерін, сондай-ақ жолаушыларды теміржол көлігімен тасымалдау қызметтерін пайдаланады", – делінген хабарламада. 



Осы мақсаттарға "ҚазМұнайГаз" бес жылдық кезеңге 1,6 миллиард теңгені жоспарлаған. Бұл ретте ұлттық компания чартерлік қызметтерге ақы төлеу оларды көрсеткен кезде жүзеге асырылатынын атап өтті.

"Басқаша айтқанда, чартерлік рейс қажет болмаса, "ҚазМұнайГаздың" қаржылық ресурстары игерілмейді", – деді компания.

Айта кетейік, бұған дейін Прокуратура "Қазмұнайгаз" бен Нұрсұлтан Назарбаев қорын сотқа бергені туралы жазған едік. 

Прокуратура 2018 жылы "Қазмұнайгаз" және Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру қоры арасында жасалған "Қазақстан-Британ техникалық университеті" АҚ-ны сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тануды сұрап, сотқа берді.

2000 жылы университет елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Ұлыбританиямен уағдаластық бойынша құрылған еді. 

Талқылау