Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өз-өзіне қол салмақ болып, аман қалған қыз бұл қадамға не итермелегенін айтып берді

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметі бойынша, Қазақстанда 2023 жылдың қаңтар-қазан айларында өз-өзіне қол жұмсау оқиғаларының жалпы саны 3,4%-ға өсті. Оның себебі ретінде психологтар көбіне отбасындағы түсініспеушілікті атайды. Осы ретте суицидке барып, аман қалған 22 жастағы Анельдің (кейіпкердің өтінішімен есімі өзгертілді) оқиғасымен бөліспекпіз. Ол бұл қадамға не итермелегенін және қиын жағдайдан кейінгі өмірі жайлы Stan.kz тілшісіне айтып берді.

gas-kvas.com

Бұл ой ата-анамның дұрыс көңіл бөлмеуінен туындады

Анельдің сөзінше, бірде өмірден жалыға бастағандай сезім пайда болған. Бұл тіпті жасөспірім шақта басталды дейді ол. 

"Бүкіл Жершары өз-өзімен айналып жатыр. Ал менің өмірімнің титтей де мәні жоқ секілді көрінді. Менің бар-жоғымнан еш пайда болмаған кезде өз-өзіме қол саламын деп шештім. Жалпы бұл ой менде жасөспірім шағымнан келе жатты. 13-14 жасымда судың жағасында отырып, суға батып өлу туралы ойладым. Бұл ой ата-анамның маған дұрыс  көңіл бөлмеуінен туындаған болуы мүмкін. Себебі мен үйдің үлкені болдым. Барлығы көбіне ініме көп көңіл бөлетін. Бірақ ол жай ой жүзінде қалып кеткен еді. Кейіннен нақты суицид жасауға себеп болған нәрсе бүкіл адамның менен теріс айналуы. Ол шақ өмірімнің 180 градусқа өзгеріп, астан-кестеңі шыққан кез болатын. Реніш, жалғыздық, бәрі бір сәтте туындаған кезде ары қарай өлімнен басқа жол жоқ сияқты көрінді. Осы ауыр жағдайдан суицид арқылы құтылатындай сезіндім. Сол кезде өзіме қол жұмсамақ болдым", - деді кейіпкер. 

Анель сенген адамы сенімін ақтамаған тұста қатты күйзеліске түсіпті.

"Соңғы рет өзімнің тамырымды кескен кезде басыма үлкен қарабұлт төнген еді. Бар сенген жігітім аяғым ауыр күйде тастап кетті. Ол үйленбейтінін айтып, аяқ асты кетіп қалды. Жатырымдағы балама түсік жасатты. Бұл өмірімдегі үлкен қателік болды. Сол сәтте оның үйіндегілер тарапынан қысым көрсетіле бастады. Жанымдағы достарымнан ешбір қолдау таппадым. Оның бәрін жақындарыма айта алмадым. Ішкі сырымды ешкіммен бөліскім келмегендіктен өзіме қол салдым. Әрі қарай өмірдің мәнін көрмегендей болдым. Себебі біздің менталитет қыз баланың шалыс басқан қадамын қабылдай алмайды. Тіпті ата-анамыздың өзі түсіністік танытуы қиын", - деді қыз. 

Қазір өлімнің шешім емес екенін түсінемін

Бір рет ажалдан аман қалған Анель өзін шарпыған жаман ойдан қалай арылғанын жеткізді. Қазір әлемнің бар ғажабын өз көзімен көру үшін саяхат жасау жоспары барын айтты.  

Қазіргі кезде өлімнің мәселеден шығаратын шешім емес екенін түсінемін. Өмірімнің соңына дейін мына әлемнің ғажабын көргім келеді. Әлемге саяхат жасағым келеді. Қаншама адамның жасап қалдырған шығармашылық еңбектері, туындылары бар. Жазылған, әлі де жазылып жатқан кітаптар, түсірілген немесе түсіріліп жатқан фильмдер. Оның бәрін қиып, өз көзіммен көрместен өмірден кете салғым келмейді. Қазір менде орындағым келетін нақты мақсат бар. Фокусымды сонда қойып, әдемі өмірден ләззат алуды қалаймын. Жарық дүниеге бекер келіп, бекер кетпей үлгі боларлық іс қалдыру керек. Әрине, жаңағыдай қиын жағдайдан кейін алға қарай жүру соншалықты қиын болып көрінеді. Ол депрессиядан өзіңді алып шығуға еш мүмкіндігің болмайды. Ондай сәтте өзіңізге уақыт беріңіз", - деді Анель.

Ата-ана баласына дұрыс көңіл бөліп, ашық сөйлесуі керек

Психолог Ермек Нұрымовтың сөзінше, суицидтің жиі кездесетін себебі – отбасындағы сәтсіздіктер, ата-ананың баламен ашық сөйлеспеуінен туындайды екен. 

"Суицид жасау нақты мына жаста болады деп айту қиын. Себебі ата-ана ретінде балаға қалай көңіл бөлсең, солай өседі. Басты құндылық ата-ананың балаға дұрыс тәрбие беруінде.

Екінші себеп, психикалық сырқат. Ол ата-бабадан келе жатқан тұқымқуалаушылық ауру. Сондай-ақ мұндай қадамға барғысы келетіндер психологиялық жарақаты барлар болуы мүмкін, яғни әлеуметтік жағдайды көтере алмай өз-өзіне қол салады. Одан кейін пассивті тұлғаішілік мәселелер, өз-өзін қабылдамау, дұрыс бағаламау, ішкі жан дүниесінің қалауын орындамау", – деді психолог. 

Психологтың сөзінше, адамның суицид жасауды ойлап жүргенін эмоционалдық көңіл күйіне қарай анықтаймыз. 

"Бала, жасөспірім, егде жастағы адам болсын суицид жасауды ойлап жүрген кезде дұрыс сөйлеспейді,  өлім туралы әңгімелері көбейеді, “өмір қызық емес” деген сөздермен эмоционалдық күйін білдіреді. Ішкі жан дүниесі ваакумда жүргенін көрсетеді. Оның алдын алу үшін тұлғааралық қарым-қатынасты жандандырып, баланы жігерлендіріп, кімдермен араласатынын қадағалау керек. Өйткені ортасы әсер етуші фактор болып саналады", - деді психолог. 

Оның айтуынша, жаман ойдан арылу үшін дұрыс тамақтанып, ұйқы режиміне мән беріп, таза ауада жиі серуендеу керек. Сондай-ақ балалармен көп сырласып, ойын ашық айтуға үйрету қажет дейді ол. 

Талқылау