Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазір – нағыз аз сөйлеп, көп іс тындыратын шақ": Президент қазақ тілінің мүшкіл халіне алаңдаушыларға жүгінді

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарының мемлекеттік тілдің жағ­дайын қайта-қайта көтеріп, оның мүшкіл халі туралы айта бергеніне өзге елдер, әсіресе Орталық Азиядағы мемлекеттер тү­сінбей, таңданыспен қарайтынын мәлімдеді. Бұл туралы мемлекет басшысы "Ана тілі" газетіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Қасым-Жомарт Тоқаев

"Тарихтан сабақ ала отырып, біз технология мен роботтар басты рөл атқаратын жаңа дәуірдегі қазақ халқының игілікті өмірі жайында ойлануымыз керек. Әлем түпкілікті өзгерістердің алдында тұр. Сол себепті есте жоқ ескі заманды аңсамай, лингвистикалық мәдениеттің айналасын шиырлай бермей, тарихымызды да дәріптеп, салт-дәстүрімізді сақтай отырып, алға ұмтылуымыз қажет. Біздің мемлекеттік тілдің жағ­дайын қайта-қайта көтеріп, оның мүшкіл халі туралы айта бергенімізге өзге елдер, әсіресе Орталық Азиядағы мемлекеттер тү­сінбей, таңданыспен қарайды. Қазір – нағыз аз сөйлеп, көп іс тындыратын шақ. Олай болмаған жағдайда біз өзімізді халықаралық қоғамдастықтың алдында кемшін ұлт ретінде көрсетеміз", - деді мемлекет басшысы.

Бұл ретте президент қазақ тілін дамытудың бірнеше әдісін атап өтті.

"Біріншіден, қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті арттырған жөн. Мемлекеттік қызметке, оның ішінде, халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазымға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керек. Парламентте немесе баспасөз мәслихаттарында мемлекеттік тілде сөйлеп, пікір алмаса алмайтын мемлекеттік қызметкер ұғымы, ең алдымен, қазақ азаматтарының арасында – анахронизмге айналуға тиіс.

Екіншіден, біз қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдауымыз керек. Оларды Парламентке, өкілетті органдарға сайлап, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жоғары лауазымдарға тағайындап, мемлекеттік наградалармен марапаттап отырғанымыз дұрыс. Мұндай азаматтар қазақ тілінің деңгейін ұлтаралық қолданыс дәрежесіне көтеруге көмектеседі", - деді ол.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілін қолдану барысында фонетикалық және орфографиялық қателер жіберіп алатын отандастарымызға түсіністікпен қарап, толеранттылық танытуды сұрады. Айтуынша, мұндай азаматтар жастар арасында да аз емес, сондықтан олардың талпынысын мазақ етпей, қайта қолдай түскен жөн.

"Төртіншіден, телевизиялық және радио хабарларының сапасын арттыру қажет. Бұл ақпарат өнімдері Ресей бағдарламаларының көшірмесіне емес, қайта қоғамдық ойдың қайнар көзіне айналуға тиіс. Арзан ойын-күлкіден гөрі, ұлттық идеяға қызмет ететін топырағымыздан тамыр алған төл бағдарламаларды молайту қажет", - деп атап өтті президент.


Тіл туралы 7 өлең

STAN.KZ
Бейсенбі, 25 Маусым, 2020 12:42
Талқылау