"Қазір бәрі тоналып біткен": Өскеменде мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлер қаңырап тұр
Он жылдан астам уақыт бұрын Өскемен шетіндегі 22 ықшам ауданда мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй құрылысы аяқталып, біртіндеп қолданысқа беріле бастады. Қызығын көріп, қуанышқа бөленгендер қатарында ұстаздар, тәртіп сақшылары және дәрігерлер болды. Бұдан басқа да үйлер қоныс тойының куәсі болудан үмітті еді, әйткенмен қазіргі уақытқа дейін қаңырап тұр, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.
Талай үй тоналған
Баспанасыз жүрген қаншама отбасы бар ғой деген оқырмандар әкімдік неге шара қолданбайды дейді. Ықшам аудан тұрғыны Сәния Қалиева кешқұрым кетіп бара жатып, шатырлары жұлынып, сұры кеткен үйлерден түрлі дыбыс шығып, қорқыныш әкелетінін айтады. Одан бөлек, бейсауат жүргендер бөтелкелестерін осы жерде тауып, үйсіз жүрген "кезбелер" тұрақты мекен етіп алатын көрінеді.
“Ең дұрысы, қалайда қалпына келтіріп, баспанаға мұқтаж адамдарды тезірек қоныстандыру керек. Мүмкін, бұзып, жер учаскесін бөліп берсе де жөн болар еді. Ұрылар пластик терезеге де қырғидай тиіп, қабырғаларын қаусатып жіберген”, – дейді әйел.
Қыбыр етпеген тірліктен болар, қаңырап тұрған аумақты қалың қамыс басып, көріксіз кейіпті қасақана көзден таса еткендей.
“Бұдан бөлек, бұзылған үйлер бар. Олар ипотекаға берілуі керек елі. Бұл жағы қалай реттеледі екен? Әлбетте, ауданымыздың көркейгенін қалаймыз. Мектеп, балабақша салынса, қандай тамаша болар еді. Ықшам ауданымыз үлкейіп келеді, балалар саны да көп”, – дейді тұрғын Зүлфия Жақыпова.
Үйлердің ішінде қираған қабырғалардың қатты қалдықтары, ескі-құсқы киім-кешек, шатырдан түскен ағаш қалдықтары мол. Бірнешеуін өртеп те жіберіпті. Жалпы, 43 үй қаңырап тұр. Тұрғындар мұның себебін баспаналардың сапасыз етіп салынуымен байланыстырды. Басында тынымсыз тіршілік лебі байқалған, тек бірнеше жыл ішінде келгендер үдере көшіп, қайтып келместей болған. Ресми мәліметтерге сүйенсек, мемлекеттік бағдарламамен 100-ден астам үй салыныпты.
“Несиемен берілетін үйлер ғой. Алғашында тәп-тәуір сияқты еді. Кейін несиелері көп болды ма екен, адамдар алғылары келмеді. Қазір бәрі тоналып біткен. Балаларымызды ол жаққа жіберуге қорқамыз”, – дейді осы ауданның тұрғыны Гүлдана.
Сусыған миллиондардың сұрауы қайда?
Әкімдіктегілер жоба құны 190 миллион теңге дейді. Мердігер компанияға алдын ала 120 миллион теңгесі төленген. Қала әкімі Жақсылық Омардың сөзінше, 2008-2009 жылдары мемлекеттік бағдарламаға сәйкес осы жерде тұрғын үйлер салу жоспарланды. Бірақ мердігер компания жұмысты бастауын бастап, аяқтамай тастап кеткен.
“Осы аралықта бірнеше сот отырысы өтті. Мемлекетке 136 миллион теңге шығын келген. Содан сот компания жұмысын 100 миллион теңгеге бағалап, қалған 20 миллион теңгені үкіметке қайтаруға міндеттеген”, – деді Жақсылық Мұқашұлы.
Қала басшысы осы қаржының нақты қайтқан-қайтпағадығынан бейхабар. Анығы сол, 43 үй қазіргі уақытта "Ертіс" ӘКП-нің балансына берілген. Қалалы ішкі саясат бөлімінің басшысы Әлібек Тұрсымбетовтің сөзінше, қаңырап-қираған баспаналардың ендігі тағдыры солардың қолында.
“Олар керекті сараптамалар жасайды. Қолданысқа жарамды ма, жоқ па, қауіпсіз бе деп тексеріс жүргізеді. Қажет болса бұзады, мүмкіндік туса қалпына келтіреді”, – деді ол.
Әкімдік тарапы 136 миллион теңгенің сұрау болды дейді. Шығынды орнына келтірумен құқық қорғау мекемелері айналысқан, тек анық-қанығы әлі белгісіз.
Шілде айындағы мәліметке сәйкес мемлекет қордан баспана алуға 13278 адам кезекте тұр. Оның ішінде, ата-ана қамқорлығынан айырылған 2000-нан астам бала, 1000-ға тарта көпбалалы отбасы бар.
Дайындаған: Әділхан Есімханов