Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Немерелерімен сөйлесу үшін тіл үйренуге келеді": 7 жыл бойы тоқтаусыз жұмыс істеп келе жатқан "Мәміле" клубында өзге ұлттар қазақ тілін қалай меңгереді

Қанат Тәсібеков – 50 жасында ана тілін толық үйренуді бастап, өзі жетік меңгерген соң өзгелердің қазақ тілін үйренуіне жол бастап жүрген азамат. Оның алғашқы 1000 тиражбен басылып шыққан “Ситуативный казахский” кітабының қазір 50 мың данасы сатылған. Жақында ағылшын тіліне аударылған бұл кітаптың енді қолданылу аясы тіпті кеңеймек. Ал қазақтардың ғана емес өзге ұлттардың да басын қосқан “Мәміле” клубы келген азаматтардың қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін оятуға сондай-ақ тілді тез үйренуіне көмектесетін методикалармен бөліседі.

Канат Тасыбеков

Қажеттілік емес ұлтқа деген сүйіспеншілік

Тәсібеков қазақ тілін үйренуді 2000 жылдары бастаған. Ол уақытта бизнес саласында жүрген ол іссапармен Қытайға жиі баратынын және сол кездерде қазақ тілін білмейтініне ұялған кездері жиі болғанын еске алады. Автордың сөзінше, ол уақытта өзі де шала қазақтардың қатарында болған.

Аспан асты еліне сапарын еске алған ол алғаш табан тіреген кезде сол жердің нағыз қазақтарын көріп, олардың киген киімдері мен сөйлеу мәнеріне сондай-ақ тілдерінің тазалығына қызыққанын айтады. “Қазақстанда да осылай жүрсек екен деп армандағаным рас” – деп атап өтеді автор.

Тәсібеков осы сәтте тілді үйренуіне қажеттілік емес ұлтқа деген сүйіспеншілік сезімі әсер еткенін жасырмайды.

Тағы бір атап өтерлігі, “Ситуативный казахский” кітабы "Эксперт Қазақстан" интернет-порталының рейтингі бойынша қазақстандықтардың ұлттық тұрғыдан өзін-өзі тануына әсер ететін ТОП-100 кітаптың қатарына кірген. Ұзақ жыл бойы қазақ тілінің мәртебесі үшін тер төгіп келе жатқан автор қазір кітап сатылымынан пайда тауып отырғанын қуана хабарлайды.

“Басында 1000 тиражбен шығып кейін тоқтап қалған көп кітаптар бар. Сосын мен де елмен қатар осындай данамен шығарып көрдім. Бірақ ол үш айдың ішінде тез тарап кетті. Қазір осы уақыттың ішінде 50 000 данасы сатылыпты. Енді оған ағылшын тілінде шыққан кітабым қосылды. Тапсырыстар әлі де түседі”, – дейді автор.

30 наурыз күні Алматыда тұрақты түрде өтетін “Мәміле” клубының отырысына ресейлік журналист Алексей Пивоваров келген. Ол Қазақстан туралы деректі фильм түсіруге келген екен. Тәсібеков журналистпен не жайлы сөйлескенін де айтып өтті.

“Менен осындағы орыстарға қысым жасалып жатқан жоқ па деп сұрады. Оған осы клубтың отырысына келген орыстарды көрсеттім. Олар өздерін қазақ деп есептейтіндерін айтты. Бізде осында “Тек” деген сабақ өтеміз. Сонда орыстар “мен қазақпын қазақтың ішінде – найманмын, найманның ішінде – матаймын” деп айтып отырады. Кейбірі біз қазақпыз, қазақтың ішінде –орыспыз дейді. Сондықтан біздің елімізде бұл мәселе өршіп тұрмағанын, бізге тиіспесе біз ешкімге тиіспейтінімзді айтты”, – дейді автор.

Қазақ тілді ортаны қалыптастырған – “Мәміле” клубы

Қанат Тәсібековтің бастауымен құрылған бұл клубтың отырысы үздіксіз өтіп келе жатқанына 7 жыл болды. Әр сенбіде Ұлттық кітапханада бас қосып, сабақтар өтіп, тілді оңай әрі тез үйренудің жолдарымен бөліседі. Қазақстандық бестселлердің авторы клуб отырыстарында өз кітабындағыдай күнделікті қолданыстағы мысалдарды келтіретінін атап өтеді.

Осы жылдың ішінде клубтың тұрақты мүшелеріне айналған азаматтар да бар. Мәселен, клубтың белсенділері Дмитрия Белянин мен Индира Ермекқызы “Ситуативный казахский” кітабының ағылшын тіліндегі нұсқасының тұсаукесерін ұйымдастыруды өз қолдарына алған.

Тәсібеков клуб отырысына көбінесе орыс тілді қазақтардың келетінін айтады. “Кейбір кісілер немерелерімен сөйлесу үшін тіл үйренуге келеді” – дейді ол.

“Балалары мектепке барады, кейбірі балабақшаларға барып қазақ тілінде оқиды. Біреулері айтады, баламды қазақша білім алсын деп беріп едім, енді сөйлесуге өзім қиналамын деп. Сондай адамдар да бар. Қанша шетелдіктер келді – жапондар, америкалықтар, француздар”, – дейді ол.

“Мәміле” клубының кезекті отырысы. Тәсібековтың желідегі парақшасынан

Автордың сөзінше, клуб мүшелері өздері таңдаған әдіс бойынша – келген адамдарға сөз береді. 

“Алдымен олар өздері жайлы айтады. Сосын “қазақ тілі маған не үшін қажет” деген секілді сұрақтарға жауап береді. Ал үшінші – еркін тақырып. Ол кезде кім қандай тақырыпта сөйлегісі келеді сол тақырыпта айтады. Ол тақырып жайлы жақсы меңгеріп алған соң келесі тақырыпқа көшеміз. Осылайша отырыстарымыз жалғаса береді”, – дейді ол.

Тасыбеков клубтың отырысына хосписте (өлім аузында жатқандарға жан-жақты қолдау көрсететін нысан – ред.) жұмыс істейтін әйелдің келгені туралы айтып берді.

“Біздің отырыстарымызға кейде өзіне қажетті сөздерді жаттап алу үшін келетіндер болады. Ол әйел енді өз жұмысында ауырып жатқан адамдарға жылы сөздер айтуы керек ғой. “Бүгін түріңіз әлдеқайда жақсы, балаларыңыз сізді жақсы көреді, уайымдамаңыз, сіз сауығып кетесіз” деген сөздерді үйренді. Кейін осы сөздерді айтқаннан кейін қуанып келді. “Мен қазақша сөйлегенде барлығы жадырап, қазақтар сондай жылы қабылдайды” деп. Осылайша мен өмірде қолданылатын сөздерді үйретемін. Оқулықтарымда да сондай”, – дейді Тәсібеков.

Автордың айтуынша клубтың отырыстарында қазақтың салт-дәстүрлеріне байланысты да ойындар өтеді. Келушілер екіге бөлініп, қазақ тілінде “Қыз ұзату”, Құдалық” секілді дәстүрлерді меңгереді.

Қазақ тілінің қазіргі мәртебесі жайлы

Қанат Тәсібеков өзінің кітабының шығуы мен халықтың ыстық ықыласына бөленуі “қазақ тілінің қадірінің артуына қаншалықты септігін тигізді” деген сұраққа халық өзі жауап беруі тиіс деп санайды. Ол осы салада жүрген ұзақ жылдар ішінде қазақ тілін сүйетін, меңгергісі келетін көп азаматтарды жолықтырғанын айтады. Автордың “Ситуативный казахский” кітабы әлемнің түкпір-түкпірінде жүрген орыс тілді қазақтарға ғана емес жалпы қазақтарға үлкен азық бола білген.

Алайда Тәсібековтің Қазақстанда білім саласының басшылығында отырған шенеуніктерге өкпесі де жоқ емес. 

“Халық арасында менің кітабымды мектепте оқылатын оқулықтардың қатарына енгізу жайында айтып жатады. Білім министрлігі қазақ тілінің жанашырларын жинап жиын өткізгенде мені шақырмайды. Неге шақырмайтынын білмеймін”, – деп ренішін білдірді ол.

Қанат Тәсібеков сөзінің соңында қазақ тілін меңгеруге ең бастысы ұлтқа деген сүйіспеншілік пен ниет қажет екенін атап өтеді. Ол осы ретте “Мәміле” клубының мүшесі Александра Мыскинаның сөзін келтіреді.

“Ең бастысы ниет. Менің мұғалімім Қанат Тәсібеков тілді меңгеру үшін алдымен осы елді сүю керек сонда ғана нәтиже болады деп дұрыс айтқан”, – дейді Мыскина.

Тәсібеков тілді меңгерудің басы ұлтты сүюден басталады деп санайтынын тағы атап өтеді.

“Сен тілді жан-тәніңмен сүйіп қаласаң ғана меңгере аласың. Мысалы, мына орыстың қызы қазақтарды сүйіп түсіне бастады, сондықтан ол меңгеріп кетті. Сондықтан ұлттың болашағын ойласақ тілге ерекше жағдай жасаудан бастауымыз керек”, – дейді “Ситуативный казахский” кітабының авторы, тіл жанашыры Қанат Тәсібеков.

Талқылау