Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Казцинк" Өскемен экологиясына 2,2 млрд теңге қаражат жұмсады

Өңіріміздің ең ірі компаниясы қоршаған ортаға жүктемені азайту жөніндегі іс-шараларды жалғастыруда. 26 жылда маңызды нәтижелерге қол жеткізілді. Өскемен металлургиялық кешені (ӨМК) күкірт диоксиді шығарындыларының көлемін 2001 жылғы 69 мың тоннадан 2022 жылы 16 мың тоннаға дейін елеулі түрде азайтты.

Қоршаған ортаға әсерді бұдан әрі қалай төмендету көзделетіні туралы БАҚ өкілдеріне баяндалды. "Казцинк" сарапшылары 2022 жылғы табиғатты қорғау қызметінің нәтижелері мен 2023 жылға арналған жоспарларымен бөлісті.

Металлургтердің айтуынша, өткен 12 айда Өскеменде 35 түрлі экологиялық бастамалар енгізілген.

“Кәсіпорынның табиғат қорғау бойынша тиімді жұмысы Қазгидромет мәліметтерімен расталады. Жыл қорытындысы бойынша Өскемендегі SO2 орташа құрамы 0,7 ШРК құрады. Ал ауадағы қорғасын құрамы нормадан аспайды және 0,5 ШРК деңгейінде. Яғни, екі жағдайда да – шектік рұқсат етілетін деңгейден төмен”, – деді "Казцинктің" бас экологы Қазтай Тәкеев.

Бұл жетістікке ӨМК-дегі бірқатар іс-шаралардың арқасында қол жеткізілді. Олар арқылы жабдықтарды жоспарлы жөндеу, технологиялық үдерістерді оңтайландыру, сондай-ақ сүзгілеу жүйелерін қайта құру көзделді. Мұның ішінде абаттандыру жөніндегі жобалар да бар.

"Казцинк" қалдықтармен жұмыс істеу кезінде ресурстарды ұтымды пайдалану қағидасын ұстанады. Мысалы, жұтаң қожбен – кенді технологиялық өңдеуден кейін қалған бос жыныстармен казцинктіктер шахталардың пайдаланылған бос жерлерін толтырады.

Құрамында күшән-темір бар қалдықтар кәсіпорын аумағында жиналмайды, арнаулы өндірістік қалдықтар қоймасында (бұрынғы Семей сынақ полигоны аумағында) көміледі. Металлургия өндірісінің су төгу үлесі әдеттегідей барынша аз: өзге кәсіпорындармен жалпы көлемде 1%-тен төмен. 

Келешек туралы сөз қозғар болсақ, "Казцинк" 2023 жылы табиғатты қорғау іс-шараларына 722 миллион теңге жұмсамақ. Оның ішінде атмосфералық ауаны қорғауға 315 миллион теңге жұмсау көзделуде. Алдағы екі жыл құрамында күкірті бар газдарды өңдеу үдерісін жетілдіруге арналады. Бұл үшін күкіртқышқылы заводын қайта құрылмалау қажет. Осы мақсатта тиісті жобалар дайындалып қойды.

“Бірінші жобада құрамында күкірт бар газдарды күкіртқышқылы заводына тасымалдауды қамтамасыз ететін бөлімшені қайта құрылмалау көзделеді. Сол жерде олар тауарлық күкірт қышқылына қайта өңделеді. Екінші жоба — құрамында күкірті бар газдарды тазарту жүйесі элементтерінің бірін қайта құрылмалау. Аталған іс-шаралардың өздігінен шығарындылар көлемін азайтуға әсері жоқ, дегенмен олар аса маңызды рөл атқарады – кәсіпорынның атмосфераға түсетін әсерді азайту жөніндегі стратегиясының үлкен бөлігі болып табылады. 2025 жылдың соңына дейін қолданыстағы қондырғыларды жіті тазартумен жабдықтау жоспарлануда, бұл күкірт диоксиді шығарындыларының көлемін тағы мың тоннаға төмендетуге мүмкіндік береді”, - деп қосты Қазтай Тәкеев.

Сонымен қатар кездесу барысында БАҚ өкілдеріне ӨМК өндірістік алаңшасына экскурсия ұйымдастырылып, технологиялық газдарды тұту жүйесі көрсетілді.

Жарнама құқығында