Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақтың ұлттық ойыны «Бестасты» білесіз бе?

Бүгінде ұлттық ойын түрлерін тізбелегенде ойымызға бірден «асық ату», «сақина салмақ», «тоғызқұмалақ», «алтыбақан», «ақсүйек» пен «көкпар» ойындары келеді. Оларды күнде ойнамасақ та, той-томалақ, мерекелерде мәз-мейрам болып ойнасып, ұлттық ойындардың асқақ буынан көңіліміз бір марқайып қалады. Десе де халқымыздың алтын қоржынында сақталған салт-дәстүр, ойын-сауық түрлерін жете біле бермейміз. Ал «бестас» ойыны жөнінде естігеннен естімегеніміз, ойнағаннан ойнамағанымыз басым. «Асыл мұра» бағдарламасы аталған ойын түріне кезекті санын арнап, жеке тоқталды.

Beş-Taş

Халқымыздың асыл мұрасында баланың физиологиялық тұрғыдан жетілуіне ғана емес, қағылез, епті, алғыр болуына себін тигізетін ойындар баршылық. Өз кезегінде ол дана бабамыздың балаға, оның тәрбиесіне бей-жай қарамағанын, баса назар аударғанын білдірсе керек. Ал бұл ұлттық тәрбие, ұлттық білімнің түп-тамыры біз ойлағаннан анағұрлым тереңде жатқан тәрізді.

«Махмұд Қашқаридың «Түркі тілдері сөздігі» еңбегінде «бестас» ойыны туралы мағлұмат кездеседі. Бұл мағлұматтар арқылы «бестас» ойынының сақ-ғұндардан бері келе жатқан ойын екеніне көз жеткізуге болады», – дейді Абай атындағы республикалық мамандандырылған мектеп-интернаттың қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Қызат Тілеуберді.

Мұғалімнің сөзінше, адамды жылдамдыққа, қағылездікке, тез шешім қабылдауға үйрететін, тарихы сонау ежелден басталатын таспен ойналатын ойынның «бестас» аталу себебі ойында бес тастың пайдаланылуымен байланысты.

Әр ойын өзіндік ережесімен ерекше. Бекітілген ережелері – ойынның қаңқасы іспетті. Ойынға әбден машықтанған адам мен қолына алғаш тас ұстаған ойыншыны ажырату оңай. Ал адамзат баласы еңбек құралдары есебінде тас, ағаш, сүйектерді қолданып жүргенде-ақ пайда болып, қалыптасқан бестас ойынын ойнау оңайдың ісі емес.

«Кез-келген ойын белгілі бір ережеге, тәртіпке бағынатыны анық. Бестас ойынын да ата-бабаларымыз сондай бір керемет ережелермен бекіткен. Яғни бірінші қатысатын адам саны анықталады. Ойынға қатысатын адам санына шектеу шоқ. Кемінде екі адамнан басталады. Ойнау үшін ең бірінші тас таңдалып алынады. Яғни қойдың құмалағынан үлкенірек домалақ бес тас таңдалады. Ойыншылар жиналғаннан кейін, олардың ретін анықтау мақсатында бес тасты жоғары лақтырып, алақанға жинап, қайтадан жоғары лақтырады. Қаршып алу кезінде кім көп тас қаршып алса, соған байланысты ойыншылардың реттік тәртібі белгіленіп отырған. Ойыншылар тәртібі белгіленгеннен кейін бірлік ережесі бойынша ойын басталады», – деп түсіндіреді Қызат Тілеуберді.

78b3e6ea1e11e225be1623fa0dbdef69

Бестас ойынымен таныс адамдар оның алуан түрі мен кезеңдерін білетін болар. Ойын «балта шабу», «тоқылдақ», «тарақтау», «құдыққа салу», «қуалау», «кедергі» сияқты көп кезеңнен тұрады. «Кедергі» аталатын кезеңге ойынды әбден меңгерген, епті, қағылездер ғана өте алған.

«Түрлері «үштік», «төрттік» деп аталады. Одан кейін «жалау» деген түрі, «нәби» сынды бірнеше кезеңі бар. Мысалы, «жалау» ойынында төрт тасты жерге тастап, қолдағы қақпа тасты алып, оң қолыңызбен жерге 3 не 5 рет жалатуыңыз керек. Сонда сіз осы кезеңнен өткен болып есептелесіз. 3 не 5 рет жалату ойын басында ойыншылардың өзара ақылдасуына, келісуіне байланысты. Осылайша бестас ойынының кезеңдері, тәртіптері, түрлері жалғаса береді», – дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.

Ойын кезеңдерінің атауы қаншалықты қызық болса, ойын шарты, барысының қызығы одан басым. Кез-келген адамның қызығушылығын оятып, елітіп әкететіні анық. Мысалы, нәби кезеңінен өту екінің бірінің қолынан келмейді.

«Нәби ойынында сол қолымыздың бас бармағы бен сұқ саусағын жерге тіреп, оң қолымызбен 5 тасты сол қолдың астынан үстіне лақтырып алғаннан кейін, оң қолымызбен қақпа тасты аламыз. Сол қолымыздың сұқ саусағы мен бас бармағын қақпа ретінде пайдалана отырып, қақпа тас арқылы тастарды қақпаға кіргіземіз. Бұл жерде ойыншының дәлдігі, мергендігі қажет. Нәби ойынының бір ерекшелігі, қатысушылар шашқан төрт тастың біреуін нәби деп белгілейді. Ол ата деп те аталады. Ол тасқа, яғни белгіленген нәбиге қалған үш тасты қаққан кезде тиіп кетпеуі керек. Нәбиді ең соңынан қақпаға кіргізу шарт. Егер қаққан кезде нәбиге тасыңыз тиіп кететін болса, ойын осымен аяқталып, кезек келесі ойыншыға өтеді», – дейді мұғалім.

Кез-келген ойынның баланың жетілуіне, ой-санасының дамуына қосар үлесі бар. Тілге тиек етілген «бестас» ойынының баланың дамуы үшін пайдасы зор. Ол бұлшық еттерін ширатып, дамытып қана қоймай, ептілікке, қырағылыққа, тез шешім қабылдауға, санауға, топтауға үйретеді. Сонымен қатар көздің көруін жақсартып, көз жанарын жетілдіреді. Ойын адамды тыныштандырып, сабырлылыққа үйрететін қасиетке ие.

«Қазақ – өз ұрпағының ертеңін сонау бала кезінен ойлаған халық. Сондықтан да қазақ халқы бала тәрбиесіне көп көңіл бөлген. Баланың ойынына да терең мән берген деуге болады. Ол ұлттық ойындарымыздың ойналу тәсілінен, әдістерінен байқалады. Сөзге тиек етіп отырған «бестас» ойыны да сондай. Ата-бабамыз бала есін біліп, тәй-тәй жүре бастағаннан, яғни ойын баласы болғаннан-ақ бестас ойынына баули бастаған. Бестас ойынында баланың саусақтарының қимылдауы арқылы адамның басқа да он екі мүшесіне қимыл жүреді. Сонымен қатар баланы жылдамдыққа, ептілікке, дәл тигізуге, тез ойлауға машықтандырып отырған», – деген Қызат Тілеуберді ойынның пайдалы тұстарын тізбелеп берді.

Ойынға қатысушы адамдар санына ғана емес, олардың жасына да шектеу жоқ. Бестас ойынын бала да, кәрі-жас та ойнай алады. Оны ойынның өзіндік ерекшелігі деп атамасқа болмайды.

img-dbdddbbdbdbddbdbdbadddbbddbdbddbdbdbadbedbdbeddbedbcdbddbd-126

«Бұл ойынның кереметтілігі сол, еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін ойнай алады. Қатысушылар санының шектемесі жоқ сияқты, ойынды балалар, ересек адамдар, үлкен апаларымыз бен әжелеріміз, аталарымыз ойнап, насихаттап келген. Бұл ойынның бір ерекшелігі. Ғалымдар арасында үлкен кісілердің осы ойынды жас ұрпақтың санасына сіңіру мақсатында ойнаған деген топшылау бар», – дейді мұғалім.

Пайдасы мол ойын түрін бүгінде біріміз білсек, біріміз үшін мүлдем таңсық. Ел арасында да үлкен танымалдыққа ие емес.

«Ата-баба дәстүрін, ойындарды жалғастырамыз дейміз. Бірақ бестас ойынын бүгінгі таңда оқушылар, халық арасынан сұрастырар болсақ, он-он бірінші деңгейіне дейін біледі.  Көбіне үлкен кісілеріміз нәби кезеңіне дейін біліп жатады. Кезінде ата-бабаларымыздың бұл ойынның деңгейлерін одан да әрі қарай ойнағанына зерттеу жұмыстарын жүргізгенде көзіміз жетті. Оған дәлел – «қуалау», «үй үстіне үй тігу», «кедергі», «теріс айналдырып қағып алу» деген сынды ары қарай жалғасатын деңгейлері. Мысалы, теріс айналдырып қағып алу дегеніміз – оң қолымен лақтырған тасты қолды айналдырып теріс қағып алу. Мұның өзі буын-буынның қозғалысына, денедегі он екі мүшеміздің қозғалуына, адамды ептілікке тәрбиелейтіндігіне дәлел болады», – деген қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Қызат Тілеуберді ойынның ел ішінде сақталып, насихатталуына атсалысуда.

«Мен өзім – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазымын. Біз әдебиетті оқығаннан кейін, салт-дәстүрге, ата-баба тарихына соқпай кетпейміз. Сондықтан да бұл ойынды сабақ барысында мүмкіндігінше насихаттауға тырысамыз. Бүгінгі күнде бұл ойын барлық ортада, барлық мектептерде ойналады десек артық айтқандық болар. Дегенмен де осындай бір ұлттың үнжариясы болған Абай атындағы Дарын мектебінде аталған ойын өз дәрежесінде насихатталады».

Талқылау