Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақтың бірлігін бекемдеп тұратын асар дәстүрі ұмытылып кетті ме?

Қазақтың ұлттық түп-тамырымен терең байланысқан, ежелден еншімізге тиген салт пен дәстүр көп-ақ. Өкінішке қарай, біраз дәстүріміз ескірді, ал біразы тіпті ұмытылып та қалды.  Қазіргі уақытта аңшылыққа байланысты – "сыралғы", жаңа босанған әйелге қатысты –"көтендестіру", үйлену тойына қатысты – "аушадияр", құдаласуды негіз еткен "біз шанышар" сияқты салт-дәстүрлер қазір атала да, орындала да бермейді.  

асарСурет: express-k.kz сайтынан

Біржола жоғалмаса да біршама ескірген, көп аймақтарда қолданыстан шығып қалған дәстүрдің бірі – "Асар". Бұл дәстүрдің ерекшелігі сол, адамдар бірлесіп үй салып, басқа да игі мақсатта бір-біріне көмектесу арқылы ынтымақ пен бірлігін жарастырады. Мұндай дәстүрді ауыл адамдары кәдеге жаратып, оны тек жұмысты бітіру тұрғысынан ғана емес, туған-туыс, дос-жаранмен бір уақыт кездесу, сырласу мақсатында қолданған. Тіршілік қамымен жүріп бастары қосыла бермейтін ағайын асарда кезігіп мәре-сәре боп қалады. Екіншіден, не үй, не әлдебір іргелі шаруа бастаған туыстың да жұмысы бітіп, жеңілдей түседі. Әлбетте, асарға келген адам ақша алмайды. Оларға арнап үй иесі бір қойын сойып, қазан асып, дастархан жаяды. Қазақтың "көп түкірсе – көл" деген аталы сөзі де осы асармен байланысты. 

Шыны керек, қазір асарлатқан ағайынды көп кездестіре бермейміз. Оның себебі де алуан түрлі. Заман өзгерді. Уақыт талабы басқаша өрілді. Қайда барсақ та уақытын жеткізе алмай, мұрнынан шаншылып жүрген азаматтарды көп көреміз. Өзгенің асарына бармақ түгілі, өзінің жұмысын бітіре алмай әуре болып жүр. Үй құрылысын бастағандар да көпшілікті асарға шақырғанша, ақысын төлеп жауапты маманға тапсыра салғанды жөн көреді. Ол уақыт жағынан да тиімді. Үй салу сияқты ірі істер емес, есік алдындағы майда-шүйде жұмыстардың өзін қазір арнайы мамандар атқара салады. "Ақысын төлесең, боқысын шығарамын" деп әлекедей жаланған жалдамалы жұмысшылар көп. Біз де сондайларға өтініш айтуды әбден үйреніп алдық. Біреуінің бағасын қымбатсынсақ, іздеп жүріп одан арзанын да тауып аламыз. Осылайша, таныстардың басын асарда қосу дәстүрі өздігінен ұмытыла бастады. 



Қалада тұрса да асар дәстүрін өзінше жаңғыртқан, таныс-білістердің басын биыл жиі қосқан жанның бірі – Арман Әлменбет. Жазушылық қырымен көпшілікке кеңінен танылған қаламгер баспана құрылысын бастағалы бері асардың маңызын тереңірек түсіндім дейді. Оның айтуынша, асар құрылыстың жылдам жүруінен бұрын, үнемді жүруіне мүмкіндік береді. 

"Жұмысшы жалдасаң, материалға кеткен ақшаңның тағы да соған жуығы кетеді. Оның үстіне өзің жүрмеген соң, ол жұмысшылар қай жерін қалай істегінін анық біле алмайсың. Иманы бар құрылысшыларға түссең жақсы, ал өзі жоқтың көзі жоқ деп қалай болса солай істеп беріп, артынан ұстатпай кетсе, онсыз да аз ақшаң рәсуа болады. Оның үстіне құрылысшы адал болды дегеннің өзінде қабілеті аздау адам болуы мүмкін. Қисық пен түзуді ажырата алмайтын кісілер болады. Мынауың қисық қой десең, дұрыс тұр ғой деп дауласуы мүмкін. Көзіне шынымен де дұрыс сияқты көрініп тұрса, оған не істей аласың? Шынымды айтсам, асар жасағанда көбіне жұмыс бітсінші, осы келген адамдарды барынша пайдаланып қалайыншы деп емес, уақытты көңілді өткізу үшін жасаған сияқтымын. Өмір деген тек шаруа ғана емес қой. Адам болған соң, сөйлесу керек, әңгімелесіп, пікірлесу керек. Көңіл көңілден су ішеді дейді. Дос-жаран, ағайын-туыс, бәрін түгендегенім де сондықтан. Былай таныс, бірақ әңгімеміз жараса қоймаған адамдарды шақырған жоқпын. Күні бойы үндемей жүріп жұмыс істесең, шаршап кететін шығарсың", - дейді Арман. 

Оның сөзінше, асар әсіресе, шығармашылық адамына ерекше шабыт сыйлайды. Бұл әрі адамдарды бір-біріне жақын ете түсудің таптырмас амалы. 

"Асар адамды керемет жақындастырады. Арасында әзілдесіп қойып, еске түскен естеліктерді ортаға салып, ойнап-күліп жүріп жұмыс істеген адамдар жақын дос болып қалады. Кейін ол ұмытылмайды. Жұмыс барысында көп әңгіме айтылады ғой. Ішінде небір детальдар шығады. Сон соң, асарға адам келмей қалған күні жалғыз өзің жүріп соларды ойлайсың. Қысқасы, шығармашылық адамы үшін қара жұмыстың пайдасы шексіз. Келетін адамдарың да өзің секілді қиялға жақын, тым болмаса сөзуар болса тың ойларға да жиі тап боласың. Әрине, бұл біз сияқты адамдар үшін өте пайдалы", - дейді кейіпкеріміз. 

Ал Мұратбай Тұрдықан есімді кейіпкеріміз елорданың шет жағынан былтыр жазда даңғарадай етіп үй салған. Бірақ езуім тілініп жалғыз өзім жұмыс істедім дейді. Әңгіме ауаны тақырыбымызға сай кеп тұрған соң, ол кісіні де сөзге тарттық. 

"Асарға шақырмадым емес, шақырдым. Ағайын мен туысқа, өзім жақсы араласатын дос-жаранға да бір-екі рет шақыру жібердім. Алайда ешкім келе қоймады. Арасынан үзіліп-жұлынып келген бірер адаммен шаруаны түбегейлі тындыру мүмкін емес. Асар – мейлінше адам көп болғанда ғана асар ғой. Шыны осы. Бірақ келе қоймады деп ешкімге өкпе де артпаймын. Қазір бәрі нан табу үшін тырмысып, тыным таппай шапқылап жүр. Уақыт таппайтын шығар. Өздеріне де көмек керек шығар. Солай деп ойлап, әрі қарай өз қамымды өзім күйттедім. Жаман емес, бір жылға уақыт ішінде үйдің кірпішін қалап, төбесін жауып, ішкі жұмыстарын да біршама реттедік. Қазір баспана ретінде пайдалануға жарап қалды", - дейді ағамыз. 

Шындап келгенде, асарға қатысудың өзі үлкен мәдениет сияқты. Бұл тәрбиенің басқаша бір белесі, туыстық қатынастардың өзгеше бастау-бұлағы сияқты әсер қалдырады. Сұхбат берушілеріміз де бұл көзқарасымызды растай түседі. Жас ғалым, филолог Нұрғиса Қайралапов бала кезінен асарға жиі қатысқан. Қолым қалт етсе қазір де аянып қалмаймын дейді. 

"Ауылда асарға жиі бардық. Көршінің асары, әулеттің асары, жақын туыстың асары, мейлінше бәріне қатысуға тырыстық. Мәселен, осы жаздың өзінде екі асарға қатыстым. Бірі – көршінікі, екіншісі – әулеттің асары. Жалпы, асардың пайдасы көп. Жұмыс кезінде ауылдағы түрлі әзілдер, ғибратты әңгімелер айтылады. Ал құрдастармен асарлатсаң бала кездегі қызықтар, естеліктер әңгімеге арқау болады. Әңгімелесіп, әзілдесіп жүріп жұмысты қалай аяқтап тастағаныңды да білмей қаласың. 

Жақында ғана асарлатып, түскі үзіліс кезінде әдеттегідей ас іштік. Үй иесі жүк көлігінің көлеңкесіне киіз төсеп, дастархан жайыпты. Сол жерде екі сағаттай ауқаттанып, әңгіме айттық. Үлкен кісілер біздерге, яғни жастарға қатысты біраз әңгімелер айтты. Ауылдың, елдің тарихы да сөз болды. Мұндай сөздерді әшейінде естиін десең де таппайсың ғой. Шын ықыласың кетіп сұрай барғанның өзінде жалғыздан жалғыз тыңдай беруге төзімің жетпеуі мүмкін. Ал асар – нағыз бей ресми тәрбиенің тиегі ағытылатын жер. Асарда тек бір буын емес, екі-үш буын қатар жүреді. Оның да пайдасы ерекше. Әкеңмен қатар адамдардың ақылын естіп, марқайып қаласың", - дейді Нұрғиса. 

Арманның айтуынша, түбі ақша әкелетін жұмыстарға асар салу қисынсыз секілді. 

"Асар жасаған адам үшін қай жағынан болса да пайдалы: ақшасын үнемдейді, жұмысы жүреді. Ал асарға келген адам сауап алады, қимылдап, тер шығарып, бір жасап қалады, жаңа адамдармен танысады, әңгімелесіп, емін-еркін таза ауада жүріп қайтады. Бұл – қаланың адамы үшін кәдімгі демалыс. Күні бойы компьютерге қарап, арасында демалғанда телефонға қарап, қамалып отыратын адам үшін бұның пайдасы көп. Бірақ ақша әкелетін жұмыстарға асар деген жүрмейтін секілді. Мәселен, өзің егін салайын деп жатырсың. Кейін одан ақша түседі. Асарға шақыра алмайсың ғой? Өзің пайда тауып, жұртты тегін пайдалансаң, ыңғайсыздау болады. Ал көмір түсіру, отын әкелу деген сияқты нәрселерге де адамдар бірге барады ғой. Соғым сою да солай. Бұл нәрселер асар деп айтылмаса да, салт болып адамдар арасында қалыптасқан. Яғни, пайда табу мақсатында емес, өмір сүруге қажетті жұмыстарды бітіретін кезде адамдар бір-біріне көмектесуге әзір тұрады", - дейді ол. 

Расында, асардың мәні мен маңызы орасан. Оны ескі дәстүрге айналдырып, өткен күннің көлеңкесінде қалдырмай, заманауи игіліктерді асар арқылы пайдаға асыру – ең ұтымды шешім болар еді.  

Дайындаған Ақжігіт Қазбек 

Талқылау