Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

«Қазақтелеком» қазақша контенттің дамуына қалай үлес қосуда

“Қазақтелеком” қазақ тіліндегі контенттің дамуына сеп болып отыр. Бұл тұрғыда байланыс операторы мемлекеттік тілде хабар тарататын арналардың ауқымын кеңейтіп, отандық платформалардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп келеді. Компанияның Aitube медиахостингімен жасалған меморандумы – айтып отырғандарымыздың айқын дәлелі. Одан бөлек қазақ тіліне дубляждалған шетелдік контентті ұсынатын "100% Qazaqsha" отандық онлайн-кинотеатрының жұмысын «Қазақтелеком» өзінің бірегей TV+ платформасында жүргізуге бастамашы болып отыр.

Бүгінде “Қазақтелеком” TV+ платформасына артық сымдарсыз, ыңғайлы интерактивті интерфейсі бар, көрермендердің қызығушылықтарына негізделген әртүрлі сапалы локализацияланған контентті енгізуде. Платформаның негізгі міндеті –  қазақстандықтардың отандық телебағдарламалар мен хабарларға қолжетімділігін қамтамасыз ету. "Қазақтелеком" АҚ желілік бөлімінің сапа жөніндегі директоры Шыңғыс Құсқамбасовтың сөзінше, қазірдің өзінде TV+ абоненттері үшін 170-тен астам телеарна қолжетімді, ал олардың кемінде үштен бірі – отандық телеарналар.

“Жақында қазақ тіліндегі балаларға арналған телеарналар бойынша ұсыныс кеңейді. Мәселен, TJ және Nickelodeon HD телеарналарына 100% мемлекеттік тілде хабар тарататын жолақ қосылды. Қазіргі уақытта көрермендерге қазақ тіліне дубляждалған шетелдік контентті ұсыну үшін алғашқы "100% Qazaqsha" отандық онлайн-кинотеатрының интеграциясы бойынша техникалық мәселелерді шешудеміз. Сондай-ақ “KZ-те жасалған” кинотеатры үнемі жаңартылып отырады. Ал жақын күндері мұнда телеканал өнімдерінен бөлек отандық режиссерлердің жаңа туындыларын тамашалауға болады”, – дейді ол. 

Осы орайда компанияның Қазнет және одан тыс кеңістікте танымал, мемлекеттік тілге басымдық беретін және эксклюзивті отандық контент жиналған ұлттық Aitube.kz  медиахостинг жүйесін дамыту бойынша жүргізілген шараларын атап өткен жөн. Мәселен, биыл ақпан айында “Қазақтелеком” Aitube.kz платформасына қолжеткізу сапасының нашар болуына байланысты келіп түскен шағымдар бойынша түзету жұмыстарын жүргізіп, өзге провайдерлердің инфрақұрылымындағы олқылықтарды анықтаған. 

“Тез арада техникалық шешім әзірленіп, бүкіл Aitube экожүйесі Алматы және Павлодар қалаларында бірнеше 10 және 100 Гбит/с арналар деңгейінде «Қазақтелеком» желісіне қосылып, эксклюзивті меморандум жасалды. Мамандардың кәсіби және ұжымдық жұмысының арқасында компания “Қазақтелеком” желісі ішінде Aitube трафигін оқшаулап, сыртқы ресурстарға түсетін жүктеме мен шығындарды азайтты. Сонымен қатар абоненттерімізді сапалы байланыспен қамтамасыз етіп, отандық контентті дамытуға қолдау көрсетті”, – дейді Шыңғыс Құсқамбасов.

Aitube-тен бөлек, оператор шетелдік Google, Amazon/Twitch, Facebook/Meta, VK, Netflix, Valve, Akamai, Cloudflare, MEGOGO контент провайдерлерімен байланыс орнатқан. 

“Жергілікті дамыған инфрақұрылымның арқасында біз Қазақстандағы танымал контент-провайдерлердің трафигін белсенді түрде оқшаулау мүмкіндігін иелендік. Қазіргі уақытта осы провайдерлер трафигінің 50%-дан астамы біздің аймақта оқшауланған. Осыны арқасында желідегі кедергілер барынша азайып, көрсетілетін қызметтің сенімділігін, тұрақтылығын және сапасын қамтамасыз етеді. Бұдан өзге “Қазақтелеком” жыл сайын балама және резервтелген маршруттарды әзірлей отырып, сыртқы интернет арналарының сыйымдылығын арттыруда”, – дейді компания өкілі.

Аталған шаралардың барлығын жүзеге асыра отырып, ішкі жүйеде шамадан тыс жүктемені болдырмау үшін 2022 жылы “Қазақтелеком” желі ядросының бір жазықтығын жаңартып, өткізу қабілеттілігін 3,6 Тбит/с (әр бағытқа 1,2 Тбит/с) дейін ұлғайтты. Бұл өз кезегінде "ауыр" трафиктің өтуі үшін қуатты негіз береді, дейді Шыңғыс Құсқамбасов

“Бұл ретте компания нарықтың қажеттіліктерін жіті қадағалап, желіні белсенді түрде жаңартып, кеңейтеді. Сонымен қатар желілік функцияларды виртуализациялауға және ашық архитектураны пайдалануға қатысты жаңа техникалық шешімдерді сынау бойынша жұмыс жүргізілуде. 2022 жылы мұндай шешімдердің бірнеше пилоттық жобалары іске асырылды, олардың кейбіреулері сәтті болып, қазірде жүйеге қосылған”, – дейді ол.

"Қазақтелеком" АҚ негізгі міндеттерінің бірі –  барлық мәселелерді жылдам шешу үшін абоненттерге қызмет көрсетуді барынша ыңғайлы ету. Осы орайда 2021 жылдан бастап онлайн-арналар тәулік бойы қызмет көрсету режиміне ауыстырылған. Бүгінде клиенттердің 62%-ына қызмет қашықтан көрсетілсе, қызметтерге қол жеткізу бойынша өтініштердің 30%-дан астамы онлайн режимде өңделеді. 

 

Талқылау