Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Қазақтелеком” еліміздегі 531 мектепті GPON технологиясы бойынша интернетке қоспақ

"Қазақтелеком” компаниясы республикадағы 531 мектепті GPON технологиясы бойынша жоғары жылдамдықты интернетке қосуды жоспарлап отыр. Бұл білім беру мекемелерін цифрландырудың және мектептердегі интернет байланысының сапасын арттырудың келесі кезеңі болмақ.

2024 жылы “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы бойынша 217 мектеп құрылысының бірінші кезеңі аясында 104 оқу орны пайдалануға берілді. Олардың көпшілігінде Қазақтелеком талшықты-оптикалық байланыс желілерін салып, жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізуді қамтамасыз етті. Жалпы, бүгінде 7 866 мектептің 4 000-ға жуығы компанияның қызметімен қамтылған. Өткен жылы шамамен 240 шақырым талшықты-оптикалық желілер салынған, бұл 374 мектепті қосуға мүмкіндік берді. 2025 жылы тағы 300 шақырым талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу және 531 білім беру мекемесін қосу жоспарланған.

“Білім берудің қауіпсіздігі мен сапасы - қоғамның табысты дамуының іргелі қағидасы. Қазақтелеком білім беру мекемелерін цифрландыруға бағытталған стратегиялық маңызды бастамаларды іске асыруды жалғастыруда. Біз бұлтты бейнебақылауды қоса алғанда, заманауи технологияларды енгізе отырып, жергілікті атқарушы органдармен белсенді байланыстамыз“, – деп атап өтті "Қазақтелеком" АҚ Басқарма мүшесі, корпоративтік бизнес жөніндегі дивизионның бас директоры Әлібек Ындықбаев.

Компанияның 2024 жылғы маңызды бастамасы "Мемлекеттік-жекеменшік - әріптестік 1.0" жобасы шеңберінде ауылдық мектептерде интернет-қосылу жылдамдығын едәуір арттыру болды. 891 оқу орнында қолжетімділік жылдамдығы 5 есеге — 10 Мбит/с-тан 50Мбит/с-қа дейін ұлғайтылды. Бұл қашықтықтан оқыту мен онлайн білім беру қызметтерінің сапасын айтарлықтай арттырды.

Интернет-инфрақұрылымды цифрландырудан басқа, өткен жылы Атырау және Қарағанды облыстарының мектептерінде бұлтты бейнебақылау бойынша ауқымды жоба іске асырылды. Екі өңірдің 300 оқу орнында білім беру міндеттеріне бейімделген 4,5 мыңнан астам камера орнатылған.

Сонымен қатар Қазақтелеком цифрландыру мүмкіндіктерін кеңейте отырып, білім беру мекемелері үшін Smart-шешімдерді белсенді дамытуда.

Алматы облысының Атырау, Қонаев және Арна ауылының оқу орындарында Аqyldy mektep пилоттық жобасы — трафик сүзгісі бар интернет, Wi-Fi жабыны, жасанды интеллект базасындағы бейне аналитика платформасы және дабыл түймесі бар кешенді шешім іске асырылуда.

"Әрбір байланыс тек технологиялық қадам ғана емес, сонымен қатар болашақ ұрпаққа қосқан үлес. Біз 21-ғасырда цифрландыру тиімді білім беру процесінің негізгі құрамдас бөлігі екенін түсінеміз. Біз осы маңызды өзгерістің бір бөлігі бола алатынымызды мақтан тұтамыз", – деді "Қазақтелеком" АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Арнұр Нұрқатов.

Компания мектептерге заманауи технологияларға қолжеткізуді қамтамасыз ете отырып, қауіпсіздік деңгейін арттырып, сондай-ақ жаңа буынды оқыту үшін жағдайларды жақсартып, білім беру мекемелерін цифрландыру бойынша жұмысты жалғастырмақ.

Талқылау