"Қазақтарға да үйретіп жүрмін": Қазақша курс ашқан өзге ұлт өкілдері тіл үйренушілерге ерекше әдістеме оқулық жазғысы келеді
Шешен қызы Ализа Қайхарова мен орыс қызы Ирина Охрименко қазақ тілін ғана емес, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет ғұрпын көпшілікке дәріптеп жүр. Олардың бірі небәрі 20 жасында курс ашса, екіншісі қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан. Stan.kz тілшісіне қос ару қазақ тілін қалай үйренгендерін және оған не түрткі болғанын айтып берді.
Ирина Охрименко – Абай облысы, Жарма ауданы, Салқынтөбе ауылдық округінің тумасы. Ұлы Абай топырағында кіндік қаны тамған. Балалық шағы да осы өлкеде өткен екен. Кілең қазақтың ортасында тәрбиеленіп, тілі де қазақша шыққан.
"Қазақы ортада өсіп, қазақ тілін балалық шақтан бері бойыма сіңірдім. Қазақ тілін үйренуде маған ортам көмектесті. Қазақ ауылында, қазақ мектебінде білім алдым. Қазақ сыныбында оқыған соң, бұл тілге деген қызуғышылығым одан әрі арта берді. Барлық досым, көршілеріміз қазақ болды. Аулада бірге ойнап, бір тілде сөйлейтінбіз. Бастапқыда әрине, жат тілде сөйлеу қиынға соқты. Кейін бірте-бірте олардың айтқан сөзін қайталап, қасынан бір елі қалмай еріп жүретінмін. Нәтижесінде, тез меңгеріп, сөздерді жаттап, еркін сөйлейтін болдым. Әлі күнге дейін ол достарыммен араласып тұрамын. Ұлтым орыс болса да, ата-анам қазақ тілін меңгеріп шығуыма үлкен үлес қосты. Әке-шешем – орыс, ал мен – қазақпын. Сонымен қатар Найман руының келінімін", – деді тіл орталығының негізін қалаушы Ирина Охрименко.
Қазақша судай сөйлейтін орыс қызы Семей қаласында ELC тіл мектебінің негізін қалаған. Иринаның мемлекеттік тілді үйрету әдістемесі бар. Шығыс өңірінде одан тіл үйренгісі келетіндердің санынан көз сүрінеді. Иринаның сөзінше, арнайы бағдарламамен оқытатын кей тіл орталықтары мен курстарының тиімділігі төмен. Айтуынша, мұндай оқу орталықтары тілге деген жанашырлықтан емес, табыс табу көзі ретінде жұмыс істейді.
"Орталықта қазақ және ағылшын тілдерінде сабақ беремін. Қазақ тілін 2015 жылдан бері үйретіп келе жатырмын. Негізгі мамандығым – ағылшын тілі мұғалімі. Ата-аналар қазақша сөйлегенімді естіп, "балаларымызды оқытыңызшы" деген сұраныспен келгенде, келіскен едім. Қазақ тілін оқытуда басқа мұғалімдерден ерекшелігім бар. Біздің мектепте оқу тілінің 2 әдістемесін қолданып, білім беремін. Бұл тілді оқытуда өзімнің бастан өткен қиындықтарымды ескере отырып, басқа білім алушыларға оңтайлы әдіс-тәсілді ұсынамын. Оқу орталығында қазақтарға да қазақ тілін үйретіп жүрмін", – деді орыс қызы Ирина.
Иринаның сөзінше, қазақстандықтардың әрқайсысы мемлекеттік тілді білуі парыз.
"Қазақстанда өмір сүргеннен кейін сол мемлекеттің тілін меңгергенің алдымен өзіңе артықшылық болады. Кез келген ортада өзіңді еркін сезінесің. Мектепте оқып жүргенде қазақ тілінен пәндік олимпиадаға қатыстым. Түрлі іс-шараға қатысып жүлделі орындар алдым. Екіншіден, мамандығым бойынша ғана емес, қазақ тілін үйрете жүріп қосымша табыс тауып жатырмын. Ең бастысы – еш қиналмастан барлық жерде қазақша диалог жүргізе аламын”, – дейді ол.
Ирина Охрименко патриот болу өз елін, жерін және тарихын жақсы көруден деп түсіндірді.
"Мен – өз елімнің патриотымын. Себебі Қазақстанды жан жүрегіммен жақсы көремін. Қазақстан Отаным болғанына мақтанамын. Әлеуметтің патриоттық сезімі оянғанда, мемлекеттік тілге деген құрмет артқанда ғана біз қазақ тілінің мәртебесін көтереміз. Тек қазақ тілінің мамандары, ғалымдар, тіл жанашырлары шырылдағанымен түйткіл бірден шешілмесі анық. Әркім өзінің үлесін қосуы керек деп санаймын. Азаматтар ана тілін шұбарламай, таза, анық сөйлесе құба-құп болар еді", – деді тіл мектебінің негізін қалаушы Ирина.
Бұдан бөлек, ол қазақ тілі басқа тілдермен салыстырғанда жеңіл тіл екенін жеткізді.
"Тіл білмеу себебін қазақ тілінің күрделілігіне сілтеген адамдармен мүлдем келіспеймін. Егер адам шын ниетімен қаласа, барлығын жасай алады. Барлығы біздің қолымызда! Басты арманым – "Қазақ тілі әдістемесі" оқулығын жазып шығару", – деді орыс қызы Ирина.
Ал ақтөбелік Ализа Кайхарованың ұлты – шешен. Жасы небәрі жиырмада болғанына қарамастан өзге ұлт өкілдерін және қазақтарды қазақша сөйлеуге үйретіп жүр.
"Құдайберген Жұбанов атындағы "Қазақ филологиясының" 4-курс студентімін. Сонымен қатар Qazaqvibe тіл орталығының негізін қаладым. Мектепті 11 жыл бойы орысша оқыдым. 2 жыл ішінде тұрмыс тіршіліктегі қазақ тілін үйрендім. Қазақ тілін 6-сыныпқа дейін білген жоқпын, одан кейін ғана тілге қызығушылығым оянды. Себебі тіл тез меңгеріп кетуіме ата-анамның және қазақ тілі пәнінен беретін мұғалімнің тікелей ықпалы болды. Университеттің бірінші курсында жоғары деңгейдегі қазақша оқығаным дұрыс болды ма деген ойлар мазалағаны рас. Бірақ кітап көп оқып, ортамды өзгертіп, тек қазақша сөйледім. Қазақша музыка тыңдап, түрлі жанрдағы фильмдерді көрдім", – деді Ализа Кайхарова.
Сонымен бірге шешен қызы Ализа тіл үйрету ісін қазақ тілі курсына мұғалім бола жүріп, қолға алған. Сұраныстың жоғары екеніне көзі жеткен соң, өзі жеке курс ашыпты. Қазірдің өзінде бес топқа қазақ тілін үйретеді. Әр топта оннан аса тәлімгері бар. Ал жеке сабаққа жазылатындардың көбі мемлекеттік қызметкерлер екенін айтты. Тіпті ел алдында жүрген лауазымды шенеуніктердің өзі шешен қызының алдына келіп, қазақша үйренген.
"Бүгінде орталықта әдістемем бойынша тағы бірнеше педагог жұмыс істейді. Осы орайда орталықты үлкейту туралы ойымыз бар. Курсқа қазақтардан басқа, түрлі ұлт өкілі келеді. Бірі тұрмыстағы қазақ тілін меңгергім келеді десе, екіншісі жұмыс барысында қажет екенін айтады. Курс ашудағы басты мақсатым – өзім сияқты қазақ тілін үйренгісі келетін әр азаматқа қазақ тілін дәріптеу. Себебі түк білмей, кейін қазақша судай сөйлеп кеткендер де болды. Көбінің тіл білмеуі әртүрлі себептен деп ойлаймын. Себебі отбасында бұл тілде сөйлемеген шығар. Мысалы, отбасында орыс тілінде немесе басқа тілде сөйлеуі мүмкін. Кез келген адам тілді жетік білгісі келсе, үйрену өз қолында. Курсқа қатысқан әрқайсы 3 айдың ішінде бірінші нәтиже көрсетсе, келесі 6-8 ай ішінде тұрмыстағы қазақ тілін ауызекі тілде сөйлей алады", – деді Ализа.
Бұған қоса Ализа мектеп оқушыларына да, ересектерге де сабақ беретінін атап өтті.
"8 жастан 64 жасқа дейінгі оқушыларым бар. Бұл курсымды Алматыда, Астанада, Павлодарда, Өскеменде, Көкшетау қалаларында ашқым келеді. Кейбір грамматикалық ережені жеңілдетіп, тәлімгерлерге оңтайлы болуын қадағалаймын. Себебі өзге ұлт өкілдеріне қиынға түсетінін білемін. Сондықтан ереже ежіктеп, тілді меңгергісі келетіндердің ойын сан-саққа жүгіртпеймін. Ауызекі тілде сөйлесуді және ситуациялық жағдайлардан шығудың жолын көрсетуге тырысамын", – деді Ализа Кайхарова.
Шешен ұлтының қызы қазақтардың ұлттық мерекелерін тыс қалдырмайтынын жеткізді.
"Әрине, наурыздан "Жаңа жылдан" бастап біз қазақ ұлтының дәстүрлі мереке-мейрамдарын тойлаймыз. Мәселен, отбасымызда тұсау кесу, бесік той сияқты салт-дәстүрлерді ұстанамыз және дәріптеп жүрміз. Әр мейрамның өз ерекшелігі бар. Одан қалды жұма сайын жеті шелпек пісіріп тұрамыз", – деді Ализа.
Ализа елінің патриоты екенін және Қазақстанға ерекше сүйіспеншілікпен қарайтынын тілге тиек етті.
"Қылықты қыз, ұлтжанды ұл болсын десек, ең біріншіден, тілімізді, ділімізді, салт-дәстүрлерімізді – бәрін үйретуіміз қажет. Келешек ұрпақ, замандастарымыз тілді терең меңгергені дұрыс. Қазақ тіліндегі ең әдемі сөз "махаббат" деп ойлаймын. Махаббат болса, бәрі болады. Себебі Отаныңа, анаңа және тіліңе деген сезімді айтып жеткізу мүмкін емес", – деді Qazaqvibe курсының негізін қалаушы Ализа Кайхарова.