Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұрындары қазақ қыздары күйеусіз қалмаған": Қазақтар қыздың оң босағада отырып қалмауын қалай қадағалаған, жарды қалай таңдаған?

Қазақта жар таңдаған кезде үлкен буынның бірқатар кеңестерін, ырым, жоралғыларды ескерген. Бірінде ұл, бірінде қызы бар, бірін-бірі жақсы танитын отбасылар балаларын атастырып қоятын болған. Одан бөлек, ауқатты отбасыдан шыққандар қыз көру немесе қыз таңдауға барған. Қазақтар қызды жар етер алдында оны қалай таңдаған, қандай белгілеріне мән берген. Stan.kz редакциясы тарихшы, этнографтардан сұрап білді. 

Бесік құда

Тарихшы, этнограф Ахмет Тоқтабай қазақтың көне қыз таңдау дәстүрлері жайлы бірқатар деректермен бөлісті. 

Оның бірі "Бесік құда" - дәстүр бойынша қыз бала, ұл бала туған соң атастырып қою.

"Барлығы бірдей "бесік құда" бола бермейді. Әр отбасында әртүрлі жағдай болады. Қыз бойжеткен соң атастырылып қойған жағы құда түспесе, қыздың басы әлі бос болады. Құдаласқандығының белгісі ретінде қамшыны шалқасынан қойып қояды. Алтай-Тарбағатай қазақтарында бұл дәстүрді кездестіргенмін. Қамшыны кілемге шалқасынан қояды, егер қамшы ашылып жатса, бұл үйдің қызының басы бос дегенді білдірген", - дейді Ахмет Тоқтабай. 

Тағы бір жоралғы - қамшы ілу жайлы тарихшы былай дейді:                     

"Қыз таңдауға қатысты тағы мынадай дәстүр бар. Бір кісі бүркіті ұшып кетіп, оны іздеп жүріп бір ауылға келеді. Бүркіт қонған үйдің тұрғындары құсқа жібек бау тағылғандықтан иесі бар бүркіт деп топшылайды. Бүркіт иесі келгенде, құсын сақтап, табыс еткендері үшін алғысын айтады. Сонда әлгі үйден қыз баласын байқап, құда түсейік деп ұсыныс жасайды, қамшысын тастап кетеді. Осылайша екі жақ құда болады. Сол кісілер әлі де өмірде бар", - дейді тарихшы. 

Сондай-ақ, оған көбіне ауқатты кісілердің балалары ғана қатысады деп саналған. Себебі барлығы қыздың текті жердің отбасына баруын қалаған. 

 

Адамды бір көргеннен танитандар болған

"Қазақтың ауқаттылары, байлары мен билері қыз көреміз деп жариялайды екен. "Анау пәленше батырдың ұлы қыз айттырмақ" деген кезде жайлауға қыздар өз еркімен киініп, атқа мініп, алқа, білезіктерін тағып тұрады. Сонда бір топ адам қыздарды қарап, таңдайды. Өздеріне келешек келінді осылайша таңдап алады.

Дәл осындай оқиға албандар арасында Кеген жақта орын алған. Олар қырғыздардан қыз аламыз деп, жайлауға шыққан. Олар 100-дей қызды таңдауға қойған. Әрине, бұл алдын ала айтып,  келісілген. Осындай дәстүрмен түскен келін жайлы әңгіме кейін  бірталай жазылды. Әрине, әркімнің отбасылық дәстүрлері бар. Қазақ халқы атты да, адамды да сынаған. Адамды бір көргеннен танитандар болған", - дейді тарихшы Ахмет Тоқтабай. 

Айтуынша, ерлер қыз келіншектерді таңдағанда жүрген жүрісі, қылығына мән береді екен. Сондықтан үлкен кісілер ұлына болашақ келін іздегенде байыппен таңдаған, жаңылыспаған. 

Қызыл империя кезінде қазақ әйелдерінде теңдік болған жоқ, оларды малға сатты деген ақпараттар көрініс тапты. Қазақтың әйел образын осылай көрсетті. Шындығында олай емес, дейді тарихшы. 

 

Қаз дауысты Қазыбек бидің атасы ұлына кемтар қыз таңдап берген

"Қаз дауысты Қазыбек бидің әкесі Келдібек әйелін қалай таңдағаны жайлы оқиғаны айта кетейін. Келдібекке оның әкесі "мына қызды аласың" деп айтқан екен. Қазыбек бидің шешесі кемтарлау болған деседі. Келдібек те ақылдылығымен әкесінің сөзін тыңдап, кемтар қызды алған. Осы қыздан Қаз дауысты Қазыбек би туған. Бұл әйелдің омырауы үлкен болған екен. Сонда Қазыбек би анасының екі омырауындағы сүтін еміп өсіпті. Басқа балалары бір омырауыдағы сүтті де тауыса алмайды дейді. Сонда бұл келешекте ел басқарады деп сенген екен. Түрінен көріп бірден айтыпты. Ол кезде сұлулар аз болды дейсіз бе? Келдібек сол заманда Құнанбайдай беделді, қолында билігі бар адам болған, ұлына бір аяғы кемтар қызды таңдап отырғанында да бір мән бар болып тұр. Ал қазір немерелеріңе осылай айтып көрші?! Кемтар деп, бетіңе салық қылады," - дейді Ахмет Тоқтабай. 



Этнографтың айтуынша, қазіргі қазақтар ұлттық тәрбие, салт-санадан айырылып қалған.

"Түркітанушы, этнограф Василий Радлов "қазақтарда гармония бар" деп айтқан. Қазір біз содан айырылып қалдық. Диспропорция пайда болды, қыз балалар көп, ұлдар аз болып отыр. Ұл балалар кейде дұрыс тәрбие алмай, жұмыс істегісі келмейді, ерте жастан түрмеге түсіп жатады. 

 

Күйеу баланы таңдағанда не нәрсеге мән берген?

Ахмет Тоқтабай қазақта ер баланы кісесінен таңдайды дейді.

"Белбеу буынғаны: бос болып тұра ма әлде сымдай тартылып тұра ма. Кісі болатын жігітті кісесінен таныған. 

Жігіттер белбеу тағып, қынадай, сымдай тартып отыратын. Бос белбеу деген содан шыққан тіркес. Жігіттің ата тегіне мән берген. 

Құлағы тым үлкен екен, ақылсыздау бола ма деп айтатындар болған. Оны бірнеше адам сынаған. Қазақтың үлкен ақсақалдары мен салиқалы әжелері адамды бір көргеннен танитын", - дейді тарихшы. 

 

Қазақтың ұл-қыздары ерекше зерек болған

"Моңғолия жақта бір кісі қыз айттыратын болып, көруге барады. 18-ге толатын бойжеткенді айттырмақ ойлары болған екен. Қызға қарап, көпті көрген кісі "Қарағым, бұл қызды алма, бұның бір жыл өмірі қалды" депті. Үлкеннің сөзін тыңдаған жігіт қызды жар етіп алмапты. Арада бір жыл өткен соң әлгі қыз ауырып көз жұмыпты", - дейді тарихшы. 

Этнограф тағы бір мысалында қазақ қыздарының  дәстүрге берік, зеректігін айтады:

"Оспан батырдың қарсыласы болған кісі бір үйге қонған екен. Ертесінде қонақасын беріп отырғанда, сол үйдің қызының көзі әлгінің ет турағанына түседі. Оның Оспан батырдың жауы екенін бірден ұққан. Сонда қыз ер адамды ет турағанынан таныған. Шынында да қонақ болып түскен ер адам Оспан батырдың ауылына кіріп, бақылап жүрген тыңшы болып шығады. 

Моңғолияда экспедиция кезінде  көлігіміз батпаққа батып, су, тамақ ішпей жүріп әбден шаршаған едік. Сөйткенде ауылдың шетінде бір әйелді жолықтырдық. Бірнеше адамның үйін көрсетіп жіберіңізші дегенде, әлгі әйел бізге олардың атын бала кезден атамағанын жеткізді, сондықтан үйлерін де көрсетіп жібере алмаймын деді. "Жазу білсеңіз, жазып беріңізші" деп өтіндік. Осылайша әйел қағазға бізге қажетті адамдардың аттары мен үйлерін жазып берді. Келіншек айдалада ешкім естімесе де, әлгі адамдардың есімдерін атай алмады.

"Өмір бойы атамаған адамның есімін қалай атаймын?" деді ол. Осыдан дәстүрдің қалай сақталғанын көре аламыз. 

 

Қазақтар қыздарын қазақ азаматына тұрмысқа берген

Этнограф-жазушы, өлкетанушы Төрехан Майбас ұрпақ қалдыру қазақта ерекше маңызға ие болғанын айтады. Сондықтан бабаларымыз оған ерекше көңіл аударған, дейді ол.

"Ең бастыcы, қазақтар қыздарын қазақ азаматына тұрмысқа берген. Екіншіден, кез келген қазақтың азаматы бәйбішесін қазақ қызынан алған. Жат жұрттың қызын қазақта тек тоқалдыққа алған. Біздің бабаларымыз өз ұлтының қызының дәрежесін түсірмеген, оларды барынша сыйлаған", - дейді ол. 

 

Сүйек құда

Төрехан Майбас қазақтың көне дәстүрінің бірі "Сүйек құда" - бір рудың басқа текті рулармен құдаласуын текті ұрпақтардың дүниеге келуіне себепті болған жоралғы дейді. 

"Қазақта "сүйек құда" деген түсінік бар. Яғни, қазақ азаматы өзінің жарын өзі таңдамайды. Оның жарын ата-анасы, туған-туысқаны, руы, ауылы таңдайды. Қыз таңдау, қыз көру деген осының ішіне кіреді. Қазір біз бұл дәстүрді ұсақтатып алдық. Жеңгесін, әке-шешесін көруі қазір қыз таңдау, көру деп айтылып жүр", - дейді ол. 

Айтуынша, бұл дәстүр болмаса, қазақтан шыққан ұлылар дүниеге келмес еді. 

"Бұл - керемет дәстүр. Әйтпесе бұл дүниеге Абайлар, Шоқандар қалай келетін еді? Сүйек құда махаббат емес, бұл келешекті, кейінгі ұрпақты ойлау. Абай кейін талай тоқал алды, текті ұрпақтары дүниеге келді. Жігіттердің де, қыздардың миына осыны құйып қоятын. Олар онша қарсылық та көрсетпеген. Екі жақ өмір сүріп кетеді, мықты отбасы, ру болады. "Сүйек құда" дегенді қазір ешкім керек қылмайды, еш жерден таба алмайсың", - дейді этнограф. 

Айтуынша, қазір кейбір азаматтар осы дәстүрді жандандыра бастағанын байқауға болады.

"Отбасымен құда боп жатқандар бар. Осындай талай отбасыны білемін, бізге осындай нәрселер керек. 

Қыз-жігіттің жақсы қасиетін байқамауы мүмкін, алайда әке-шешесі байқайды. Осылайша екі жақтың көзін ашсақ, жақсы отбасы болып кетеді деп ойлаймын", - дейді ол. 

 

Қазақ қыздары күйеусіз қалмаған

"Бізде қазір дисгармония пайда болды. Бұрын ешқандай қыз, әйел үйде отырып қалуы болмаған. Кез келген уақытта оған күйеу тауып беріп отырған. Себебі оның күйеуі болмаса, қоғам бұзылады деген түсінік қалыптасқан. Еркектер оған нәпсімен қарайтын болады, еркектерді, ауылды бұзады деп есептеген. Көзі соқыр ма, жас па, кәрі ме - міндетті түрде біреудің босағасына барып отырған, еш уақытта тұрмысқа шықпаған аруларды кәрі қыз қалпында қалдырмаған. Қазақтың кемеңгерлігі осы.

Жесір әйелді де жалғыз қалдырмаған, себебі еркектің бәрі сол есікке қарайды. "Отырып қалған" қыздар мүлде болмаған. Әмеңгерлік те осыдан шыққан. Қандай жағдай болмасын күйеусіз болмасын дейді. Бұл - кеміл пәлсапалар. Алайда қазір бұл жеке бастың қамына айналды", - дейді Төрехан Майбас.

Ахмет Тоқтабай да бұл пікірді қостайды. Айтуынша, қазақтар жіттерді үйлендіріп, қызды тиісті жеріне ұзататын. Олардың кесірі бізге тиеді деп санаған. Соның бәрін елді басқарып отырған адамдар ұйымдастырған, дейді ол.

 

Бесінші әйел - "аяқ-бау"

"Қазақтар төрт әйел алған. Бұл - шариғаттың каноны. Бесінші әйелді "аяқ-бау" дейді. Бұрын бір атадан он шақты бала туған, отбасы көп болған. Ері соғысқа кетіп, сол күйі оралмағандардың әйелдерін күйеуінің ағасы не інісі алады. Тіпті болмаса жақын-жамағайы бар. Төрт әйелі барлар алатын болса, мұндайда бесінші әйелді - аяқ-бау дейді, мұның мағынасы - некесіз. 

Содан да болар, қазақта айырылысу, жыныстық ауру деген болмаған", - дейді  Төрехан Майбас. 

 

Қызды тамақ жегеніне қарап алған

Этнограф Ахмет Тоқтабай қазақтар қыз таңдағанда аққұба қыздың зорын ал, етжеңді қыздар ерекше сұлу болады, болашақ ана болуға әбден лайықты деп санаған, дейді.

Тарихшы Төрехан Майбас қыздың балтыры мен мықымына да мән бергенін айтады. Мықымы ірі болуын да ескерген, дейді. 

"Батыр балаларға дұрыс қызды қайдан табамыз деп Абылай батырға ұзақ уақыт қыз іздеген екен. Бірде бір үйге түссе, жас қыздың бет-аузы қаймақ-қаймақ болып отыр екен. Май айналдырып отырған. Басқа біреу болса безіп кетер еді. Мыналар қыздың дәулетті бола тұра, ысырап қылмай отырғанына мән берген екен. Осылайша батырдың қызын алып берген екен", - дейді ол. 

Талқылау