Қазақcтанда грантқа түсе алмай қалған жас спортшылар мен ата-аналар шу шығарды
Елімізде оқу грантының дауы әлі басылмай тұр. Алматыдағы Спорт және туризм академиясының алдына бас-аяғы жүзге тарта адам жиналып, жоғары ұпай алса да, грантқа түсе алмай қалған балаларының мәселесін көтерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабаралайды.
Талапкерлер таң атпай Спорт және туризм академиясының алдында жиналды. Басшылыққа базынасын айта келген түлектер мен ата-аналар неліктен грант саны қысқаратынын сұрады. Ал баллы жеткенімен, бабы келмеген түлектер ата-анасына салмақ салмай, грантқа түскісі келгенін айтып қалды.
"Жалпы 120 баллдан 110 жинадым. Бірақ осы жерге грантқа түсе алмадым, грант иегері атана алмадым. Негізінен қазақша күрес, дзюдомен айналысамын. Бала кезден арманым еді", - дейді талапкер Шыңғыс Айдынұлы.
Білім министрлігі 2020-2021 жылға арналған 53864 білім грантының 4088-ін жаратылыстану, 3815-ін ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, 2700-ін денсаулық сақтау, 1565-ін ауыл шаруашылығы, 979-ін іскерлік, басқару және заңгерлік салаларына бөлсе, спортқа 350 грант беріпті.
"Көп жағдайда дене шынықтыру пәнінің мұғалімдеріне басымдылық береді. Спорт мамандары, жаттықтырушылар, спорт нұсқаушылары назардан тыс қалып қойып жатады", - деді Спорт және туризм академиясының бірінші проректоры Мұхтар Зейноллаұлы.
Талапкерлер арасында еліміз бен әлемдік додаларда топ жарғандар көп. Бөлінген грант бокстан үнемі жеңіспен оралатын баласына бұйырмай тұрса да, Ерлан Айтқалиұлы өз күшіммен баламды қалайда әлемге танытамын дейді.
"Құдай қаласа балам әлі чемпион болады, олимпиада чемпионы болады, сол кезде көреді ғой... Сосын ертең Қазақстан айтады ғой: "Ой, біз қарық қылдық, осыларды оқыттық" - деп мақтанады. Ал оны әке-шешесі осылай күнімен, түнімен жүріп оқытқан", - деді Ерлан Айтқалиұлы.
Грантқа тапсырып, конкурстан өте алмай қалған талапкерлердің басым көпшілігі 90-100 баллдан жоғары жинағандар. Тіпті, олар физикалық емтиханнан да сүрінбей өткен көрінеді. Ал академия басшылығы грантты білім және ғылым министрлігі бөледі, ал біз тиісті құжаттарды тапсырдық деп ақталған.

Қазақстандық блогерлер "лотереяға" тыйым салатын заңды айналып өтудің жолын тапты
