Соңғы жаңалықтар

“Қазақстаным аман болсын”: 25 жыл бұрын елден кеткен неміс әжей елдің жүрегін елжіретті (видео)

Желіде өзі неміс болса да, жаны қазақ әжейдің видеосы көптің талқысына түсті. Осыдан ширек ғасыр бұрын Қазақстаннан Германияға қоныс аударған кейуана әлі күнге дейін қазақ тілін ұмытпаған. Ол аз десеңіз, күндіз-түні қазақ халқының тілеуін тілеп отырады екен, деп жазады Stan.kz.

"Қазақстаным аман болсын": 25 жыл бұрын Германияға көшіп кеткен неміс әжейдің сөзі елдің жүрегін елжіретті (видео)

Ролик авторы Исмаилбек Беккужиннің айтуынша, елден 25 жыл бұрын кеткен әжей бүгінде Германияда болатын қазақша концерттердің бірін қалдырмайды.

“Қазақша концерт көріп, мәз болдық. Домбыра деген басқа халықтарда, дүниеде жоқ музыка. Тамашаладық, риза болдық. Жастарға беретін тілегім, бастары аман болсын, Алланың әрқайсысының отбасына беретін жақсылығы таусылмасын. Қазақ халқым аман болсын. Барлықтарыңыз аман болыңыздар.

Қазақ айтады ғой: “Орыстан досың болса, қолыңда айбалтаң болсын”, – дейді. Орысқа сенім жоқ, қазақ халқына не жетеді?!” – дейді самайын ақ басқан кейуана.

Әжей Қазақстанға келмегеніне бірнеше жылдың жүзі болғанын айтады. Себебі қазір денсаулығы сыр берген.
“Жылда баратын едім, ауырып қалдым. Қазақстанға бармағалы көп болды. Бірақ күнде Алладан сұраймын, Қазақстаным аман болсын. Халқымның тамағы тоқ болсын, уайым жоқ болсын. Тыныштық болсын деп тілеймін Алладан”, – дейді әжей.

Желі қолданушылары әжейдің сөзіне тәнті болды.

“Бәрекелді, неміс апам жарайсыз”, “Ең қызығы, бұл посттың мағынасы барлығымыз қазақша сөйлейік дегенге келеді. Ал пікірлердің басым бөлігі орыс тілінде”, “Немістер туған жерін, елін ұмытпайды. Жаман айтпайды ешқашан”, “Қалай таза сөйлейді, көзіңді жұмып тыңдасаң қазақ әжей сөйлеп отырғандай”, – деп пікір білдірді желі қолданушылары.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр