Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның және Паралимпиада ойындарының бірнеше дүркін чемпионы Азамат Оразбек: Көк байрағымызды әлемге танытсам деймін

“Жігітке жеті өнер де аз” деген ұстаныммен өмір сүретін қаскелеңдік Азамат Оразбек қай кезде де өзінің жігерлі қалпынан бір сәтке де танған емес. Қос қолынан ерте айрылғанына қарамастан, үстел теннисінен спорт шебері атанды. Сонымен қатар, өнерде де өз бағын сынап, әншілікті де жанына серік етіп келеді. “Сегіз қырлы, бір сырлы” жігітпен Stan.kz тілшісі де әңгімелесіп қайтқан еді.

Анамның бір ауыз сөзі тау қопарардай күш берді...

28жастағы Азамат Оразбек – Қызылорда облысының тумасы.  Балдаурен балалық шағында он екі мүшесі сап-сау, алаңсыз ойнап жүрген баланың бірі болдым деген ол ауыл маңындағы қуатты трансфарматордың үстіне шығып, өрістен қайтқан қойды көрмек болған. Сол мезет қуаттылығы өте жоғары трансфарматор оның қос қолын бірдей опырып кеткен. Бірақ кішкентай Азамат тағдырдың басқа салған сынына мойымады. Қасқайып қарсы тұрды.

“Оқиғаның қалай болғаны әлі күнге дейін көз алдымда. Ол кезде балалықпен аса қатты мән бере қойған жоқпын. Бірақ бұл сынақ керісінше мені шыңдай түсті. Отбасында үйдің үлкені болдым. Анам Ырысалды еш уақытта егіліп жылап, жігерін құм қылған жан емес. Мүмкін бізге білдірмей ана жүрегінің жылаған сәттері болған шығар. Бірақ бізге ешқашан көрсетпеді. “Сенің қолыңнан бәрі келеді, балам” деген анамның бір ауыз сөзі маған тау қопарардай күш берді. Әуелі Алланың одан соң анамның қолдауының арқасында алдымнан кезіккен кедергінің бәрін оңай еңсеріп келемін. Қандай істі қолға алсам да, ең бірінші ойыма анамның сол бір ауыз сөзі оралады. Сөйтіп, өз-өзіме деген сенімділігім арта түседі”, – дейді Азамат.

Теннис айнымас серігіме айналды...

Спортшының айтуынша, бір қолымен теннис ойнау оған аса бір қиындық туғызбайтын көрінеді. Бұл қабілетін өзіне Алланың берген сыйы деп білетін Азамат теннис ойнаған сайын өзінің батылдана түсетінін айтады. Үстел теннисінің бүкіл адамзатқа керек екенін тілге тиек еткен кейіпкеріміз спорттың осы бір түрін ерекше жақсы көреді. 

“Спортқа 11 жасымда бет бұрдым. Үстел теннисінен алғаш рет Қарағанды қаласында бақ сынадым. Ең алғашқы жарыс болғандықтан, қобалжу басым болды ма, жеңіс тұғырынан көріне алмадым. Одан кейінгі жарыс Павлодар қаласында жалғасын тапты. Осылайша Қазақстанның түрлі аймақтарындағы жарыстарға қатыса бастадым. Уақыт өте келе өзімнің шеберлігім шыңдала түсті. Қазақстан бойынша шаң жұқтырмас жүйріктер қатарынан көріндім. Осылайша Қазақстан құрамасына қабылданып, халықаралық додаларға қатысуға бел байладым. Ең алғашқы халықаралық жарысым Йордания елінде өтіп, үшінші орынды қанжығама байладым”, – деп өзінің саладағы алғашқы жетістіктерін есіне алды спортшы.

Көк байрағымызды әлемге танытсам деймін..

Әрбірімізге шексіз мүмкіндік берілген деген Азамат Оразбек сол мүмкіндікті әрқайсымыз тиімді пайлансақ, алынбас қамал жоқ екенін айтады. Бүгінде жары Ажар екеуі үш перзентті тәрбиелеп отырған ата-ана ретінде ол өз мойнында үлкен жауапкершіліктің барын жан жүрегімен сезінеді. Ер азамат перзенттерінің болашағының жарқын болуы үшін сөзімен емес, тек қана ісімін үлгі болуға тырысып келеді. Бір сәт дамылдамай, үнемі ізденіс үстінде жүретін спортшы жаттығудан бір күн де қол үзген емес. Әлем бойынша маңдайы жарқыраған үздіктердің қатарынан табылу үшін осы жолда аянбай тер төгу қажет деп есептейді. Қыркүйек айының соңғы күндері Грецияда өтетін біріншілікте бақ сынайтын ол қазір Қазақстанның тоғыз дүркін чемпионы, сонымен қатар Азияның екі дүркін қола чемпионы.

«Күні бүгінге дейінгі жеткен жетістіктеріме ешқашан тоқмейілсіген емеспін. Бұдан да биік шыңдарды бағындыруды көздеймін. Қазақстанымның көк байрағын әлемге танытсам деймін. Тек армандап қою жеткіліксіз әлбетте. Осы жолда нақты мақсаттар қойып, табанды еңбек ету керек деп есепеймін. Осы бағыттағы жұмыстарымды жүйелі түрде жалғастыра бермекпін», – дейді ол.

Есті әндерді елге жеткізсем деп жүрмін...

Әдемі бір ән естісе, елең ете қалатын Азамат бала күнінен-ақ әнші болуды армандаған. Сол бір балаң шақтағы ізгі арман ақыры оны әншілікке жетелеп алып келді. «Анашым», «Қоштасу заңы», «Сағынамын» сынды әндері тыңдарманның көңілінен шығып үлгерген әнші алдағы уақытта бұдан да керемет әндерімен халықты қуантқысы келеді.

«Ән таңдағанда ең бірінші әні мен сөзінің бір-бірімен үйлесім табуына ерекше назар аударамын. Халыққа ой салатын, есті әндер кезіксе, оны елге жеткізгім келіп тұрады. «Жігітке жеті өнер де аз» демекші өмірде өзімді барлық қырымнан сынап көргім келеді. Қазіргідей заманда қол қусырып отыруға болмайды. Сонымен қатар, үш перзентімнің өте жақсы деңгейде өмір сүргенін қалаймын. Олар өздері қалаған оқу орындарында оқыса деймін. Ата-ана ретінде оларды барлық қажеттіліктермен қамтамасыз еткім келеді. Сондықтан да тынбай жұмыс істеуге тырысамын. Тапсырысқа қарай, тойларда, түрлі салтанатты жиындарда ән шырқаймын. Әншілік – менің қосымша табыс көзім», – деген Азамат әрбір ер жігіттің еңбекке құлшынып тұруы қажет екенін айтады.

Өздігінен жүріп-тұра алмайтын жандарды қолдау қажет...

Ерекше қабілет пен таланттың иесі, бүгінгі кейіпкеріміз – Азамат Оразбек өз замандастарына үлгі боларлық жан. Қаскелең тұрғыны мемлекеттен берілетін жәрдемақыға сеніп отыра бермей, бір сәт тыным таппай, еңбек етуде. «Еңбек етсең - емерсің” деген тәмсілді өмірлік ұстанымы еткен Азамат қай жерде қолынан келетін іс болса, соның ешбірін де қалт жібермей істеуге тырысады.

«Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекет тарапынан мүмкіндігінше қолдау көрсетіліп келеді. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жандана түссе артық болмайды деп білемін. «Кемедегінің жаны бір» демекші әсіресе, өздігінен қозғала алмайтын жандарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе екен деймін. Әйтпесе, еліміздің көпеген шағын қалалары мен ауылды жерлерінде арбаға таңылған жандардың жүріп, тұруына тиісті жағдайлар жасалмаған. Тіпті, олардың ғимаратқа кіріп-шығуының өзі қиындық туғызатын жағдайлар кездеседі. Осындай олқылықтардың орны толса деймін», – деп өзінің ұсынысын да жеткізді кейіпкеріміз.

Дайындаған: Гүлмира САДЫҚ

Талқылау