Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақтың елі, жері екенін барлығы мойындауы керек": Сарапшылар Қазақстанның ұлттық идеясы туралы

Әр мемлекеттің ұлттық идеясы болашағының алтын діңгегі іспетті. Бүкіл ұлтты жынысы мен жасына қармастан біртұтас мақсат жолында жұдырықтай жұмылуға шақырауда ұлттық идеяның маңызы зор. Қазақстанның ұлттық идеясы қандай? Бұл туралы сарапшылар мен қарапайым бұқара не дейді? Stan.kz тілшісі сауалнама жүргізіп, анықтап көрді. 

саясаттанушыларБерік Әбдіғали, Дос Көшім, Досым Сәтпаев.
 

Саясаткер Дос Көшім үшін ұлттық идея деген ұғым тұтас қазақ мемлекеті дегенді білдіреді. Оның пікірінше, елімізде жасалып жатқан барлық іс-шаралар мен заңдар қазақ мемлекетін құруға, нығайтуға бағытталуы керек.

"Мен үшін ұлттық идея - қазақ мемлекеті. Бірақ қазақтар ғана тұратын мемлекет, қазақтарға ғана ерекше көңіл бөлінетін ел деген сөз емес. Осы елде тұратын басқа азаматтар да бірдей құқықта болу керек. Мысалы, ертең орыс азаматынан президент болып жатса немесе парламенттің тең жартысы басқа ұлт өкілі болса, мен таңғалмас едім. Бұл барлық азаматтар теңқұқылы дегенді білдіреді. Дегенмен, қазақтың жері, елі екенін, қазақ тілінің мемлекеттік тіл екенін барлығы мойындауы керек. Бұл - мен үшін ең басты мәселе", - деп қысқа қайырған ол ұлттық идея туралы таным-түсінігіміз өзге дамыған елдердей болуын қалайтынын жеткізді. 

Саясаттанушы Берік Әбдіғалидың топшалауынша, еліміздің ұлттық идеясы толық қалыптасып біткен жоқ. Жыл сайын түрлі бағдарламалар мен жобалар ұсынылғанымен, жүзеге асыру барысында осалдық барын жасырмайды. 

"Бізде ұлттық идея толық қалыптасып үлгерген жоқ. Басқа шет елдер өзіндік даму жолын қалыптастырып, стратегиясын нақтылаған. Мысалы "америкалық арман" деп аталып кеткен Америка халқының даму, алға ұмтылу бағыты бар. Дәл сол сияқты Жапон, Қытай елінің де ежелден келе жатқан идеялары бар. Бізде де ұлттық бағытымызды айқындайтын идеялар көптеп айтылады. Бірақ шын мәнінде халықты жұмылған жұдырықтай ететін біртұтас идея әлі қалыптасқан жоқ", - деп кесіп айтты ол.

Берік Әбдіғали ұлттық идея - ұлттың арманына негізделу керек дегенді алға тартады. Аңсаған тәуелсіздігімізді алған соң да халыққа темірқазықтай жол көрсетер бағыттар мен бағдарламалардың іске асырылуы қиын екенін айтып қынжылды.

"Барлығы тек ұран деңгейінде қалып жатыр. Идея бар, айтылады, бірақ нәтиже жоқ. Меніңше жынысына, ұлтына қарамастан халықты бір тұтас ететін ұлттық идея әлі жоқ. Мүлде жоқ деуден аулақпын. Өкінішке орай, тәуелсіздіктен бері қарай біраз уақыт өтсе де өзгеріссіз келе жатырмыз", - дейді Берік Әбдіғали.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев қазақ халқы, оның ішінде билік басындағылар ұлттық идея ретінде ұсынған жобалар сәтсіз шыққанын айтады. Оның пікірінше, "жоғарыдан төмен" жіберілген идея қашан да жарамсыз.

"Жалпы алғанда ұлттық идея мынандай деп дөп басып айтатындай компромисс жоқ. Билік көп жылдар бойы үнемі жасанды сурогаттарды айтып келді. Біресе "2030 бағдарламасын", біресе "2050 жолдауын", біресе "Рухани Жаңғыру", "Мәңгілік ел" деген сынды жолдауларды ұлттық идея формасы ретінде ұсынғысы келгенімен, барлығы жансыз, жасанды болып шықты. Басты мақсат ұлттық идеяны қалыптастыру емес, бюджетті игеру болды деп ойлаймын. Меніңше, жоғарыдан төменге берілетін ұлттық идея жүзеге аспады, сәтсіз аяқталды. Ал төменнен жоғарыға ұсынылатын идея да жоқ. Неге? Өйткені қазақстандық қоғам әлі оған дайын емес және әртүрлі тап өкілдері ұлттық идеяны әрқалай түсінеді. Бірі дінмен, екіншісі саясатпен байланыстырады. Сондықтан төменнен әлі ешкім ұлттық идеяны ұсынған жоқ", - деп ағынан жарылған Досым Сәтпаев ұлттық идея деп бір ғана сөзді атауға болатынын жеткізді. 


Оның сөзініне сенсек, ер мен әйелді, жас пен кәріні, бай мен кедейді, мемлекет пен халықты біртұтас етіп, жұмылған жұдырықтай ете алатын бір ғана сөз - әділеттілік. 

"Әділеттілікті барлығы іздейді. Тіпті, бизнесте де әділеттілік керек. Заңның әділ болғаны керек. Әділеттілікті шағын бизнес те, білім қуалаған жастар да, тұрмыстық зорлық көрген әйелдер де қалайды. Әділеттілік деген ұғым қашан өз бағасын алған кезде ұлттық идеяның қаңқасы бола алар еді деп ойлаймын", - дейді Досым Сәтпаев. 

Stan.kz халық арасында әлеуметтік желілерде осы тақырыпқа байланысты сауалнама жүргізіп көрді. 

Алматы қаласының тұрғыны Қасиет Мұхтаров ұлттық идея ұлтаралық татулықтан құралуы керек деген ұстанымда.

"Қазақстан түрлі ұлттар шоғырланған ел. Сондықтан ұлтаралық татулық болуы керек. Алматы жақта әртүрлі ұлт өкілдері арасында көп дау-дамай болып жатады. Өзге ұлттармен қарым-қатынасымызды жөндеуіміз керек", - дейді Қасиет Мұхтаров. 

Әсетжан Жұмаханның пікірінше, ең алдымен мемлекеттік тіліміздің тұғырын жоғары көтеру керек. Ол ұлттық идея ұлттық тілді дәріптеу деп ұғынады. 

"Қазақ тіліміздің деңгейін көтеруіміз керек. Себебі барлық жерде қарым-қатынас тілі орысша болып бара жатыр", - деп тіл болашағына алаңдаушылық білдірді.

Құралай Матанова үшін ата салтымыз өте құнды және ұлтымыздың даму жолында оны дәріптеу маңызды болып табылады.

"Басқа ұлттармен салыстырғанда біздің салт-дәстүріміз өте әдемі, терең мағыналы. Менің ойымша, ата-дәстүрімізді күллі әлемге паш етуіміз керек. Ең керегі қазақпыз деген іргетасымызды мықтап қалауымыз керек", - дейді ол. 

Сауалнаманың толық нұсқасын Youtube каналымыздан көре аласыз. 

 

 

Дайындаған: Жанна МӘЛІК

STAN.KZ
Сәрсенбі, 09 Қыркүйек, 2020 11:57
Талқылау