Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның тағы бір өңірінде мұнай барлау жұмыстары басталмақ

Фото: freepik.com

Биылдан бастап Қазақстанның тағы бір өңірінде мұнай барлау жұмыстарын бастау жоспарланып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мұны Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Геология комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қанат Ерубаев мәлімдеді.

Журналистер брифингте Қостанай облысының Жангелдин ауданында мұнай табылғаны туралы ақпарат тарап жатқанын, “оны өңдеу жоспарда бар, жоғын” сұрады.

Қанат Ерубаевтың айтуынша, мұнай табу үшін алдымен “перспективалы тұзақ-аймақтарын” анықтау қажет.


"Екі алған оқушыға ұқсайсыз": Депутат Еділ Жаңбыршин мұнай компаниясының бас директорын қатаң сынады


Тоқаев мұнай-газ химиясы саласында ірі жобаларды іске асыруды тапсырды


“Бұл күрделі жұмыс, бірақ оны жүргізу міндетті. Солтүстік Торғай шөгінді алабы өте ауқымды. Бұл аумақта көршілес ел мұнай мен газ өндіреді. Демек, бізде де осындай кен орындарын анықтауға қолайлы геологиялық жағдай бар. Сондықтан Қостанай облысы аумағында сейсмобарлау жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз”, – деді ол.

Қанат Ерубаевтың сөзінше, барлау жұмыстары 2026 жылы басталып, үш жыл ішінде аяқталмақ.

Айта кетейік, Қазақстанда мұнай негізінен елдің батыс өңірлерінде өндіріледі. Ірі кен орындары мен негізгі инфрақұрылым да сол аймақтарда шоғырланған. Мұнай өндіретін басты өңірлер Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары. Ал Қызылорда облысында мұнай өндіру көлемі салыстырмалы түрде аз.

Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы Үкімет отырысында мұнай саласындағы күрделі ахуалға тоқталып, бұл сала жұмысын қатаң сынға алған еді. 

Нұрила Жұмаділлә
Жұма, 13 Ақпан, 2026 14:41