Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның сегіз облысында ауа райына байланысты ескерту жарияланды

Қазгидромет бірнеше өңірде ауа райына байланысты ескерту жариялады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Алматы облысының оңтүстігі мен таулы аудандарында тұман күтіледі. Солтүстік-батыстан соғатын жел солтүстік-шығыс бағытқа ауысып, екпіні 15-20 м/с құрайды.

Қызылорда облысында жел шығыстан соғады, облыстың орталығы мен шығысында күндіз екпіні 23 м/с артады.

Ақмола облысының солтүстігі мен батысында тұман болады. Оңтүстік-батыстан жел соғады, күндіз өңірдің солтүстігі мен батысында желдің екпіні 15-20 м/с құрайды.

Түркістан облысының солтүстігінде, батысында, таулы және тау бөктерлі аудандарында солтүстік-шығыстан, шығыстан жел соғады, күші 25 м/с жетеді.

Шымкент қаласында солтүстік-шығыстан, шығыстан жел соғады, екпіні 15-20 м/с құрайды.

Күндіз Солтүстік Қазақстан облысының солтүстік-батысында жауын-шашын (жаңбыр, қар), көктайғақ, баяу бұрқасын күтіледі. Түнде және таңертең облыстың оңтүстігінде тұман болады. Күндіз өңірдің басым бөлігінде желдің күші 15-20 м/с құрайды.

Күндіз Маңғыстау облысының солтүстігі мен орталығында шаңды дауыл күтіледі. Оңтүстік-шығыстан жел соғады, өңірдің солтүстігі мен орталығында жылдамдығы 15-20 м/с құрайды.

Түнде Павлодар облысының оңтүстігі мен шығысында тұман, көктайғақ болады.

Күннің екінші жартысында Қостанай облысының солтүстігінде жауын-шашын (қар, жаңбыр), жаяу бұрқасын, көктайғақ болады. Облыстың оңтүстігінде тұман күтіледі. Желдің күші – 15-20 м/с. Күндіз өңірдің басым бөлігінде 2-7 градус жылы болады.

Талқылау