Қазақстанның кейбір аймағында 1 қыркүйектен бастап электр қуаты қымбаттайды
Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап бірнеше өңірде тұтынушылар үшін электр қуатының тарифі қымбаттайды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының міндетін атқарушысы Асхат Жапсарбай айтып берді. Ол әр өңірде электр қуатының бағасы әртүрлі болатынын айтты.
"Шынымен де, Энергетика министрлігі электр қуатын өндіруші ұйымдар үшін тарифті орта есеппен 15 пайызға көтерген болатын. Қарапайым электр тұтынушыларға оның әсері қандай болатынына келсек, қазір бұл мәселе пысықталып жатыр. Орта есеппен тариф 7,2 пайызға өседі. Яғни өңірлер арасында айырмашылық болады. Бұл тарифті көтерген кезде қарапайым халыққа әсер етпейтіндей етіп өткізуге тырысамыз. Яғни сараланған тариф белгілейміз. Осының арқасында қарапайым халыққа ауыр тимейтіндей тариф бекітіледі деп үміттенеміз", – деді комитет басшысы.
Оның сөзінше, еліміздің кейбір өңірінде 1 қыркүйектен тариф жоспар бойынша көтерілмек.
"Тариф шамамен 1 қыркүйектен бастап көтеріледі. Электр өндірушілері үшін тариф 1 сәуірден бастап көтерілген болатын. 1 шілдеде тарифтердің бір бөлігін көтердік. Баяндамада 7 пайыз деп айтқаным осы болатын. 1 қыркүйектен бастап тариф көтеріліп үлгермеген өңірлерде өзгеріс болады. Сонда республика бойынша орта есеппен 3,5 пайыз пайыз болуы керек", – деді Асхат Жапсарбай.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
