Қазақстанның қай аймақтарында референдумға дауыс беру таңғы сағат 6-да басталады
Орталық референдум комиссиясы қай сайлау учаскелерінде дауыс беру республикадағыдан бір сағат ерте басталатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: istockphoto.com
Комиссияның мәліметінше, дауыс беру ертерек басталатын жалпы саны 84 сайлау учаскесі бар.
"84 сайлау учаскесі – бұлар негізінен әскери бөлімдер мен вахталық қалашықтарда себебі оларда ерекше жұмыс тәртібі мен қызмет бар. Осыған байланысты дауыс беру таңғы сағат 6-дан басталады. Ұлытау өңірінде ауысым таңғы сағат 7-де басталады, сондықтан 6 учаскеде таңғы 6-дан басталады. Бұл азаматтарға ыңғайлы болу үшін жасалды", – деді комиссия мүшесі Константин Петров.
АЭС салу бойынша референдум: Дауыс берушілерге берілетін бюллетеннің үлгісі жарияланды
Орталық референдум комиссиясы қандай жағдайда референдум өтті деп есептелетінін де атап өтті.
"Егер референдумда сайлаушылар тізімінің 50%-дан астамы дауыс берсе, референдум өтті деп есептеледі. Ал сайлаушылар тізімінің жартысынан аз болса, референдум есептелмейді", – дейді орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов.
Еске салсақ, президент 2 қыркүйекте Қазақстан халқына жасаған жолдауында АЭС салу бойынша референдум 6 қазанда өтетінін хабарлаған еді.