Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев Қазақстан мен Қытай шекарасында жаңа теміржол өткізу пункті ашылатынын мәлімдеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Бір белдеу, бір жол" халықаралық ынтымақтастығының III форумының ашылу рәсіміне қатысып, сөз сөйлейді. Бұл  туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Президент өз сөзінде "Бір белдеу, бір жол" халықаралық ынтымақтастығы бастамасының елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға, тату көршілік қатынастарды, достық пен өзара түсіністікті нығайтуға елеулі үлес қосатынын атап өтті. 

"Бір белдеу, бір жол" Ұлы Жібек жолы ренессансына тың серпін берді десек, артық айтқанымыз емес. Сондықтан Қытайдың бұл бастамасы – ХХІ ғасырдың мегажобасы. Бұл – әділ баға”, – деді Президент.

Сондай-ақ Тоқаев Қазақстанның жетістіктеріне де тоқталып өтті.

"Еуразия кіндігінде орналасқан еліміз Солтүстік пен Оңтүстікті, Батыс пен Шығысты байланыстыра отырып, бастаманы іске асыруда ерекше рөл атқарады. Қытаймен арада созылып жатқан ортақ шекарасы бар әрі аумағы үлкен құрлықішілік мемлекет ретінде Қазақстан халықаралық маңызға ие көлік-логистикалық торапқа айналуға барынша күш салып отыр.

Бүгінде Қытайдан Еуропаға жасалатын жерүсті транзиттік тасымалдың 85 пайызға жуығы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Көлік-транзит саласының дамуына баса мән бере отырып, соңғы 15 жылда біз осы мақсаттарға 35 миллиард доллардан астам қаражат бөлдік. Ляньюньгандағы қазақ-қытай логистикалық орталығы, "Қорғас" құрғақ порты, Батыс Еуропа – Батыс Қытай транзиттік магистралі, Қытайдан Иранға баратын теміржол дәлізі сияқты ірі инфрақұрылымдық жобалар іске қосылды. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз", – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы үш жыл ішінде 1300 шақырым жаңа теміржол жол салуға, Қытаймен шекарада үшінші теміржол өткізу пунктін ашуға, "Бақты" және "Қалжат" жаңа құрғақ порттарының құрылысына қатысты жоспарын ортаға салды. Бұл – Қазақстанның ірі экономикалық жобалары Қытайдың жаһандық бастамасымен ұштасатынын анық көрсетеді.

Сонымен қатар Форумда Қытай Төрағасы Си Цзиньпинь, Ресей Президенті Владимир Путин, Индонезия Президенті Джоко Видодо, Аргентина Президенті Альберто Фернандес, Эфиопия Премьер-министрі Абий Ахмед, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш сөз сөйледі. Форумға 20-дан астам мемлекеттің басшылары және 130-дан аса ел мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысып жатыр.

Талқылау