Қазақстанның Халық әртісі Роза Әшірбекова өмірден озды
Актриса Роза Әшірбекова 85 жасқа қараған шағында дүние салды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қаралы хабарды Ғ. Мүсірепов театрының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Роза Әшірбекова 1938 жылы 15 сәуірде Ақмола облысы Еңбекшілдер ауданы Қазгородок ауылында дүниеге келген. Актриса 1960 жылы академиялық драма театрының жанындағы студияны бітіріп, сол жылы Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына қабылданады.
Саналы ғұмырын саф өнерге арнаған ардақты жанның 60 жылдан аса шығармашылық жолы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында өтті. Сахнада алғаш жасаған Б.Тәжібаевтың “Қарагөз қарындасым” спектакліндегі Анна бейнесі арқылы театр өнеріне батыл қадам жасады. Театр сахнасында актриса сомдаған Ләззат (Т. Ахтановтың “Махаббат мұңында”), Хадиша, Сейде (Ш. Айтматовтың “Арманым Әселімі” мен “Бетпе-бетінде”), Шафақ (М. Кәрімнің “Ай тұтылған түнінде”), Гертруда (У. Шекспирдің “Гамлетінде”), Гиацинта (Мольердің “Скапеннің айласында”), Аркадина (А. Чеховтың “Шағаласында”), Клеопатра Львовна (А. Островскийдің “Адам аласы ішіндесінде”) сияқты рөлдер Роза Әшірбекованың кәсіби шеберлігін жан-жақты танытқан, қазақ сахна өнері тарихынан өзіндік орын алған бейнелерге айналды.
Роза Әшірбекова 60 жылдан астам ғұмырын өнерге арнап, "Парасат", "Құрмет" орденімен марапатталды.
“Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрының ұжымы марқұмның жанұясына, жақындары мен күллі қазақ жұртына қайғыра көңіл айтады. Жарқын бейнеңізді барша әріптестеріңіз, сүйікті көрермендеріңіз мәңгілік жадында сақтайды, — деп жазды әлеуметтік парақшасында Ғ.Мүсірепов театры.