Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлттық Банк Қазақстанның экономикасы қашан қалпына келетінін мәлім етті

Ұлттық банк 2021 жылдың екінші тоқсанынан бастап Қазақстан экономикасы оң траекторияға енеді деп болжайды. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Оның айтуынша, 2020 жылдың соңында Қазақстанда ЖІӨ-нің төмендеуі 2,6 пайызды құрады, бұл Мемлекет басшысы қабылдаған бұрын-соңды болмаған дағдарысқа қарсы шараларға байланысты жаһандық құлдыраудан айтарлықтай төмен.

"2020 жылдың екінші тоқсанындағы рекордтық құлдыраудан кейін іскерлік белсенділік дағдарысқа дейінгі деңгейге қайта оралады. Ұлттық банктің болжамы бойынша, 2021 жылдың екінші тоқсанынан бастап Қазақстан экономикасы оң траекторияға көшеді", - деді Досаев президенттің қатысуымен өткен үкіметтің кеңейтілген отырысы барысында.

Ұлттық банк қаржылық технологиялар мен ұлттық төлем жүйесін дамытуға бағытталған бірқатар стратегиялық құжатты қабылдады.

"Пандемия және электронды қызметтерге сұраныстың өсуі жағдайында Ұлттық банк цифрландыру мен қаржылық технологияларды белсенді түрде дамытты. Цифрлық қызметтер үлесін арттырған жаңа сервистерді енгізумен бірге Ұлттық банк қаржылық технологиялар мен ұлттық төлем жүйесін дамытуға бағытталған бірқатар стратегиялық құжатты қабылдады", - деді Досаев.

Оның айтуынша, пандемия Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең терең құлдырауды бастай отырып, барлық елдің экономикасына әсер етті. Негізгі дамушы елдердің ішінде экономиканың өсуі жалпы ішкі өнімі Қытайда ғана өскен – 2,3%-ға, бірақ онда соңғы 45 жылдағы ең төменгі деңгей тіркелді.

"2021 жылы әлемдік экономиканың 5,2%-ға дейін қалпына келуі күтілуде, алайда тұрақсыз эпидемиологиялық жағдайға, сондай-ақ вакциналау процесінің жылдамдығы мен тиімділігіне байланысты неғұрлым баяу қалпына келу тәуекелі сақталып отыр", - деді ҰБ басшысы.

Бқған қоса, Ұлттық Банк төрағасы еліміздегі инфляция деңгейіне баға берді.

"2021 жылы Ұлттық банк инфляцияны ағымдағы 7,5% деңгейінен 4-6% нысаналы дәлізіне қайтару міндетін қойып отыр. Орта мерзімді перспективада бұл Сіздің Nur Otan партиясының ХХ съезінде айтқан инфляцияның 3-4 пайыздық мақсатына қол жеткізуге мүмкіндік береді", - деді Досаев.

Нұр-Сұлтанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.

Талқылау