Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Қазақстанның екінші деңгейлі банктерінің реттеуші меншікті капиталы 10%-ға артты

Осы жылдың 1 қыркүйегіне қарай Қазақстанның екінші деңгейлі банктерінің реттеуші меншікті капиталы 5,8 триллион теңгеге асып жығылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10,1%-ға артық. Соңғы бес жылда көрсеткіштің біртіндеп өскені (жылына орта есеппен 14%) байқалады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Ranking.kz порталы сілтеме жасап. 

Жалпы, Қазақстанның екінші деңгейлі банктері меншікті капитал түріндегі беріктіктің елеулі қорына ие.

Ranking.kz порталы келтірген деректерге сүйенсек, олардың k1 негізгі капиталындағы жеткіліктілік коэффициенті 17,6%-ға, k2-де — 20,9%-ға жетті. Бұл заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір асып түседі және сектордың әлеуетті тәуекелдерін жабуын қамтамасыз етеді. 

Сондай-ақ Халықаралық рейтингтік агенттіктер меншікті капиталдың елеулі көлемі елдің банк секторының тұрақтылығына оң әсер еткенін айтты. Атап айтқанда, Fitch Ratings екінші деңгейдегі банктер капиталдың айтарлықтай қоры мен өтімділігіне, сондай-ақ жақсы табысына байланысты сыртқы факторларға беріктік танытып отырғанын атап өтті. 

Жеке банктерге келетін болсақ, пруденциалдық нормативтердің орындалуы капитал қорларын да, қаржылық тұрақтылық деңгейін де айқын көрсетіп отырады. 

“Қазақстандағы ірі екінші деңгейлі банктер арасында меншікті капиталдың жеткіліктілігінің ең жоғары деңгейі бойынша 1-орынды Jusan Bank алады. Қаржы институтында k1 негізгі капиталының жеткіліктілік коэффициенті 29,9%-ға жетті. Бұл ұлттық банктің, яғни еліміздегі қаржы реттеуші органның белгіленген нормативімен салыстырғанда 4 есе артық”, – делінген Ranking мәліметінде. 

Сонымен қатар k1-2 меншікті капитал коэффициенті 29,9% (8,5 болатын реттеуші нормативтен 3,5 есе артық), k2 меншікті капитал коэффициенті — 49,6%-ға (10% нормативтен 5 есе артық) тең. Мұндай жоғары мәндер банктің салымшылар алдындағы өз міндеттемелерін толықтай орындай алатынын және тұрақтылық деңгейі жоғары екенін көрсетеді. 

Бұдан кейінгі орында тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі шеңберінде жұмыс істейтін мемлекеттік Отбасы Банкі тұр. Бұл қаржы институтында меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті k1 үшін 29,5%-ды, k1-2 — 29,5%,-ды, k2 — 29,5%-ға жетті. Бұл көрсеткіштер реттеушінің талаптарынан едәуір асып түседі.

Ranking дерегінше, көшбасшыларының үштігін Forte Bank аяқтайды. Банктегі k1 меншікті капиталының жеткіліктілік коэффициенті 19%-ға, k1-2 — 19%-ға, k2 — 19,7%-ға тең. 

Жалпы алғанда, меншікті капиталдың жеткіліктілігі – банк сенімділігінің маңызды көрсеткіштерінің бірі. Сондай-ақ қаржы институттарының клиенттеріне зиян келтірмей, өз есебінен ықтимал шығындарды өтеу қабілеті бар екенінің белгісі. 

 

Айнұр Мұхади
Жұма, 21 Қазан, 2022 11:01
Талқылау