Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры 200 миллиард теңге көлеміндегі активтерін сенімгерлік басқаруға берді

"Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры" АҚ 200 миллиард теңге көлеміндегі активтерін жеке компаниялардың сенімгерлік басқаруына беруді бастады. 5 шілдеде қор басшысы мен компания өкілдері екіжақты келісімшартқа қол қойды. Осылайша іріктеуден өткен 6 компания 20-50 миллиард теңге аралығындағы активтерді басқаруына алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

кфгд

Фото: Stan.kz 

Активтерді жеке компаниялардың басқаруына беру жөніндегі шешімді Ұлттық банк қабылдаған. Бұл бағалы қағаздар нарығын дамыту үшін жасалыпты. Осылайша Ұлттық банктің еншілес компанияларының активтері сенімгерлік басқаруға өтті. Айта кетері кепілдік беру қорының активтері 2024 жылы 1,3 триллион теңгеден асқан. 

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорның инвестициялық саясатына сәйкес жеке басқарушылар қаржы министрлігі шығарған мемлекеттік бағалы қағаздар, квазимемлекеттік сектордағы субъектілердің облигациялары, кері РЕПО операциялары, халықаралық және қаржы ұйымдарының облигациялары секілді қаржы құралдары қолжетімді болады. 

Іріктеу қорытындысы бойынша активтерді келесі 6 компания сенімгерлік басқаруына алды:

  • "Halyk Finance" АҚ
  • "First Heartland Jusan Invest" АҚ
  • "Tansar Capital" АҚ 
  • "ВСС Invest" АҚ
  • "Сентрас Секьюритиз" АҚ
  • "UD Capital" АҚ

"Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры" АҚ мен компаниялар арасында қол қою рәсімінде қор төрағасы Әділ Өтембаев активтерді басқаруына алған компаниялардың алдында табыс көрсеткішін арттыру мақсаты қойылғанын атап өтті. Оның сөзінше, басқарушы компаниялар арнайы іріктеп алынған. 

"Біз үшін кәсіпқойлар жиналған, активті тиімді басқара алатын, сондай-ақ қызметі үшін ақылға қонымды комиссия сұраған компанияны табу маңызды болды. Сондықтан компанияның кәсібилігі мен ұсынған комиссия арасындағы балансты талдай келе, скорринг кезінде қорытынды балл шығардық. Бұл балл бойынша компания арасында активтер бөлінді. Бәсеке болуы үшін бір компанияға жалпы активтің төрттен бірі, яғни 25% көп бөлігі берілмейді. Осы себепті жеке басқарушы компанияға 20 және 50 миллиард теңге аралығында бөлінеді", – деді Әділ Өтембаев. 

"Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры" АҚ төрағасының сөзінше, жеке басқаруға берілген активтерге қатысты ешқандай мәселе туындамаса, бұл процесс 2025 жылы да жалғасады. 

"Нарық бренчмаркинг дегеннің не екенін біліп, оған қарсы жүзе алса болды. Активтерді басқаруға беру алғаш рет жүргізіліп отыр. Сенімгерлік басқаруына алған жеке компанияларға қатысты мәселелер болмаса, келесі жылы да активтерді басқаруға береміз", – дейді ол. 

кфгд 2

Фото: Stan.kz

Жиын барысында "Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры" АҚ мен активтерді басқаруына алған 6 компанияның өкілдері келісімге қол қойды. 

"Біздің ойымызша, қор активтерін басқаруға беру – бағалы қағаздар нарығын дамыту үшін жасалған үлкен қадам. Ұлттық банк пен қор өкілдері инвестициялық декларация негіздерін дайындауда көп тер төкті. Біздің командада кәсіпқойлар өте көп, артылған жауапкершілікті де түсінеміз. Сондықтан барлық талап бойынша жұмыс істеуге дайынбыз", – деді қол қою рәсімі барысында "ВСС Invest" АҚ өкілі Александр Наумов. 

Активтерді жеке бақсаруға беру кезінде қауіп-қатерді азайту үшін кастодиандар тарапынан қосымша бақылау жүргізіледі. Олар активтерді есептеу және сақтау, жеке басқарушының инвестициялық саясатты ұстануын тексеру қызметін атқарады. Кастодиандар қатарында "Банк ЦентрКредит" АҚ мен "Қазақстан Халық банкі" АҚ бар. 

"Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры" АҚ 1999 жылы депозиттерге кепілдік беру жүйесін басқару үшін құрылған. Қор коммерциялық емес және Ұлттық банк оның жалғыз акционері саналады. 

Депозиттерге кепілдік беру жүйесіне елдегі барлық екінші деңгейлі банктер қатысады. Қатысушылардың төлемі есебінен қор арнайы қаржы резервін құрады. Бұл резерв банк лицензиясынан айырылған жағдайда азаматтарға кепілдендірілген өтемақы төлеу үшін жұмсалады. Сонымен қатар қаржы резерві жеке активтер мен резервтегі қаржыдан түсетін инвестициялық табыс банктердің комиссиясы есебінен толығып отырады. 

Талқылау