Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Halyk Bank 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ең ірі 5 салық төлеушілерінің тізіміне енді

Жақында Қаржы министрлігі 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы ең ірі салық төлеушілер тізімін жариялаған еді. Рейтингке мұнай-газ, металлургия, банк секторы және телекоммуникация салаларындағы түрлі компаниялар кірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Рейтинг көшбасшылары

Төленген салық көлемі бойынша бірінші орынды бюджетке 3,05 трлн теңге аударған "Теңізшевройл" ЖШС иеленді. Екінші орында – 1,14 трлн теңге салық төлеген "Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В." (КПО). Үздік үштіктің соңғы орнына 304,5 млрд теңге төлеген "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ жайғасқан екен. Бұл үштік өз позицияларын сақтап, елдегі ең ірі салық төлеушілер қатарында қалып отыр.

Қаржы секторы ірі салық төлеушілер қатарында

Банк ұйымдары арасында "Қазақстан Халық Банкі" АҚ (Halyk Bank) – ең ірі салық төлеуші. Компания бюджетке 259 млрд теңге аударып, жалпы рейтингте 4-орынға шыққан. Бұл салық сомасы тізімде өзінен кейін тұрған банктің салық төлемімен салыстырғанда 2,5 есе көп.

Halyk Bank-тен кейінгі орындарда:

  •  "Kaspi Bank" АҚ – жалпы рейтингте 22-орында, 107,2 млрд теңге салық аударған.
  •  "ЦентрКредит Банкі" АҚ – 31-орын, 77,7 млрд теңге.

Айта кету керек, Halyk Bank қаржы секторындағы салық төлеушілердің үздігі ретінде бірнеше жыл қатарынан өз позициясын сақтап келеді. Мәселен, 2023 жылғы жалпы рейтингте 15-орынға жайғасып, банктер арасында көшбасшы болған еді.

Бұл көрсеткіштер Қазақстандағы ірі банктер ел экономикасына елеулі үлес қосатынын дәлелдей түседі. 

Динамика және тенденциялар

Осыған дейінгі жылдармен салыстырсақ, бұрынғыдай, салықтық жүктеменің үлкен бөлігін мұнай-газ саласындағы компаниялар көтеруде.

ТОП-10 ірі салық төлеушілер қатарына "Азиялық Газқұбыры" ЖШС (224,8 млрд теңге), KAZ Minerals Aktogay (212 млрд теңге) және "Өзенмұнайгаз" АҚ (182,5 млрд теңге) кірді. Сондай-ақ, тізімде ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар, телекоммуникациялық компаниялар бар, бұл әртүрлі экономикалық секторлар арасында салық түсімдерінің тұрақты бөлінісін көрсетеді.

Мұндай рейтингтердің жасалуы ел экономикасындағы ірі ойыншылардың үлесін және олардың мемлекеттік бюджетті қалыптастырудағы рөлін бағалауға мүмкіндік береді.

Талқылау