"Қазақстанның бүкіл аймағын үш рет аралап шықтым": Алматының әсем бейнелерін жұртқа паш етіп жүрген фотограф жұмысы жайында айтып берді
Жақында Алматы қаласы күніне орай Ұлттық кітапхананың орталық кіреберісіндегі ашық алаңда “Фотоөнер” қоғамдық бірлестігінің “Алматы айшықтары” фотокөрмесі өтті. Аталған жиында Алматының түнгі көрінісі, әсем табиғаты мен биік ғимараттары түсірілген суреттер қойылды. Көрмеде қойылған шынайы бейнелер мен көріністер және бірлестіктің жұмысы мен алдағы жоспарлары туралы фотожурналист, “Фотоөнер” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайымұлы Stan.kz тілшісіне баяндап берді.
25 жылдай фотожурналистика саласында "Атамекен", "Қазақстан әйелдері", "Парасат", "Заң газеті", "Жас Алаш" сынды республикалық басылымдарда қызмет еткен Асылхан Әбдірайымұлы қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде аға оқытушы.
Қазақстанның бүкіл аймағын үш рет аралап шықтым
Асылхан Әбдірайымұлы фотография саласына балалық шақтан қызыққанын, тіпті мектеп қабырғасында жүргенде анасы қолдап, фотоаппарат сатып әпергенін сөз етті.
“Фотосурет саласына бала кезден қызықтым. 7-сынып оқып жүргенімде анам фотоаппарат әперді. Сол кезден бастап табиғаттың әдемі бейнелерін суретке түсіруді әдетке айналдырдым. Айналамнан эстетика көріп, сол сәтті фотоаппаратқа түсіріп алатынмын. Жалпы жүрегімнің қалауымен осы салаға келдім. Қызығушылығымның арқасында Қазақстанның бүкіл аймағын үш рет аралап шықтым. Қазақта “өнерді үйрен, үйрен де жирен” деген мақал бар ғой. Нәтижесінде өзімнің жиған-терген, көрген нәрселерімді жастарға үйретіп жүрмін”, – деді фотожурналист.
Қоғамдағы шындықты айна-қатесіз жеткізетін жобаны қолға алдық
“Фотоөнер” қоғамдық бірлестігінің төрағасы жақында ғана “Алматы айшықтары” фотокөрмесін ұйымдастырған бірлестіктің құрылғалы бері жасаған жұмыстары мен алдағы жоспарларын баяндап берді.
“Фотоөнер” қоғамдық бірлестігі 2010 жылы 25 тамызда ресми түрде тіркелген коммерциялық ұйым емес. Бірлестіктің негізгі мақсаты – Қазақстанда фотография саласын дамыту. Ардагер фотосуретшілердің жұмысын насихаттап, жастарды аталған бағытқа дайындау. Бірлестік құрылғаннан кейін “Қазақ баспасөзінің фотошежірешілері” атты фотоальбомды жарыққа шығардық. Онда 1930-2000 жылдар аралығындағы қазақ халқының тыныс-тіршілігін, ұлттық салт-дәстүрін, соғыс және еңбек ерлерін, әр саладағы белгілі тұлғалардың бейнелерін мәңгілік тарихта қалдырған, баспасөз арқылы халыққа танытқан, ел сүйіспеншілігіне бөленген ардагер фотошежірешілердің еңбегі көрсетілді.
Одан кейін бірлестік тарапынан “Шалкөде – елдің жайлауы” атты фотоэкспедиция жасадық. 2014 жылы Ұлытауда экспедиция болып, тарихи орындарды суретке түсірдік. Кейіннен Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Жамбыл облысы Қозыбасы аумағында, яғни кезінде найза қадап, ту тіккен жерде кездесу өткіздік. Жалпы саны 7 экспедиция болды. Ең соңғысы Маңғыстауда Бекет атаның басында болды”, – деді бірлестіктің негізгі жұмыстарына тоқталған төраға.
Фотоэкспедицияның маңыздылығына жеке тоқталып өткен Асылхан Әбдірайымұлы бірлестіктің жинақтары мен жасап жатқан жұмысын түсіндірді.
“Осы уақытқа дейін “Фотоөнер” қоғамдық бірлестігінің 10 шақты кітабы жарыққа шықты. Оның ішінде ерекше айта кетерлігі “Қазақ фотошежірешілері” кітабының үш жинағы. Аталған фотоальбомда 25 фотожурналистика саласында жүрген ардагер мамандар мен қазіргі белгілі БАҚ-тарда қызмет етіп жүрген фототілшілердің туындылары жинақталды. Біздің мақсатымыз – коммерциялық емес, елдің туристік дамуына үлес қосу”, – деді аға оқытушы.
Фотожурналистің айтуынша, шетелдік фотографтардан бұрын өз тарихымызда қалған тұлғаларды тереңірек білуіміз керек.
“Шетелдік туынды авторларынан бұрын өз тарихымыздан сыр шертейін. Қазақтың ең алғашқы фототілшісі – Шәңгерей Бөкеев. Ол 1901 жылдары фотография саласымен кәсіби деңгейде айналысқан. Жәңгірханның немересі. Қазақтың ұлы жазушысы Абай Құнанбаевты суретке түсірген. Жалпы Құнанбаевтың екі-ақ суреті сақталған. 1846 жылы екі ұлымен және 1903 жылы туыстарымен түскен суреті”, – деді Асылхан Әбдірайымұлы.
Сондай-ақ фотожурналист “Фотоөнер” қоғамдық бірлестігінің алдағы атқарар жұмыстары және жоспарларымен бөлісе кетті.
“Елімізде авторлық құқық мәселесі заңмен толық қорғалмайды. Өзгерту енгізу керек деген ұсыныспен билікке жүгіндік. Енді ұсыныс бойынша жұмыс жасаймыз.
Полиграфия колледжіндегі 100 студенттен кәсіби фотограф шығару ниетіміз бар. Сондай-ақ әлемдегі фотография саласының діңгегі “Деректі фото” жобасын қолға алдық. Оның басты мақсаты шындықты жеткізу. Сол себепті деректі фото әлемде жоғары бағаланады. Қоғамда болып жатқан әрбір сәтті фото арқылы жеткізіп, әлемге пайдасы бар осы саланы дамытқымыз келеді”, – деді “Фотоөнер” қоғамдық бірлестігінің төрағасы.
Жүрегімді ауыртқан көрініс Атырауда болып еді
Фотожурналист баспасөз саласында жүргенде түрлі аймақтарға іссапарға барғанын, соның ішінде қатты жүрегіне тиген көріністі баяндап берді.
"Баспасөз саласында жүрген кезде әртүрлі айдар бойынша жұмыс істедік. Әсіресе әлеуметтік салаға келгенде жүрегім ауырған кезеңдер болды. Бір жылдары Атырау облысына іссапармен бардық. Көпшілігі облыс мұнайдың үстінде отыр, жағдайлары өте жақсы деп ойлайды ғой. Алайда әлі күнге дейін жүрегімді ауыртатын көрініс сол аймақта болып еді. Атырау облысының Исатай ауданына барғанда бетін орап алып, қоқыс жинап жүрген адамдарды көрдік. Жанына барып сөйлесіп, не себепті жүргенін сұрағанымызда таңғалдық.
Өзін мектеп мұғалімімін деп таныстырған кісі үйіне алып барды. Шыны керек, үйіне кіргенде қатты шошындым. Қараңғыланған үй, кішкентай қара теледидар және бүлдіршін. Үй иесі де, әйелі де мұғалім екен. Жұмыс істеп, күнелту үшін арасында қой бағып, ақша табатын көрінеді. Жан бағу үшін баласының сыртынан ағаш тіреп қамап кетеді екен. Сол кезде күн сайын іште қамалып қалатын баланың терезеден қараған сәттегі көрінісі қатты жүрегіме батты. Бұл негізі қоғамда болып жатқан оқиға. Халықтың жағдайы", – деді Асылхан Әбдірайымұлы.
Айта кетсек, фотожурналистика саласында 25 жылдан аса қызмет етіп келе жатқан Асылхан Әбдірайымұлы "Фотожурналистика" оқу құралының, "Қазақ баспасөзінің фотошежірешілері" үш саннан тұратын фотоальбомы мен "Фотография өнері" мақалалар жинағының авторы. Фототілші бұдан бөлек бірнеше фотокітаптар мен фотоальбомдарды жарыққа шығарған. Сондай-ақ Қазақстанның бүкіл аймағында түсірілген әсем көріністердің авторы.