Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның ауыл шаруашылығы техникаларын дамытуға Қытай инвесторлары көмектеседі

Қазақстанда бұрғылау қондырғылары және ауыл шаруашылығы техникасы өндірісін дамыту көзделген. Оған Қытай инвесторлары қолдау көрсетеді. Үкімет отырысында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев осылай деп мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды. 

фото: stk-briket.ru

Министрдің сөзінше, Қазақстан машина жасау саласында Ресей, Қытай, Өзбекстандағы серіктестермен бірлесе жұмыс істеп жатыр. Өзбекстанмен бірлестікте автомобиль өндірісі ұйымдастырылған. Қазір жаңа жобаларды іске асыруға баса назар аударылып отыр.

"Қазір шығарылатын техника ірі торапты құрастыруға негізделген. Сондықтан кәсіпорындардың шағын торапты құрастыру әдісіне ауысуын жоспарлап отырмыз. Секторды одан әрі дамыту ішкі нарықтың қажеттілігін толық көлемде қамтымайтын аспалы және тіркемелі техника өндірісін ұлғайтуға бағытталады. Басты назар машина жасау саласындағы жаңа жобаларға аударылуда. Осы ретте 2028 жылға дейін 1 трлн 700 млрд теңгеге 151 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде биыл 217 млрд теңгеге 29 жобаны іске асыруды көздеп отырмыз", – деді Марат Қарабаев.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев  биыл елімізде 5 мың трактор мен 900 комбайн құрастырылатынын мәлімдеді.  Қостанай облысында тракторларға арналған кабиналар өндірісі жолға қойылғанын да  атап өтті.

"Қазрост" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кооперациялық байланыстардың белсенді дамуының үлгісі саналады. Мысалы, осы зауытта астық жинайтын комбайндарды және тракторларды шығару кезінде отандық аккумуляторлар, орақтарды жылжытуға арналған арбалар, теңгерімді отын бактар, ауа сүзгілері және басқа да компоненттер қолданылады. Қостанай қаласында 50 мың шаршы метр алаңда оқшаулау орталығы құрылды. Онда ұнтақты бояу цехы, престеу-дәнекерлеу учаскесі мен дәнекерлеу цехы, сондай-ақ дайындау цехының жапырақ тәріздес иілу тандемі жолға қойылды", – деді ол.

Марат Қарабаев елімізде өңдеу өнеркәсібі салалары ішінде машина жасау қарқынды дамып келе жатқанын да айтты.  

“Кейінгі 5 жыл ішінде өңдеу өнеркәсібінің орташа өсу қарқыны 4,5% болса, машина жасаудың өсу қарқыны 17,6%-ды құрап отыр. Бұл үрдіс биыл да байқалады. Алты айдың қорытындысы бойынша нақты көлем индексі 128,8%-ды құрады және 1 трлн 800 млрд теңге сомасына өнім шығарылды”, – деді министр.

Өткен жылы елімізде құрастырылған 103 мың жаңа автомобиль сатылды.

"Автомобиль жасау саласына келетін болсақ, 2022 жылдың қорытындысы бойынша ішкі нарықта 150 мың автомобиль сатылды. Оның 103 мың бірлігін отандық компаниялар жасап шығарған болатын. Биыл автомобиль өндірушілеріне қатысты саясатты қайта қарау тұрғысынан маңызды саналады. Бұл секторда біздің алдымызда 3 міндет тұр. Бірінші –  шығарылатын автомобильдер қатарын кеңейту. Қазіргі таңда екі автомобиль зауытының құрылысы жүріп жатыр", –  деді ол.

Бұдан бөлек, Марат Қарабаевтың дерегінше, ресейлік серіктестермен алюминийден жасалған дисктер, сондай-ақ теміржол машина жасау секторына арналған құрамдауыш бөлшектер өндірісі ұлғайтылады. Қытайлық инвесторлар бұрғылау қондырғыларының және ауыл шаруашылығы техникасының өндірісін дамытуға қолдау көрсетеді.

Талқылау