Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның 15 облысында мал жайылымына тапшылық бар - Ауыл шаруашылығы министрі

Қазақстанның 15 облысында мал жайылымына тапшылық бар. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

 “Министрлік жүргізген талдау мен әкімдіктердің деректеріне сәйкес жеке қосалқы шаруашылықтарда жайылымға жайылатын 5,7 млн шартты бас ауыл шаруашылығы жануарлары бар. Жайылымдардың жалпы алаңына жүктеменің рұқсат етілген шекті нормативтері бойынша жеке қосалқы шаруашылықтардың малдарын жаю үшін қосымша 8,9 млн гектар жайылым қажет. Бұл көбінесе жеке қосалқы шаруашылықтарда ауыл шаруашылығы жануарлары санының айтарлықтай өсуіне байланысты”, - деді Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев. 

Министрдің сөзінше, соңғы 10 жылда тек ірі қара мал басы 7,7 пайызға өскен. Ал Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары сияқты өңірлерде мал басының өсу қарқыны шамамен 16 пайызды құрады.

“Ұйымдасқан шаруашылықтарда 5,9 млн шартты бас ауыл шаруашылығы жануарлары бар, яғни жайылымдардың есептік резерві 30,4 млн гектарды құрауы мүмкін. Республиканың 17 облысының  ішінен жеке қосалқы шаруашылықтардың мал жаюы үшін 15 облыста жайылымдардың тапшылығы байқалады. Олардың қатарына әсіресе Түркістан, Қызылорда, Алматы және Атырау облыстары кіреді”, - деді Ербол Қарашөкеев.

Министрдің айтуынша, Қазақстанның Жер балансына сәйкес жайылымдық жерлер 183,4 млн гектарды құрайды. 

Талқылау