Қазақстаннан бензин мен дизель отынын шығаруға 2 жыл тыйым салынбақ
Қазақстанда бірден екі жыл АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынын экспорттауға тыйым салынбақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: depositphotos.com
Бұл туралы энергетика министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
"Энергетика министрінің 2023 жылғы 24 наурыздағы №118 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы энергетика, сауда және интеграция, қаржы және ұлттық экономика министрліктерінің бірлескен бұйрығының жобасы дайындалды. Бұйрық жобасында мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін Қазақстан Республикасының аумағынан Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс жерлерге әкетуге тыйым салу мерзімін 2024 жылғы 31 желтоқсаннан бастап 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзарту көзделген", – делінген хабарламада.
Министрліктің мәліметінше, қазір Қазақстанда АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынын тұтынудың ерекше артуы байқалады.
"Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметі бойынша, "жабық тауар" деген желеумен жанар-жағармайдың заңсыз экспортының ай сайынғы көлемі 10 мың тоннаға жетеді. Бұл баға айырмашылығына байланысты, Қазақстанда жанар-жағармай бағасы көрші елдермен салыстырғанда 17-107%-ға төмен. "Жабық тауар" деген желеумен мұнай өнімдерін экспорттауды бақылауды күшейту қажет", – делінген энергетика министрлігінің хабарламасында.