Қазақстанға төрт елден әскер келе жатыр: Қорғаныс министрлігі қазақстандықтарға ескерту жасады
Қорғаныс министрлігі Қазақстанға Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанның әскері келе жатқанын хабарлады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ашық дереккөзден
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 2024 жылдың 26 қыркүйек пен 7 қазан күндері аралығында Алматы облысының "Жағалау" оқу полигонында ҰҚШҰ ұжымдық бітімгерлік күштерінің "Мызғымас бауырластық-2024" оқу-жаттығуын өткізу жоспарланған.
“Оқу-жауынгерлік тапсырмаларды пысықтау мақсатында оқу-жаттығу өтетін жерге 18 қыркүйектен бастап Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанның әскери контингенттері аралас тәсілмен келе бастайды. Алматы және Жетісу облыстарының аумағы арқылы әскери қызметкерлердің қозғалысы темір жол және автомобиль көлігімен жүзеге асырылады”, – делінген ресми хабарламада.
Осыған байланысты министрлік азаматтар мен БАҚ өкілдерін әлеуметтік желілерде таратылатын қауесеттерге мән бермей, тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды.
Еске салсақ, бұған дейін қорғаныс министрлігі әскердегі өлім-жітімнің себептері туралы мәлімдеме жасаған еді.