Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанға стрестік активтер нарығы қажет

Стрестік активтердің деңгейі банк жүйесінің сенімділігі мен оның экономиканың нақты секторын кредиттеу қабілетінің негізгі индикаторы болып табылады. Соңғы 5 жыл көлемінде банк жүйесіндегі стрестік активтердің көлемі айтарлықтай қысқарды және қазіргі уақытта сектордың қаржылық тұрақтылығына қауіп төндірмейді. Сол себепті басты міндет –  стрестік активтерді өткізудің нарықтық тетіктерін дамыту.

Бұл түсіндірмеден сіздер республикада стрестік активтер нарығын қалайша дамыту және оны өтімді, сондай-ақ инвесторлар үшін тартымды ету жөнінде білесіздер.

Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында стрестік активтер деңгейін төмендету жөніндегі жұмыстың аса маңыздылығын атап өтті. Бұғатталған активтерді экономикалық айналымға қайтару қажет, алайда ол нарықтық негізде ғана жүзеге асырылуға тиіс. Ол үшін тиісті заңнамалық база талап етіледі.

Ұзақ уақыт кезеңінде стрестік активтердің жоғары деңгейі проблемасы Қазақстанның банк секторын дамытуға кедергі жасады.

2017 жылдан бастап Қазақстанда стрестік активтерді төмендету бойынша түбегейлі шаралар қабылданды. Нәтижесінде банк секторының стрестік активтерінің мөлшерін айтарлықтай төмендетуге мүмкін болды, бағалау бойынша 2017 жылдан банк жүйесі бойынша стрестік активтердің мөлшері 7,7 трлн теңгеден 2022 жылдың ортасына 2,4 трлн теңгеге  дейін төмендеген.

Өткен жылдарда банк секторында жинақталған жұмыс істемейтін активтердің жоғары көлеміне байланысты проблемалардың басым бөлігі шешімін тапты немесе реттеу процесінде.

2021 жылдың басында стрестік активтердің банктер мен САБҰ-ның балансында болуын 5 жылға дейін шектейтін реттеу шаралары қабылданды, сондай-ақ САБҰ-ның проблемалық қарыздарды басқару және есептен шығару бойынша, оның ішінде шетелдік капиталмен бірлескен кәсіпорындар құру арқылы өкілеттіктері кеңейтілді. Аталған шаралар проблемалық активтерді қалпына келтіру процесін жеделдетуге және оларды одан әрі іске асыруға ықпал етеді.

Инвесторлар үшін стрестік активтердің тартымдылығын арттыруға провизияларды қалыптастыру практикасын жетілдіру және кепіл мүлкін бағалау қажеттілігін көрсеткен, 2019-2020 жылдары жүргізілген сапаны тәуелсіз бағалау (AQR) нәтижелері бойынша қабылданатын шаралар ықпал ететін болады.

Осыған байланысты банктер өздерінің бизнес-процестерін жақсарту бойынша түзету шараларының жоспарларын әзірлеп, Агенттікпен келісті. Сондай-ақ, Агенттік банктердің өзінің кредиттік портфельдері бойынша провизияларды уақтылы және толық қалыптастыруға бағытталған реттеуші талаптарға өзгерістер қабылдады. Бұл талаптар 2022 жылдан бастап қолданылады.

Реттеу шараларына қосымша стрестік активтердің деңгейі жоғары банктермен жұмыс күшейтілді, олармен 2026 жылға қарай стрестік активтерді кезең-кезеңімен 0,9 трлн теңгеге дейін қысқарту жөніндегі шараларды іске асыру ұйғарылатын жеке жоспарлар келісілді.

Аталған банктер кепілдерді өтеу, сату, қарыздарды есептен шығару және сапасын жақсарту есебінен, оның ішінде проблемалық қарыздарды 694 млрд теңге сомасына есептен шығару есебінен іс-шаралар жоспарын 1 трлн теңгеге немесе 55%-ға орындады.

Сондай-ақ биыл банктер жеке тұлғалардың проблемалық қарыздарының ағымдағы деңгейін төмендету бойынша жеке жоспарлар жасады. Банктер реттеу жөніндегі іс-шаралармен шамамен 630 мың қарыз алушыны, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 84,7 мың қарыз алушыны қамтуды жоспарлап отыр.

Салықтық шаралар шеңберінде 2020 жылы салық заңнамасына банк оның берешегін есептен шығарған кезде заңды тұлғаларды салық төлеуден босатуды, сондай-ақ ПКҚ-дан стрестік активтерді сатып алатын инвесторлардың салықтары бойынша шығыстарды азайтуды көздейтін түзетулер қабылданды.

Қабылданған шаралар реттеушінің активтердің әділ құнын бағалау практикасын, банктердің стрестік активтермен жұмысы бойынша талаптарды жақсарту жөніндегі кешенді жұмысының бір бөлігі болып табылады, бұл жиынтығында барабар нарықтық құнды және мәмілелердің ашықтығын қалыптастырады.

Біздің бағалауымыз бойынша, стрестік активтердің орташа мөлшері 2022 жылы шамамен 2,4 трлн теңгені немесе банк жүйесі активтерінің 6,1%- ын құрайды. Жұмыс істемейтін кредиттердің үлесі банк секторының жиынтық несие портфелінің 3,6%-ын немесе 0,8 трлн теңгені құрады.  Осылайша қазіргі уақытта банк жүйесі бойынша стрестік активтердің деңгейі Қазақстанның қаржы секторының қаржылық тұрақтылығы үшін қауіп төндірмейді.

Алайда, банктер мен САБҰ-ның баланстарында проблемалық кредиттерді, сондай-ақ экономикалық айналымға тарту қажет жылжымайтын мүлік, жер учаскелері, өндірістік нысандар мен жабдықтар түріндегі өндіріп алынған мүлік кіретін стрестік активтердің әлі де айтарлықтай көлемі сақталған.

Осыған байланысты негізгі басымдық нарық жағдайында стрестік активтердің өтімді нарығын дамыту болып табылады. Бұл банктерді стрестік активтер деңгейін неғұрлым белсенді төмендетуге ынталандыратын және босатылған капиталды экономиканы кредиттеуге жұмсайды.

Стрестік активтердің ағымдағы көлемі нарыққа әлеуетті инвесторлардың кіруі үшін тартымды болып отыр. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, стрестік активтер нарығының толыққанды жұмыс істеуі үшін бірқатар реттеуші, салықтық және заңдық кедергілерді жою қажет, соның салдарынан стрестік активтерге сұраныс пен ұсыныс арасында баға алшақтығы пайда болады.

2020-2021 жылдары Агенттік басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, халықаралық ұйымдар мен консультанттарды тартумен стрестік активтердің өтімді нарығын құру үшін реттеушілік, салықтық және құқықтық кедергілердің және қажетті талаптардың экономикалық және заң тұрғысынан  талдауын жүргізді және оларды жою бойынша ұсынымдар әзірледі.

Әзірленген ұсынымдарын ескере отырып, Агенттік Ұлттық Банкпен және Қазақстан Республикасының Үкіметімен бірлесіп 2021 жылғы қыркүйекте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне стрестік активтер нарығын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы әзірледі, ол қаржы секторын нарықтық қағидаттарда стрестік активтерден тазартудың тұрақты тетіктерін құруға және оларды экономикалық айналымға тартуға бағытталды.

Ағымдағы жылғы 4 шілдеде аталған Заңға Мемлекет басшысы қол қойды, оның ережелері 2022 жылғы 4 қыркүйекте қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан активтерді қалпына келтіруге және оларды экономикалық айналымға тартуға мүдделі инвесторлардың кең ауқымының стрестік активтер нарығына кедергісіз қол жеткізуі үшін жағдай жасауы қажет. Сонымен қатар, қазақстандық банктерге және микроқаржы ұйымдарына қарыздар бойынша талап ету құқықтарын рұқсат берілген сатып алушылар тізіміне енгізілмеген, кез келген заңды тұлғаларға беруге тыйым салынды.

Бұл мәселені шешу үшін халықаралық тәжірибе зерттелді.

Атап айтқанда, ЕО елдерінде, жалпы алғанда, қарыздар бойынша талап ету құқықтарын басқаға беруге немесе сатуға елеулі шектеулер жоқ.  Қарыздарды сату да, оларды қайта табыстау да тек реттелетін субъектілердің қызметі болып табылмайды. Алайда кредиттеудің өзі және қарыздарға қызмет көрсету кредиторлар мен қарыз алушылар мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ететін талаптар қолданылатын қызмет түрлері саналады.

Осыған байланысты заңда жеке инвесторларды қосу арқылы стрестік активтерді уәкілетті сатып алушылардың қолданыстағы тізімін кеңейту көзделеді.

Бұл ретте қарыз алушы – жеке тұлғалардың құқықтарын қорғау үшін стрестік активтерді сатып алуға құқығы бар тұлғалардың тізімін кеңейту заңды тұлғаларға берілген проблемалық қарыздарға және проблемалық қарыздарға, кәсіпкерлік қызметті қаржыландыру үшін жеке тұлғаларға ғана қатысты болады, яғни Заңда жеке тұлғалардың кредиттерін жеке инвесторларға сату көзделмеген.

Инвесторлардың стрестік активтердің жергілікті нарығы жөнінде жеткілікті білімінің және (немесе) стрестік активтерге қызмет көрсету үшін қажетті операциялық және техникалық ресурстарының болмауы мүмкін. Осыған байланысты стрестік активтердің кез келген нарығын дамытуда «сервистік компаниялар» яғни стрестік активтерге қызмет көрсетуді жүзеге асыратын және стрестік активтердің меншік иелеріне мерзімі өткен берешекті өндіріп алуға байланысты қызметтердің бүкіл спектрін көрсететін компаниялар шешуші рөл атқарады.

Заңда инвесторларға жұмыс істемейтін кредиттерге қызмет көрсету және басқару қызметтерін көрсететін сервистік компаниялар құру көзделеді. Жұмыс істемейтін кредиттерді жеке инвесторларға сату кезінде сервистік компаниялардың қызметін енгізу маңызды болып табылады, себебі бұл компаниялар проблемалық қарыз алушылармен жұмыс бойынша тиісті жұмыс тәжірибесіне және құзыретке ие болады.

Сервистік компаниялар активтерді сенімгерлік басқаруды жүзеге асырады, өндіріп алудың дербес бағдарламаларын әзірлейді, іске асырады және стрестік активтердің меншік иелеріне басқа да қызметтер көрсететін болады.

Банктердің стрестік активтерді басқаруды жүзеге асыратын еншілес ұйымдарына және тиісті тәжірибе мен құзыретке ие коллекторлық агенттіктерге сервистік компаниялардың функцияларын беру ұсынылады.

Сервистік компаниялар үшін заңға тәуелді деңгейде капитал мөлшері, нарықтағы жұмыс тәжірибесі, мінсіз іскерлік беделдің болуы және қадағалау шаралары мен санкцияларының болмауы бойынша жоғары талаптар белгіленетін болады.

Агенттік сервистік компаниялар тізілімін жүргізетін болады және өзінің интернет-ресурсында белгіленген талаптарға сәйкес келетін сервистік компаниялар туралы ақпаратты орналастырады.

Бұл қарыз алушылардың құқықтарын қорғаудың қосымша тетігін қамтамасыз етеді, себебі көрсетілген ұйымдар Агенттіктің реттеу аясына кіреді.

Сондай-ақ, Заңда жеке инвесторлар үшін ірі корпоративтік қарыздарды дербес түрде басқару мүмкіндігі көзделеді.

Кредиттерді сервистік компаниялардың сенімгерлік басқаруына беру мына жағдайларда көзделеді:

  • берешегі 50 млн теңгеден төмен болатын заңды тұлғалардың кішігірім қарыздарын сатып алу;
  • дара кәсіпкерлердің қарыздарын сатып алу;
  • бейрезиденттердің қарыздарын сатып алу.

Қарыз алушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында жеке инвестор мен сервистік компанияларға банктік қарыз және микрокредит шарттары шеңберінде Қазақстан Республикасының заңнамасында кредитордың қарыз алушымен өзара қарым-қатынасына қойылатын барлық талаптар мен шектеулер қолданылады.

Мұндай шектеулерге шартты біржақты өзгертуге; кез келген валюталық баламаға байланыстыра отырып, теңгемен берілген міндеттемелер мен төлемдерді индексациялауға; сондай-ақ айыпақы есептеуге және т. б. тыйым салуды жатқызуға болады.

Осылайша, жеке инвесторлар мен сервистік компаниялар алдында қарыз алушылардың құқықтарын қорғау қамтамасыз етіледі.

Банктерді, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарды және микроқаржы ұйымдарын стрестік активтерді экономикалық айналымға жедел тартуға ынталандыру мақсатында Заңда банктердің және микроқаржы ұйымдарының балансындағы өндіріп алынған мүліктің, яғни проблемалық кредитті өтеу есебіне банктің меншігіне өткен мүлік түріндегі стрестік активтің болуы үшін шекті мерзім (3 жыл) белгіленген.

Тағы бір басым міндет стрестік активтерді сату үшін толыққанды инфрақұрылым құру және стрестік активтерді сатып алу мен сатудың қайталама нарығын қалыптастыру болып табылады.

Бұл үшін Агенттік Ұлттық Банкпен және Қазақстан Республикасының Үкіметімен бірлесіп, Еуропа Қайта Құру және Даму Банкінің техникалық қолдауымен барлық мүдделі инвесторлар мен стрестік активтерді ұстаушылар үшін ашық қолжетімділікті қамтамасыз ететін стрестік активтерді сатып алу және сату жөніндегі бірыңғай платформаны құру бойынша жобаны іске асыруда.

2022 жылдың соңына дейін операциялық модель және оператор ұйымы айқындалатын болады, ол кейіннен электрондық платформаның жұмыс істеуіне техникалық қолдауды жүзеге асырады. Бұдан басқа, электрондық платформаны құру үшін қажетті заңнамалық өзгерістер айқындалады.

Стрестік активтерді сатып алу және сату жөніндегі бірыңғай платформа нарықтың ашықтығын арттыруға, стрестік активтерді сатып алуға мүдделі инвесторлардың базасын кеңейтуге, сондай-ақ стрестік активтерді сатып алу мен сатудың қайталама нарығын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Талқылау