“Қазақстанға сырттан қысым жасалып жатқан жоқ”: Вице-премьер Ақтаудағы ұшақ апатын тергеу барысы туралы айтты
Премьер-министрдің орынбасары, үкіметтік комиссияның жетекшісі Қанат Бозымбаев Ақтау маңындағы ұшақ апатын тергеу мәселесінде Қазақстанға "сырттан қысым жасалып жатыр" деген ақпаратқа түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Issa Tazhenbayev/AFP via Getty Images
Бозымбаевтың айтуынша, Қазақстандық тергеу органдарына қысым көрсетіліп жатқаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды.
"Мен мұның жалған ақпарат екенін бірден айтамын. Бұл апаттың мән-жайын анықтауға ешбір елден ешкім араласуға тырысып жатқан жоқ. Ешқандай қиындық көріп тұрған жоқпыз", – деді Бозымбаев.
Оның айтуынша, Қазақстан ұшақ апатын тергеуге мүдделі барлық елдердің тергеуге қатысуын қамтамасыз етті.
"Бұл ең алдымен үш мемлекет: Әзірбайжан, Ресей және өндіруші ел Бразилия. Олардың барлық өкілдері, барлығы 17 адам қазір жұмыс істеп жатыр. Ешкімге қандай да бір себеппен қысым жасаудың мәні жоқ. Сонымен қатар Қазақстан 1992 жылдан бері Чикаго конвенциясының мүшесі болып табылады. Оған сәйкес авиациялық зерттеулер жүргізу туралы шешімдерді тергеуді жүзеге асыратын мемлекет қабылдайды. Яғни, кімді тарту керек, кіммен жұмыс істеу керек деген секілді кез келген шешімді біз ғана қабылдай аламыз", – деді премьер-министрдің орынбасары.
Еске салсақ, 25 желтоқсанда Әзірбайжан әуе жолдары компаниясына тиесілі Embraer E190AR ұшағы Ақтау қаласындағы әуежай маңында апатқа ұшыраған еді. Бортта 67 адам болған. Оның 38-і қаза тауып, 29 адам аман қалды. Euronews, Reuters сияқты әлемдік басылымдарда Ақтаудағы ұшақ апатына ресейлік зымыран себеп болғаны туралы ақпарат жарияланды. Ақпаратты Әзірбайжан үкіметіндегі дереккөздер растаған.
28 желтоқсанда Владимир Путин Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиевке телефон соғып, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Әзірбайжан әуе жолдарының жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына байланысты кешірім сұрады.