“Қазақстанға 2 млрд доллар бөлген”: Сарапшылар USAID-ке қатысты тәуелсіз тергеу жүргізуді сұрады
USAID-ке қатысты жанжалында екі аптадан бері басылар емес. АҚШ салық төлеушілерінің ақшасы нақты қайда жұмсалғаны қазақстандық сарапшыларды да алаңдатуда. Ресми түрде бұл қаражат дезинформациямен күреске бағытталды деп көрсетілгенімен, сарапшылар бұл қаражаттың елдің ішкі істеріне араласу үшін пайдаланылғанын алға тартады. Олар қаражаттың қалай бөлінгенін және оның мақсатқа сай жұмсалғанын анықтау үшін тәуелсіз тергеу жүргізуді талап етуде. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Астана” арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Дональд Трамп пен АҚШ Үкіметінің тиімділік департаментінің жаңа басшысы Илон Масктың қатты сын-пікірлерінен кейін USAID сайты жабылып, агенттіктің мыңдаған қызметкері демалысқа жіберілмек болды. Трамптың айтуынша, агенттікке қатысты "қаржылық алаяқтыққа нүкте қою керек".
"Илон Маск USAID ішіндегі 20-дан астам алаяқтық әрекетті анықтады. 100 миллион доллар не үшін жұмсалғаны белгісіз. Қаражат мүлде алуға құқығы жоқ топтарға бөлінген. Бұған рұқсат еткендер өздері де осы схемадан үлес алған болуы мүмкін”, – дейді Трамп.
Маск пікірінше бұл қаражат биологиялық қару жасауға жұмсалған.
"USAID сіздердің салықтарыңызды пайдаланып, биологиялық қару зерттеулерін қаржыландырды, оның ішінде COVID-19 да бар. Миллиондаған адам осы вирустың кесірінен қаза тапты”, – дейді Илон Маск.
Айта кету керек, USAID жылдар бойы Қазақстандағы әртүрлі ұйымдарға миллиондаған доллар бөлген. Ресми есептерде бұл қаражат жергілікті басқаруды дамытуға және дезинформациямен күреске бағытталғаны көрсетілген.
Видеодан скрин
Мәселен, британдық журналист Афшин Раттанзи өзінің Twitter парақшасында USAID "демократияны нығайту" және "БАҚ-тың мүмкіндіктерін кеңейту" деген желеумен ақпараттық манипуляцияларды қаржыландырғанын мәлімдеді.
"2014 жылы USAID Украинада мемлекеттік төңкерісті қаржыландырып, Вашингтонға тәуелді қуыршақ режимді орнатты. Бұл әрекет ақыр соңында Украинадағы соғысқа әкелді. USAID БАҚ-ты сатып алып, үгіт-насихат жүргізді, оның басты мақсаты – өз азаматтарына қарсы ақпарат тарату”, – дейді ол.
Кейбір отандық сарапшылар да бұл мәліметтердің шынайылығына күмәнмен қарайды.
"Тәуелсіз БАҚ деп айтамыз. Бірақ олар қалай қаржыландырылды? АҚШ-тың барлау қызметіне бағынатын ұйымнан грант алатын БАҚ-ты тәуелсіз деп қалай атаймыз? Егер сізге ақша төлесе және сіз материал жазсаңыз, бұл – объективті журналистика емес. Қаржылай көмек ешқашан тегін берілмейді", – дейді саясаттанушы Ақбөпе Әбілқасымова.
Ақбопе Абылқасымованың айтуынша, USAID Қазақстандағы жастардың мінез-құлқын зерттеуге тырысқан. Сарапшының пікірінше, бұл зерттеулердің шынайы мақсаты қандай деген сұрақ туындайды.
Америкалық USAID ұйымы жабылса, Қазақстанға әсері қандай – Сарапшы түсіндірді
Айта кету керек, 2023 жылы USAID шамамен 130 елге көмек көрсетті. Олардың қатарында Украина, Сирия, Эфиопия, Иордания, Конго және Сомали бар.
"USAID соңғы 20 жылда Қазақстанға 2 млрд доллар бөлген деген ақпарат бар. Бұл қаражаттың қайда жұмсалғанын және оның елдің ішкі істеріне араласуға бағытталған-бақыланбағанын анықтау үшін тәуелсіз тергеу қажет. Егер дезинформациямен күрес деп көрсетілген қаражат шын мәнінде елдің ішкі саясатына араласу үшін пайдаланылса, бұл – мемлекеттік опасыздық. Ал бұл біздің заңдарымыз бойынша қылмыстық іс”, – дейді Әбілқасымова.
Мысалы, "демократиялық құндылықтарды насихаттаушы" БАҚ ретінде танылған "Азаттық Радиосы" бұған қатысты әлі де ақпарат бермеді. USAID жойыла ма, әлде реформалана ма – уақыт көрсетеді. Бірақ сарапшылар агенттіктің бұрынғыдай жұмыс істей алмайтынына сенімді.
Еске салсақ, мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстанда шетелден қаржыландырылатын тұлғалардың тізілімінің бар екенін еске салды. Агенттік америкалық USAID ұйымы төңірегіндегі дау және оның Қазақстанға ықтимал ықпалы туралы талқылауларға байланысты мәлімдеме жасаған.