Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар бұдан былай қоқыстарын бірнеше бөлікке сұрыптап тастауы тиіс болады

Қазақстандықтар енді үйлерінен шығарылатын қоқыстарын өздері реттейді. Оларды іріктеу талаптары әр өңірде әрқалай. Мәселен, Шығыстағы тұрғындар тастайтын қоқыстарын 4 бөлікке бөліп сұрыптауы тиіс.

Ал елордалықтар үйдегі қалдықтарды сұйық және құрғақтығына байланысты екі түрлі контейнерлерге жеке-жеке салады. Жаңа бастама келер жылы күшіне енеді. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Астанадан 20 шақырым қашықтықта орналасқан бұл полигонға күніне 600 тонна қоқыс жиналады. Алайда, оның тек 10 пайызы ғана қайта өңдеуден өтеді. Салдарынан қаланың көркіне, экологиясына кері әсерін тигізуде. Бұл көрсеткішті жақсарту мақсатында қоқысты xалық енді өздері іріктейді.

Қоқыс мәселесі елімізде соңғы он жылда өзекті мәселеге айналып отыр. Бірақ, бұл бағытта жасалып жатқан жұмыстар әзірге мардымсыз. Мәселен, Елорда іргесіндегі полигонның бір ұяшығы толуға жақын. Биыл екіншісі пайдалануға берілмек. Ал қоқыс болса, жыл өткен сайын артып келеді. Оны игеру мүмкін болмай кеткендіктен, енді бұл жұмыстар тұрғындарға да жүктелмек.

«Энергетика министрлігі мен әкімнің арасында меморандумға қол қойылды, қоқысты бөлек жинау туралы. Құжаттар дайындалып жатыр. Келесі жылы көшеміз. Қоқыстар сұрыпталып, құрғақ және сұйыққа бөлініп, әрқайсысына бөлек контейнерлар қойылады» – дейді қаланы тазартушы мекеменің бас директоры Дуслан Ахметов.

Алайда, заңгер Марат Башимовтың айтуынша, бұл бастамаға халық тұрмақ, биліктің өзі дайын емес. Оған көшпес бұрын, алдымен зауыттар салынуы қажет екендігін айтады.
«Мемлекет халықты дайындау керек, үгіт-насихат жүргізіп. Біздің сана-сезімімізді осындай жоғары деңгейге көтеру керек. Мысалы, Германияның тәжірибесін қарасаң, саған айыппұл салады: 50 еуро, ол 20 мың теңге» – дейді заңгер Марат Башимов.

Бұл пікірді депутаттар да қолдайды. Мәжілісмен Павел Казанцевтің пайымынша, бастапқыда бұл іске мемлекет араласуы тиіс. Егер істі бір жүйеге салып берсе, қалған жұмыстар кәсіпкерлердің еншісінде.

«Бұл бизнестің дамуына мемлекет қаржылық және ұйымдастырушылық жағынан қолдау көрсетуі тиіс. Ең құрығында осындай 3-4 жобаны қолға алса, бизнес одан әрі оны өзі-ақ дөңгелетіп әкетеді» – дейді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Павел Казанцев.

Қоқысты өңдеу ісі дамыған елдерде ертеден-ақ жолға қойылған. Тіпті, көптеген мемлекет үшін қып-қызыл табыс көзі десе де болады. Мәселен, Швецияда қоқыстың тек 1 пайызы ғана полигонға жіберіледі. 99 пайызы қайта өңделеді. Ал біздегі үлес бар болғаны он-ақ пайыз.
Біз қазір қоқыстарды сұрыптайтын зауытқа келіп тұрмыз. Мұнда қаланың әр түпкірінен жиналған қоқыстар мынадай контейнерлер арқылы зауыттың ішіне кіреді. Зауыт жұмысшылары күніне 700 тонна қоқысты сұрыптаудан өткізеді. Мәселен, қара металдарды бір бөлек, шынылар бір бөлек және мынадай қағаз картондары бір бөлек сұрыпталып тасталады.

Мамандардың айтуынша, қоқыстарды азайту ең алдымен – табиғи ресурстарымызды сақтау үшін қажет. Бірақ, қалдықтарға екінші өмір сыйлау үшін олар өзге қоқыстармен араласпауы шарт. Бұл мәселе енді тұрғындардың еншісінде.

Тағы да оқыңыз:

Жерімді тегін берем деген қазақ жігіті оны кімге табыстағанын айтты

Бишімбаевтың әйелі: Күйеуімді он жылға соттайды деп ойлаған жоқпын

Сені қатты жақсы көрдім: Жүкті әйелдің күйеуіне жазған хаты жұртты жылатты

Талқылау