Қазақстандық жігіт Майамиде қалған отандастарына іздеу салып, көмектесуге әзір екенін айтып жатыр
Temir Khan есімді Қазақстан азаматы Майамиде қалған отандастарына іздеу салды. Ол өзімен бірге екі-үш адамды алып кете алатынын айтты.
«Біз бастапқыда Майамиде қалып, нағыз қазақтарша шай ішіп отыра береміз деп ойлағанбыз. Бірақ бұл дауыл соңы қорқынышты болатын сыңайлы. NWS-тен 6 ескерту хабарламасы келді. Біз мұнда қалып бағымызды сынағымыз келмейді. Бірнеше сағаттан соң Жаңа Орлеанға аттанамыз. Өзімізбен бірге 2-3 адамды алып кете аламыз. Балалары бар адамдар болса, хабарлассын. Ас-суымыз, азық-түлігіміз жетеді. Жанармайымыз да толы», – деп жазады Temir Khan.
«Майамиде қалған қазақстандықтар бізбен қайтқысысы келсе, хабарлассын. Жеке өзіме жазбай, пікір қалдырсын. Біз Луизиана штатындағы Жаңа Орлеанға барамыз. Сол жерге жеткізіп тастаймыз. Бірақ ол жақта, өкінішке қарай, баспанаға орналастыра алмаймыз».
«Қайталап айтамын, екі адамды өзімізбен алып кете аламыз. Бірнеше сағаттан соң жол жүреміз. Бәріңе Алла жар болсын. Дауыл соңы жақсылықпен аяқталсын», – деп жазады ол.
Желі қолданушылар арасында Майамиде қалған отандастырымыз пікір қалдырып, өз жағдайларын айтып жатыр.
Бұған дейін Temir Khan желіде Майамиде адамдардың үрейге түскенін, жанармай толтыру үшін сағаттап кезекке тұрғанын, дүкендерде су тапшылығы болғанын жазған. Айтуынша, адамдар дүкеннен азық-түлікті талап алып жатыр. Әдетте 150-200 доллар тұратын ұшақ билетінің бағасы Нью-Йоркке дейін 700 долларға жеткен. Қызметкерлер осы сәтті пайдаланып пайда табуды көздеген секілді.
“Абай болыңыздар. Қаруларыңыз болса, өзіңізбен ала жүріңіздер. Адамдар стансаларда төбелес шығарып жатыр. Бүгін үш жол апатының куәсі болдық”, – деп жазады Temir Khan.
Осыған дейін Майамиде жүрген Нұртас Адамбай дауылдан қалай қашқанын айтқан еді.
“Ал біздің жолымыз болды, кептеліс басталғанға дейін кетіп үлгердік. Менің ФБ-дағы досым Темір Хан сол жақта қалды. Сұрапыл дауылдың өтіп кетуін үйде күтемін деді. Бірақ таңертеңгісін бәрібір қайтатынын айтты. Барлығы оңынан болар деп сенемін”, – деп жазды актер.
Жұлдызды жұп Бүркіт пен Аиша да дауылдан қалай аман қалғандарын айтқан болатын.
Айта кетейік, Майамиге «Ирма» дауылы жылжып келеді. Майами мэрі Фил Левайн қалада эвакуация жариялап, «Ирманы» ядролық дауыл деп атады. Левайн CNN-ге берген сұхбатында қазір батырсынудың уақыты емес, халықты дереу қауіпсіз аймаққа көшіруді бастау керектігін айтты. БАҚ мәліметтерінше, Майами және Форт-Лодердейл қалаларына айтарлықтай қауіп төніп тұр.
Тағы да оқыңыз:
БҰҰ-ның бас хатшысы Мьянма үкіметін зорлық-зомбылықты тоқтатуға шақырды