Эстрада жұлдыздары “Қозы Көрпеш – Баян Сұлу” мерекесіне қатысты ойларымен бөлісті
15 сәуір “Қозы Көрпеш – Баян Сұлу” күні екенін бірі білсе, енді бірі Әулие Валентин мерекесін атап өтуді жөн көреді. Десе де, отандық эстрада жұлдыздары бірауыздан төл мерекемізді құба-құп көретіндіктерін жеткізіп, қазақстандықтарды ғашықтар мерекесімен құттықтады.
Фото: Кирилл Скрыль
Бұл туралы Stan.kz сайты хабарлайды.
Елімізге танымал продюсер Қыдырәлі Болманов өз сөзін халыққа өтініш айтудан бастады. “Жалпы біздің елімізге ұрланып, сұқтанып кіріп жатқан “Валентин күні” деген бірдеңкелер қаптап кетті. Бұдан арылу үшін біз өзіміздің төл мерекемізді насихаттауымыз керек. Ары қарай бір-бірімізді құттықтап, мұны іліп алып кетейік. Әйтпесе ертең бізге оны насихаттайтын ешкім жоқ. Бүгінгідей ғашықтар күнінің болуы шарт әрі ол қазақ жастарына арналған формада болуы тиіс. Яғни этно педагогика деген ғылыммен түйінделуі тиіс. Барлығымыз атсалысайық. Қажет болса, әр қаламызға ғашықтарға арналған ескерткіш орнатайық”, – деп аталған мерекеге көбірек көңіл бөлу керектігін айтып өтті. Мұнымен қатар, қазақстандықтарды шын жүректен құттықтап, махаббаттарының баянды болуын тіледі.
Фото: instagram.com/erke_esmahan/?hl=ru
Түсірілімнен қолы тимей жүрген Ерке Есмахан бүгін “Қозы Көрпеш-Баян Сұлу” мерекесі екенін ұмытқан-ды. Десе де, мұндай мерекемізді құба-құп көретінін айтып, ізгі тілегін білдірді.
“Қазақстанда “Қозы Көрпеш – Баян Сұлу” атты төл ғашықтар мерекесінің бар екеніне шексіз қуаныштымын. Өйткені осындай мерекеміз жоқ болғандықтан, Әулие Валентин күнін тойлауға мәжбүр болдық. Өз басым сезімге адалмын, оны ерекше қастерлеймін. Ешкімнен ешнәрсе күтпеймін, махаббатым жүрегімде. Барлық істі ерекше махаббатпен жасауға тырысамын. Махаббатсыз дүние бос демекші, ғашықтарға айтарым сезімді бағалай біліңіздер. Отбасын құруға асығамыз деп ең тәтті сәттерді жіберіп аламыз. Мұндай қателікке бой алдырмайық. Көктем мезгілі нағыз сезімге ерік беріп, ғашықтардың гүлдей құлпыратын кезі. Адамның барлығы бұл өмірге өз жұбын табу үшін жаратылған. Сондықтан өмірлік серіктеріңізді табуларыңызға жазсын, – дейді әнші Есмахан.
Фото: instagram.com/kentalkz/
Ғашықтар күнінің дәл бүгін аталып өтуін Кентал толықтай қолдайтын көрінеді. Ол Әулие Валентин мерекесіне қарсы екенін жеткізді. “Ғашықтар күнінің бүгін аталып өтілуіне ешқандай да қарсылығым жоқ. Керісінше Әулие Валентин мерекесін атап өтпеуді жөн көремін. Құрметті қазақстандықтар, сіздерді ғашықтар мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Сүйіңіздер, сүйіктілеріңізге адал болыңыздар. Ең бастысы, бәріміз аман болайық”, – деп Кентал сүйген адам ғашығын кез келген жаста жолықтыруы мүмкін екенін айтып өтті.
Фото: instagram.com/orynbassarov_official/
Ал продюсер әрі әнші Ерлан Орынбасаровтың айтуынша, өмірде асыл жардан артық адам жоқ. Өйткені серік те, тірек те болатын ғашығың.
“Көбісі Валентин мерекесін құп көріп жатады. Жастарға айтатыным адасып, басқа жұрт тарихының бетін ашудың еш пайдасы жоқ. Адаспай адал махаббатымызды табайық. Адамның өмірінде қасындағы серігі үлкен рөл атқарады. Ол қолдап, қолпаштап, биік белестерге сүйрейді. Арманыңа қанат бітіріп, алып мақсаттарға жетелейді. Сол себепті өмірлік серіктеріңізді дұрыс адам болуын тілеймін”, – деп Ерлан Орынбасаров аталған мерекеде жыл сайын сүйіктісін қуантуға асығатынын айтты.
Фото: вконтакте
“Мен білсем, ғашықтар күн талғамайды. Олар үшін әр күн мереке болмақ. Олар үшін әр сәт пен тағат бағалы болмақ. Әрине, елімізде осылайша төл мерекелеріміздің қатары толығып жатқанына шексіз қуаныштымын. Ғашықтық – ол мәңгі жүрегіңізде қалып, жадыңызда сақталатын сезім. Жүрегіңе шоқ тастап, талай игі істерге жетелейді. Бағалай білейік, арамызға түсушілерден қорғайық, сүйіктілерімізді әр күн сайын қуантайық. Барлықтарыңызға махаббаттың ақтығын, жүректің пәктігін тілеймін. Кіршіксіз көңілдеріңіз мәңгілік жас болып, маңдайларыңызға жазылған адамды жолықтыру бұйырсын”, – деп әнші әрі кәсіби биші Әйгерім Қалаубаева ғашықтар мерекесін дүркіретіп атап өтпесе де, уақыт талғамай сүйіктісін қуантып отыратынын жеткізді.
Фото: instagram.com/tamara_assar_official/?hl=ru
“Ғашық болу – жүректің жұмағы. Жұмаққа барар жол санада. Әрекет пен үйлесім оның қорегі. Бүгінгі ғашықтар күні құтты болсын!” – деп Тамара Асарова да өзінің ізгі ниетін білдірді.
Естеріңізге сала кетсек, Валентин күнімен құттықтаған Айқынды тыңдармандарының жек көріп кеткені туралы хабарлаған болатынбыз.