Қазақстандық мамандар руға бөлінудің ең пайдалы тұстарын атады
Қазақ халқы құрылғалы бері руға бөлініп келеді. Мұнымен қатар, өзара жеті атаға дейін қыз алуға қатаң тыйым салынады. Осы орайда, ғалымдар мен дәрігерлер руға бөлінудің келешек ұрпақ үшін қандай пайдасы бар екенін талдап берді.
Бұл туралы «Пендеміз ғой» бағдарламасында айтылды.
Гүлім Бекжігітова есімді бойжеткен руға бөлінбейтінін тілге тиек етті. Десе де, тұрмысқа шығар кезде болашақ жарынан ата-тегі туралы міндетті түрде сұрамақ. «Менің руым – найман. Бірақ өзім руға бөлінгенді ұнатпаймын. Меніңше, жеті атаға дейін қыз алысуға болмайды. Сол себепті, тұрмысқа шығарда немесе қыз алар кезде ру керек сияқты. Біз – бір қазақпыз, бір қанбыз. Бастысы соны жадымыздан шығармауымыз керек. Өзім тұрмысқа шығар кезде жігітімнен руы туралы міндетті түрде сұраймын. Жеті атасын білмеген жетесіз демекші, шыққан тегім туралы барлығын білемін. Үйімде қабырғада ілініп тұратын шежірем бар», – дейді ол.
Қазақстандық тарихшы Берік Әбдіғалиұлы руға бөлінудің пайдалы тұстары айтып берді. Мұнымен қатар, жүзге әкімшілік басқаруды реттеу үшін ғана бөлінгендіктерін жеткізді.
«Жалпы қазақ деген ұлттың өзі XVI ғасырда рулардан құралған. Өзінің таңбасын тасқа қашап сала бастаған. Содан бері қазақтың рулардан құрылатыны бәріне аян. Қазақ бірден үш жүзге бөлініп кеткен жоқ. Ол тек кейін пайда болған нәрсе. XVII-XVIII ғасырға қарай қазақтың жері кеңейіп, әкімшілік басқару жүйесін енгізуге тура келді. Яғни Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз дегендер – әкімшілік түсініктер. Олар «БҚО, ОҚО» сынды ұғымдармен тең. Ал шежіре деп отырғанымыз – аңыз. Ол барлығымыздың бір атадан тарағанымызды білдіріп, бөлінбеуге шақыру мақсатында жазылған. Руды сұрау арқылы адам ең бірінші туысын іздейді. Бұдан кейін «туыстық жүйе» деген ұғым бар. Яғни қай адамның кіммен қандай қарым-қатынаста екенін білу. Мысалы, қасымда отырған әйел нағашым болса, оған еркін ашылып сөйлей аламын деген секілді», – дейді тарихшы.
Ал психолог маман өз кезегінде қазақ халқы ертеден ұстанып келе жатқан заңдылықтардың енді ғана ғылымда зерттеліп жатқанын айтты.
«Біздің қазақ өте ақылды, адал ел. Психологиялық тұрғыдан көп жақсылық алуға болады. Неміс психологы Берн Хелгердің әдісі бойынша, отбасын жүйе ретінде қарастыруға болады. Ол жерде «рудың махаббаты», «рудың энергиясы» деген түсініктер бар. Барлығы бір-бірінен келе жатқан ата-бабалары туралы біліп отырады. Осылайша, олардан энергия алады. Осыны мектепке пән ретінде енгізу керек деп ойлаймын. Өйткені біздің өзіміздің жақсы ұсыныстарымыз бен дәстүрлеріміз бар. Психологияда генограмма деген әдіс бар. Осы арқылы адамдар өздерінің қайдан шыққанын анықтайды. Әйел адам өзінің шешесін сыйлаған кезде ғана отбасында береке болады. «Әкеңді сыйла, анаңды сыйла» деп текке айтылмайды», – дейді психолог Гүлнәр Мұсина.
Дәрігер Қасым Шынтас та руға бөлінудің, жеті атаға дейін қыз алыспаудың тек пайдалы тұстарының бар екенін атап өтті. Мұнымен қатар, шетелдік ғалымдардың халқымызға тамсана қарайтынын жеткізді.
«Рудың генетика саласындағы маңызы өте жоғары. Яғни әр руда кездесетін гендік ақаулар отбасында мықты ұрпақтың дүниеге келуіне кедергі жасайды. Туабіткен ақаулар артынша түрлі ауруға шалдықтырады. Өзбекстан сынды мемлекеттердегі отбасылардың 25℅-ы тұқымқуалайтын ауруларға шалдыққан. Өйткені бұл отбасылар бір кездері жеті атаға дейін қыз алысқан. Олар алыс аймақтан қыз алу саясатын енді ғана ұстанып келе жатыр. Германия ғалымдары біздің осылай руға бөлінуімізге тамсана қарайды», – дейді ол.
Жіберіп алмаңыз:
Қазақ қызы өмір бойы түрік азаматына тұрмысқа шығуды армандап келеді
Қазақ жігіті 3 жылдан бері жүрген сүйіктісін жүкті қылып тастап кетті
Қазақстандық әке балаларды психологқа емдетуге қарсы шықты
Семейлік оқушы қыздардың сүйісіп тұрған сәті елді шошытты (видео)