Қазақстандықтарға міндетті медициналық сақтандыру бойынша 52 мыңнан астам жалған қызмет көрсетілген
Елімізде медициналық ұйымдар міндетті сақтандыру бойынша қазақстандықтарға 52 мыңнан астам қызмет көрсеткен. Осылайша 403 миллион теңгені қалталарына басыпты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы медициналық сақтандыру қоры хабарлады. Дерекке сүйенсек, медициналық ұйымдардың өз есебінде 52 мыңнан астам жалған жазба толырғаны анықталып отыр. Бұл істің басым бөлігі Астана қаласына тиесілі. Яғни, елордалық емханалар жоғарыдағы көрсеткіштің 50,9 пайызын, 26 789 жазбаны жалған жолмен жасаған. Мұнан кейін Ақмола және Қызылорда облыстары - 5 774 және 5 076 жалған құжат толтырған.
“Медициналық көмек түрлеріне жіктеп айтсақ, жалған жазбалардың көбі жан басына шаққандағы кешенді нормативтен тыс консультациялық-диагностикалық қызметтерге тиесілі (52 621 немесе 99 пайызы). Қалған 508 жалған жазба мынадай көмек түрлерінде кездеседі: амбулаториялық-емханалық көмек, стационарлық көмек түріндегі мамандандырылған медициналық көмек (тәулік бойғы стационар), стационарды алмастыратын көмек, қалпына келтіру емі және медициналық оңалту”, - делінген қор ақпаратында.
“Құқық бұзған” денсаулық сақтау субъектілеріне қатысты айыппұл салынған.