Тоқаев Қостанай облысында KIA Qazaqstan автомобиль зауытын іске қосты
Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы телекөпір арқылы KIA Qazaqstan автомобиль зауытын ашты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мемлекет басшысы осыдан екі жыл бұрын Қостанайға сапары кезінде KIA Sportage автокөлігінің өндірісі іске қосылғанын еске салды. Бүгін KIA Motors корпорациясымен жасалған келісімге сәйкес зауыт ашылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев KIA Corporation президенті Хо-сунг Сонгқа және компанияға шынайы ризашылығын білдіріп, ауқымды жұмыс атқарылғанын, нәтижесінде өзара тиімді және жемісті байланыс нығая түскенін атап өтті.
“Жалпы, бүгінгі айтулы оқиға Қазақстан мен Корея арасындағы стратегиялық серіктестік пен табысты қарым-қатынастың жарқын көрінісі екені анық. Корея Республикасы – Қазақстанның Азиядағы сенімді әріптесі. Біз ынтымақтастығымызды күшейте түсуге мүдделіміз. Қазір Қазақстанда Кореяның 800-ден астам компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Соның ішінде автокөлік жасау саласын өзара тиімді ықпалдастық көзі деп айтуға толық негіз бар. Бүгін ашылып жатқан бірегей зауыт – соның айқын дәлелі. КІА корпорациясы автомобиль шығаратын әлемдегі 10 ірі компанияның қатарына кіреді. Сондай-ақ КІА – Қазақстан азаматтары ең көп сатып алатын үш көлік маркасының бірі. KIA брендінің атауы "көтеріліп келе жатқан" және "Азия" деген екі иероглифтен құралуының символдық мәні бар. Шын мәнінде, компания Азияның жаңа экономикалық өрлеуі мен гүлденуінің жарқын көрінісіне айналды. KIA – келешектің корпорациясы. Кәсіпорын шығаратын автокөліктерде озық технология, тартымды дизайн және жоғары деңгейдегі сенімділік үйлесім тапқан”, – деді Президент.
Президент мемлекеттің машина жасау саласына баса мән беретінін жеткізді.
“Былтыр осы салаға 290 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда екі жарым есе көп. Осы үрдіс биыл да жалғасуда. Жыл басынан бері осы салаға 178 миллиард теңге қаражат салынды. Инвесторлар Қазақстанға зор қызығушылық танытып отыр. Ауқымды шаралардың нәтижесінде бұл бағытта бірқатар табысқа қол жеткіздік. Өткен жылы елімізде 145 мыңнан астам көлік шығарылды. Астана, Алматы, Семей, Орал, Көкшетау, Қостанай және Саран қалаларында автокөлік өндірісіне қатысты кәсіпорындар жұмыс істеп тұр. Он мыңнан астам азаматымыз осы салада еңбек етеді. Оның жартысына жуығы – жастар. Ал Қостанайдағы зауытта бір жарым мың адам жұмыс істейтін болады. Жұмысшылар жаңа дағдыларды игеріп, білікті маман ретінде қалыптасады. Алдағы уақытта кәсіпорын инженерлердің нағыз шеберханасы болады деп сенемін”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жақында азаматтарға автокөлікті лизингпен алу мүмкіндігі ұсынылатынын айтты.
“Соның арқасында автокөліктер халыққа мейлінше қолжетімді бола түспек. Елімізде KIA Qazaqstan зауытының іске қосылуы осы саланы технологиялық тұрғыдан жаңғыртуға зор серпін берері сөзсіз. Кәсіпорын болашақта басқа да жаңа көлік түрлерін шығарады деп сенемін. Осылайша, әлемдік озық талаптарға сай көліктерімізді сыртқы нарыққа, яғни шетелге шығаруға мүмкіндік болмақ. Қазақстан жаһандық автокөлік өнеркәсібінің дамуына бар күш-жігерін салуға дайын”, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев KIA Corporation президенті Хо-сунг Сонгты ІІ дәрежелі "Достық" орденімен марапаттады.
“Біз Сіздің қазақ-корей ынтымақтастығының дамуына, қос халықтың арасындағы достықтың нығаюына қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймыз. Шын мәнінде, еліміздің автокөлік саласын дамытуға сіңірген еңбегіңіз мол”, – деді Президент.
KIA Qazaqstan зауытын салу туралы шешім 2023 жылы қабылданды. Кәсіпорын Қостанай қаласының индустриялық аймағындағы 62,95 гектар аумақта орналасқан. Зауыт жылына 70 мың көлік өндіре алады. Инвестиция көлемі – 131,5 миллиард теңге. Кәсіпорында 1500 жұмыс орны ашылған. Ал оның өнімі Қазақстанға, Орталық Азия және ЕАЭО елдерінің нарықтарына шығарылады.

Қазақстандық көпбалалы ана "Асар Уме" қайырымдылық қорын апатты үй берді деп айыптады
