Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтардың несиелері қандай тәртіппен кешіріледі: Әбілқасымова ережелерді түсіндірді

Фото: Stan.kz

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова алаяқтардың әрекетінен зардап шеккен қазақстандықтардың несиелері қандай тәртіппен кешірілетінін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мәжіліс депутаты Николай Арсютин азаматтардың атына олардың келісімінсіз несие рәсімдеу жағдайлары жаппай сипат ала бастағанын еске салды. Ол клиентті сәйкестендіру кезінде банктердің қателіктерінен туындаған жағдайларда банктерге ортақ жауапкершілік енгізуді ұсынды.

Оған жауап ретінде Мадина Әбілқасымова мұндай жағдайларда сотқа жүгінбей-ақ қарызды есептен шығару тәртібі қарастырылғанын айтты.

"Егер несие азаматтың келісімінсіз рәсімделсе және ол биометриядан өтпесе, онда берешек сотқа дейінгі тәртіппен есептен шығарылады. Ол үшін азамат құқық қорғау органдарына өтініш беруі керек. Тергеу органдары несиенің алаяқтық жолмен рәсімделгенін растайтын қаулы шығарады. Сол қаулы негізінде несие кешіріледі", – деп түсіндірді ол.

Деректер бойынша соңғы екі жылда банктер 1 400 қарыз алушының 1 500 несиесін жалпы сомасы 1,9 миллиард теңгеге есептен шығарған. Бұл жағдайлардың барлығы азаматтардың өтініштері мен құқық қорғау органдарының қаулылары негізінде сотсыз реттелген.

Алайда Әбілқасымованың айтуынша, кей жағдайларда биометрия рәсімінен өту фактісі тіркелгенімен, деректер жалған болуы мүмкін. Мұндай жағдайда алаяқтықты дәлелдеу тек сот арқылы жүзеге асады. Сот тәртібімен берешекті кешіру негіздері кеңейтілген. Агенттік басшысы атап өтті. Егер несие азаматтың қатысуынсыз рәсімделсе, ол міндетті түрде сотқа дейінгі тәртіппен есептен шығарылады. Мұндай жағдайларға арналған іс-қимыл алгоритмі ішкі істер министрлігімен бірлесіп бекітілген.


Енді eGov қазақстандықтардың үйі мен жері туралы ақпаратты салық органына беріп отырады


Ипотека бойынша сыйақы мөлшерлемесі 2026 жылдың шілдесіне дейін 25% деңгейінде қалады


Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында заңгер "толығымен кешіріледі" деп адамдарға несие алғызғанын жазған едік. 184 адам зардап шегіп, 100 млн теңгеден аса шығын келтірілген. Сөйтіп азаматша Натальяға қатысты резонансты қылмыстық іс тергелді. Ол несиелерді есептен шығару сылтауымен ауқымды алаяқтық схемасын ұйымдастырған. 

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 05 Қараша, 2025 14:26
Талқылау